“Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!”: Бірегей басылым ұлағатты ұстазыма
Қазан айының алғашқы аптасында айрықша аталып өтілген Ұстаздар күнімен еліміздің барша педагогтер қауымын шын жүректен мерекемен құттықтаймын! Осы кәсіби төл мереке қарсаңында облыстық білім басқармасының басшысы Динара Жұмашеваның қолдауымен «Білімді ел – Образованная страна» республикалық газетінің «Ұлағатты ұстазыма, ыстық ықыласпен!» әлеуметтік жобасының негізінде осы апталық басылымның бір жылдық жазылымын рухани сыйлық ретінде ұсыну бастамасы қолға алынған еді.
Құттықтау челленджіне жедел үн қосқан облыстағы әріптестерім алтын ұя мектептері мен білім нәрімен сусындатып, саналы тәрбие берген ұстаздарына ізгі ниетерін білдіруде. Осы орай да мен де қолыма қалам ұстатыпғ әріп танытқан бастауыш сынып мұғалімдерінен бастап барлық ұлағатты ұстаздарыма және қара шаңырақтай білім ордасына ерекше алғыс айтамын. Мен осы ауданның Ақшұқыр ауылындағы бұрынғы Ералиев (казіргі жазушы, журналист, публицист Маршал Әміржанұлы Әбдіхалықов атындағы) орта мектебінде оқыдым.
Осы мектеп қабырғасында сынып жетекшім болған Есенкөбекова Гүлсағия апайымнан білім алғанымды зор мақтанышпен айта аламын. Физика пәнінің қыр-сырын үйретіп қана қоймай, өмір атты мектептің алтын кілтін қолымызға ұстата білді. Адамгершілік, ізгілік, әділеттілік сынды жақсы қасиеттерді бойымызға сіңірген болатын. Менің болашағымнан зор үміт күтіп, әрдайым қолдау көрсеткені үшін ардақты ұстазыма ризашылығым шексіз!
Еңбек жолымда маған жол көрсетіп, тағылымды тәлімгерлігімен жанашырлық танытқан Каламкас Изтлеуова, Каламкас Калиева, Гулзипаш Айкешова, Байбекова Жаңылхан, Жамал Турланова, Шынаргуль Саркитова апайларымның қажырлы қызметі мен бөлек болмысын бүгінгі таңда өз шәкірттеріме ұдайы үлгі тұтамын. Гүлсағия апайдан білім алған ұстаз сыныптастарым Алмагул Озганбаева, Умит Бисенова, Сембаева Гуля, Сатжанова Түйменің өскелең ұрпақты бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптастырудағы елеулі еңбектері жетістіктерге жету жолында тың серпін берсін. Сөзімнің соңында ұлағатты ұстазым Есенкөбекова Гүлсағия апайға «Білімді ел – Образованная страна» республикалық газетінің 2023 жылға арналған бір жылдық жазылымын сыйға тартқанымды қуана хабарлаймын.
Баян Мағзамбайқызы САТОВА,
Түпқараған ауданындағы психологиялық
педагогикалык түзеу кабинеті меңгерушісінің
міндетін атқарушы, Маңғыстау облысы