Amanzholov universityде “DIGITAL SOCIAL RESEARCH” зертханасы ашылды
Amanzholov University-де Қазақстанның демографиялық ғылымының негізін қалаушы Николай Владимирович Алексеенконың құрметіне арналған «DIGITAL SOCIAL RESEARCH» зертханасының ашылуы өтті, – деп хабарлайды Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ баспасөз қызметі.

Салтанатты ашылу рәсімінде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті басқарма төрағасы-ректор Мұхтар Төлеген мен Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ ардагері Иван Полторанин құттықтау сөз сөйледі. Жаңа зертханада студенттер IT-технологияларды гуманитарлық және әлеуметтік зерттеулерге енгізуге қатысты пәндерді оқитын болады. «Алтайтану» ҒЗО жетекшісі Жанна Аубакированың айтуынша, зертхананы ашу идеясы демографияны нақты ғылыми зерттеу кезінде туды.
– Біздің бастамамыз «DIGITAL SOCIAL RESEARCH» алғашқы сандық оқу зертханасының ашылуына ықпал етті. Ғылыми зерттеулер кезінде осы ой пайда болды. Ал, оны жүзеге асыруға Білім және ғылым министрлігінің ғылым Комитетінің гранттық қаржыландыруы көмектесті. Студенттердің ғылыми зерттеулері үшін ең озық жабдықтар алынды. Зертхананы ашу арқасында біз ұрпақтар сабақтастығын нығайтамыз, өйткені бұл орын Қазақстанның тарихи демографиясының негізін қалаушы, елдің шығысындағы демография мәселесін тұңғыш зерттеуші, менің ғылыми жетекшім Николай Владимирович Алексеенкоға арналған. Ғылыми дәстүр мен біздің демографиямыздың болашағы байланысты, – дейді «Алтайтану» ҒЗО жетекшісі Жанна Аубакирова.

«DIGITAL SOCIAL RESEARCH» зертханасының ашылу салтанатына Ресей Федерациясынан келген ғалымдар қатысты. – Бірінші рет Өскеменде 2001 жылы «Қазақстандағы және іргелес аумақтардағы этнодемографиялық процесстер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда болдым. Ол уақытта шараға Николай Владимировичтің өзі қатысқан еді. Сол жылы маған мүше болу бақыты бұйырған халықаралық демография мектебі құрылды. Николай Владимирович те бізбен тәжірибе бөлісіп, жақынырақ таныса алдық.
Бүгінгі күнге дейін оның ұлы – Александр Николаевич Алексеенкомен бірге жұмыс істеп келемін. Жақсы серіктестік орнады деуге болады. Жаңа зертхананың ашылуы әріптестігімізге тың серпін береді деген сенімдемін, – деді Иркутск мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық қызмет жөніндегі проректоры Константин Григоричев. Зертхананы ашу салтанатына Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ түлегі, Алтай мемлекеттік университетінің шығыстану кафедрасының меңгерушісі – Юлия Лысенко да қатысты. Оның айтуынша, Николай Владимирович Алексеенко кәсіби мансабында ерекше орын алады.

– Қазақстан демографиялық ғылымының негізін қалаушы болған ол, біз үшін, жас зерттеушілерге керемет әсер ететін. Ғылыми айналымға енгізген деректері, әдістемелік жұмыстары – мендей зерттеушілердің негізге алып жасаған еңбектерінің бастауы еді. Менің докторлық диссертациямның жазылуына Николай Владимировичтің зерттеулерінің мол септігі тиді. Алтай мемлекеттік университетінің атынан үлкен делегация болып келдік. Әлеуметтік зерттеулер үшін жасақталған сандық зертхананың таныстырылу рәсіміне қатысу біз үшін мәртебе.
Әріптестерімізбен бірлесе жұмыс істеу және ынтымақтастық жайын талқыладық. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті гуманитарлық салалар бойынша ғылыми білімнің алдыңғы қатарында тұрғаны қуантады. Әрі бұндай пәнаралық зертхана демография саласының ілгерілеуіне жол ашады. «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығымен әріптестікті кеңейтуге қызығушылық танытудамыз. Осы тұста зертхана жаңа мүмкіндіктер береді. Ғылыми зерттеулердің болашағы – пәнаралық байланыста, – деп тоқталды Юлия Александровна.

Соңында «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері цифрлық өнімдерін таныстырды: сайт https://demography-kz.shinyapps.io/demography_ru/, Қазақстанның интерактивті демографиялық картасы http://statdata.info/index.php/%D0%97%D0%B0%D0%B3%D0%BB%D0%B0%D0%B2%D0%BD%D0%B0%D1%8F_%D1%81%D1%82%D1%80%D0%B0%D0%BD%D0%B8%D1%86%D0%B0 және демографиялық деректер базасы https://public.tableau.com/app/profile/antonivlev/viz/_16552741694940/2009_1.
