“Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!”: Білім ордасына сыйлық сертификаты

Биылғы ұстаздар күні қарсаңында жылдағы әдетіммен Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма ауылында орналасқан елімізге белгілі сатирик, арқалы ақын Сақтапберген Әлжіков атындағы №144 орта мектебіне барып, өзім оқыған бірегей білім ордасының тыныс-тіршілігіне куә болдым.  

Мектеп директоры Жұмагүл Әбдіманапқызымен әңгімелесу барысында жаңа оқу жылында қолға алынған игі істердің барысын бағамдап, сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында қажырлы қызмет атқарып жүрген майталман пән мұғалімдері мен озық ойлы талапты жастардың жемісті жетістіктерімен жете таныстым. Жүздесу барысында ұйымшыл ұстаздар ұжымының жетекшісіне

«Білімді ел – Образованная страна» республикалық білімділік қоғамдық-саяси газетінің “Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!” әлеуметтік жобасын қолдау мақсатында алдағы 2023 жылға арналған бір жылдық жазылымының сыйлық сертификатын табыстадым. Бұл игі дәстүрді жалғастырып келе жатқаныма биыл төртінші жыл. Неліктен “Білімді ел – Образованная страна” апталығы?

Себебі отандық педагогика саласының кәсіби мамандарына арналған бұл бірегей басылым шынайылығы мен сапасы жағынан алдыңғы шепте тұрған бірегей баспа құралы. Ұстаздар қауымы қазіргі ақпарат майданында кез-келген жаңалыққа сене бермей, шынайы көздерден мәлімет алсын деген ойым болды. “Білімді ел – Образованная страна” газеті ақпараттық және ғылыми мақалаларды сапалы жариялайтын аса қажетті бұқаралық ақпарат құралдарының бірі саналады.

“Оқуға құштар мектеп” акциясы аясында ата-аналар мен ауыл тұрғындары, мектеп ұстаздары балаларға арналған жаңа туындыларды сыйға тартқан екен. Менің де осындай республикалық деңгейдегі халық қолдауындағы игі акцияның шеңберінде сұраныстағы рухани сыйлық жасағаныма қуанып қайттым. Сонымен қатар «Мектепке кітап сыйла» акциясына үлес қосу мақсатында тағы да бір келіп, әдеби және ғылыми негіздегі жаңа туындыларды тарту ету үшін уәде бердім. Ең қымбат құндылық білім болса, сол білімді іздейтін алтын қазына ол – кітап! Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті ұстаздар!

Бауыржан Қыдырбайұлы ДІЛМАНОВ,
Педагогикалық шеберлік орталығының
Қызылорда қалалық филиалының тренері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий