ТМД педагогтерінің VII съезі: Білім саласындағы ынтымақтастықтың маңызды мәселелері талқыланды

Астана қаласында өткен аптаның ортасында, яғни қазанның 4-6 күндері аралығында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердегі педагогтердің кезекті VII съезі «Жаңа нақты жағдайда Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құру және пандемиядан кейінгі кезеңдегі білім беру үдерісінің трансформациясы» тақырыбында «Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастығының мемлекетаралық қоры қолдауымен» ұйымдастырылған болатын.

ТМД білім министрлері конференциясының шешімімен екі жылда бір рет өткізілетін мұғалімдер мен басқа да білім беру қызметкерлерінің халықаралық басқосуы осыдан он екі жыл бұрын 2010 жылы біздің елімізде ұйымдастырылған еді. Қазіргі уақытта әртүрлі елдер мұғалімдерінің ортақтастығы мен бірлігі – білім беру саласында мемлекеттер арасындағы тұрақтылық пен ынтымақтастықты нығайтудың кепілі. ТМД елдерінің білім беру саласындағы ынтымақтастық кеңесі кезекті жүздесуді Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылдап, ортақ мақсаттарға сәйкес бірлесе мақұлданған әртүрлі бағыт бойынша барлығы тоғыз тақырыптық секция (білім беру мазмұны, бағалау, жалпыадамзаттық құндылықтар, мұғалімдерді дамыту, қосымша білім беру, цифрлық трансформация, балалардың әл-ауқаты, инклюзивтілік және кәсіптік-техникалық білім) аясында ой-пікір алмасып, жаңа замандағы оқу сауаттылығы мен ата-аналармен өзара әрекеттесу мәселелерін талқылау ұйғарылған.

Алғашқы күні ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің төрағалығымен Білім беру саласындағы кеңеске Беларусь, Тәжікстан, Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Армения елдерінің өкілдері қатысып, ТМД құрамындағы мемлекеттердің базалық ұйымдары қызметін дамыту, білім сапасын қамтамасыз ету, білікті мамандарды даярлау, ұлттық аттестация жүйелерін дамыту мәселелерін қарады және білім саласы қызметкерлерін «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапаттау туралы шешім қабылдады.

– Жүздесудің бірінші күнінде күн тәртібіндегі біраз мәселелер талқыланды. Съездің аясында ТМД-ға мүше мемлекеттер мұғалімдері мен білім беру саласы қызметкерлерінің VII съезі шеңберінде қатысушы елдердегі үздік педагогтердің шеберлік сабақтары мен тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылуы жоспарланған. Съезде ТМД елдеріндегі білім саласының даму болашағын, қандай өзгерістер мен жаңалықтар енгізіліп жатқанын зерделейміз және арнайы қарар қабылданады. Съезді тәжірибе алмасу алаңы ретінде қарастыру керек. Әріптестерімізбен білім саласындағы ынтымақтастықты одан әрі қалай дамытатынымызды талқылаймыз, – деді еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берген еліміздегі бейіндік ведомстваның жетекшісі Асхат Қанатұлы.

Қазақстандық барлық аймағынан арнайы делегация қатысқан келесі күнгі алқалы басқосудың барысында ең алдымен сөз сөйлеген ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов пандемиядан кейінгі кезеңде білім беру саласында цифрландыру жүйесі күшейгенін айтып, енді технология мен әлемге дәстүрлі көзқараспен қарайтын мұғалім арасындағы теңгерімді табу маңызды екендігін айрықша атап айтты.

– Бұл съезд халықаралық мұғалімдер күніне орай өтуде. Сондықтан осы залда жиналған барлық әріптесімді, ұстаздарды төл мерекемізбен шын жүректен құттықтаймын. Осы Тәуелсіз мемлекеттер Достастығына мүше елдер педагогтерінің съезі елордамызда екінші рет өтіп отыр. Осыдан 12 жыл бұрын астанамызда бірінші съезі өткен болатын. Бүгінгі съезде өте маңызды тақырыптарға талқыға саламыз. Съезд тақырыбы өте маңызды. Ол «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі білім беру үдерісінің трансформациясы» деп бекітілген болатын.

Мұғалімнің баға жетпес рөлі тап осы пандемия кезінде ерекше айқындалды және еселене түсуде. Сондықтан бүгін осы маңызды тақырыпты жан-жақты талқылаймыз. Соңғы жылдары білім беру саласы айтарлықтай өзгеріске ұшырап, күтпеген жағдайға тап болды: пандемия және технологияның жылдам дамуы. Бұл біздің елімізде де, бүкіл әлемде де білім беруді дамытудың жаңа бағытын белгіледі. Мұғалімдерге цифрлық білім беру технологиялары енді олардың бәсекелестері емес, одақтастары екенін түсіну маңызды.

Білім саласын цифрландыруға үлкен көңіл бөліп жатырмыз және бізде ҰБДҚ жүйесі бар, оны реформалаймыз. Цифрлық із қалдыру өте маңызды, талдау қажет және ол әрбір мұғалім мен ата-анаға, оқушыға қолжетімді болуы үшін қажет. Білім беру платформалары, онлайн сабақтар көптеген мұғалімнің тәжірибесіне енді. «Үздіксіз біліктілікті арттыру қағидаты енгізіліп жатыр. Біз мұғалімдерге тегін курстар өткізуді жалғастырып келеміз. Сондай-ақ бес жылда бір рет емес, үш жылда бір рет өткізіледі, жалпы алғанда бұл жұмысты жүйелі түрде жалғастырамыз, – деді сала басшысы.

Министр өзгеріссіз қалған бір нәрсе барын айтты. Ол педагог пен ұстаздың жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі. Ұстаз ағартушылық міндетін атқарады және қоғамда ерекше құрметке ие. Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұстаз мәртебесін арттыру бағытында кешенді жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауының арқасында алғаш рет мұғалімдердің еңбек жағдайын жақсартуға мүмкіндік берген «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданды.

Бұл қазақстандық мұғалімдерге жалақысын көтеріп, оларды қызметіне жатпайтын функциялардан, шамадан тыс есеп беруден босатуға мүмкіндік берді. Мұғалімдер күніне кемінде екі құжатты, яғни жоспар мен электронды журналды толтыруы тиіс екені заңмен бекітілді. Жаңа қосымша ақылар, тәлімгерлік, оқытушылық шеберлік, магистратура үшін үстемеақылар енгізілді. Сыныпты басқаруға арналған дәптерлерді тексеруге төленетін қосымша төлемдер де ұлғайтылды.

Съезд қатысушыларына құттықтау лебізін жеткізген ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек халықаралық қауымдастық құрамындағы дамыған мемлекеттер ғылымның көкжиегін кеңейту арқылы жаңа технологиялардың ілгері дамуына ерекше басымдық бере бастағанын еске салып, осы орайда Мемлекет басшысының қолдауымен қазақстандық ғылым және жоғары білімнің әлеуетін арттырумен қатар отандық ғалымдардың мәртебесін арттыру мақсатында арнайы ведомста құрылғанын жеткізді.

Және шет елдік қонақтарға мемлекеттің қаржылық қолдауының негізінде жедел түрде қолға алына бастаған жобаларға қысқаша шолу жасап, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аясындағы елдердің бейіндік министрліктері үшін білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты арттыру бағытындағы ортақ мақсатта бірлесе атқарылатын шаралар шеңберіндегі ұтымды ұсыныстары барын баяндады. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқару комитетінің төрағасы – жауапты хатшысы Сергей Лебедев съездің Қазақстанда өтуінің маңыздылығы мен жоғары деңгейін атап өтті.

– Съезд ұстаздар қауымының өміріндегі айтулы оқиға ғана емес, ТМД-ның айрықша белгісі болды. Астанада ұйымдастырылған 7-ші съезд ТМД елдерінің ғылыми және білім беру саласындағы элитасының басын қосты, олар бірлескен қызмет нәтижелерін ұжымдық түрде бағалайды және пандемиядан кейінгі кезеңде ТМД-ның ортақ білім кеңістігін дамытудың ықтимал траекторияларын анықтайды. Пікірталастардың мазмұны, конструктивті сипаты білім беру саласындағы бірқатар бағытты жетілдіру бойынша елеулі ұсыныстар әзірлеуге негіз болады деп ойлаймыз, – деді Сергей Николаевич.

Беларус мемлекетіндегі Білім министрінің бірінші орынбасары Ирина Старовойтова дүниежүзін дүрліктірген пандемия кезінде мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындары мен коллелдж студенттеріне онлайн оқыту үшін қатаң шектеу қойылмаса да коранавирус індетін жұқтырмаудың түрлі сақтық шаралары жасалғанын жеткізіп, сала бойынша атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар мен соны жаңалықтарға қысқаша шолу жасады.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарының Басқарма Төрайымы Күләш Шәмшидинова барша әріптестерін мұғалімдердің халықаралық күнімен шын жүректен құттықтап, заманауи ұстаз бен жайлы мектеп және бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиесі бағытындағындағы пайымын білдірді. Сонымен бірге съезде мектепке дейінгі және орта білім беру, сондай-ақ оқу-әдістемелік кешен саласындағы цифрлық және баспа өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылады.

Қазақстандық кәсіпкерлер мен стартаптар оқу орындарында сабақ беру мен оқуды тиімді ұйымдастыратын ІТ-жобаларын таныстырады. Съезд аясында екінші Педагогикалық шеберлік фестивалінің қорытынды кезеңі өтіп, байқаудың финалистері, яғни ТМД елдерінің мұғалімдері сайыс сабақтарын көрсету үшін Қазақстанға арнайы келді. Мұғалімдерге арналған шеберлік сабақтары үш аталым бойынша (мұғалім, тәрбиеші және психолог/әлеуметтік педагог) ұйымдастырылды.

Халықаралық педагогикалық шеберлік фестивалі – бұл ТМД құрамындағы алты елідің (Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей) өкілдері оқытуды дамытудың авторлық тәжірибесімен бөлісетін, сол арқылы ТМД аумағында бірыңғай білім беру кеңістігін құруға үлес қосатын сараптамалық алаң саналады.

– ҚР Оқу-ағарту министрлігі фестивальді осымен екінші рет қатарынан ұйымдастырып отыр. Сырттай өткен кезеңнің қорытындысы ұйымдастыру комитеті мен қазылар алқасының бірлескен отырысында белгілі болды. Жиналғандар ең мықты елу үміткердің арасынан іріктеліп алынған үздік 35 мұғалімнің шеберлік сабақтарыа қатысты. ТМД-ға мүше елдердің білім және ғылым министрліктерінің ұсыныстары негізінде ғылыми зерттеулер бағдарламаларының жобаларын әзірлеу, ТМД-ға мүше мемлекеттердің ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларын аттестаттаудың ұлттық жүйелерін дамыту жөніндегі жұмыс тобы құрылды.

Сондай-ақ ТМД-ға мүше елдердің ғылыми дәрежелері туралы құжаттарды өзара тану туралы келісім жасалды, – деді журналистермен әңгімесінде Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мәдина Тыныбаева. Фестивальдің бірінші кезеңі биылғы маусым айының ортасында онлайн-режимінде ұйымдастырылғанын білдік. Қазылар алқасы үш аталым «Мұғалім», «Тәрбиеші», «Психолог/әлеуметтік педагог» бойынша үздік авторлық жұмыстарды таңдаған болатын.

Финалға отыздан аса педагог қатысса, олардың тоғызы отандық мұғалімдер еді. Алқалы басқосудың соңында үздік ұстаздарға «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының білім беру ісінің үздігі» төсбелгілері табысталып, марапаттар иелеріне құрмет көрсетілді. Диалог пен өзара іс-әрекеттестік, дәл осындай тәсілмен ынтымақтас елдердің білім саласындағы педагогтері мен сарапшылары мұғалімдердің кәсіби дамуының жаңа форматын қалыптастыратын болады.

Бұл ТМД-ға мүше мемлекеттерінен кезекті съезіне арнайы келген қонақтар мен сарапшылардың халықаралық деңгейдегі осы жүздесуді сәтті ұйымдастырған еліміздің салалық құрылымдарына берген шынайы бағасы деуге болады.
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ
Загрузка...