Заманауи мектеп білім берудің цифрлық трансформация жағдайында
Қазан айының 4-6 күндері аралығында елордасында «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрамындағы елдердің гуманитарлық ынтымақтастығының мемлекетаралық қорының» қолдауымен ТМД-ға мүше мемлекеттердегі педагогтердің кезекті VII съезі «Жаңа нақты жағдайда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру және пандемиядан кейінгі кезеңдегі білім беру үдерісінің трансформациясы» атауымен ұйымдастырылғаны белгілі.

Осы халықаралық басқосуға шет елдерден шақырылған салалық министрліктің басшылары мен ресми өкілдерге қоса сарапшылар және әр облыстан келген отандық саланың үздік ұстаздары, қазақстандық қоғам мен шет мемлекеттердегі әріптестеріне танымал тұлғалар түрлі тақырыптағы арнайы секцияларға қатысулары барысында қазіргі кезде күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелерді талқыға салған болатын. Сол шағын құрамда бас қосқан бір топ кәсіби мамандар «Білім берудің цифрлық трансформациясы: қазіргі мектептің профилі» тақырыбын зерделеу мақсатында ұсыныс ойларын ортаға салып, пікір алмасты.
Алғашқы кезекте сөз алған қырғыз елінен келген арнайы делегацияның жетекшісі — Қырғыз Республикасындағы Білім беру және ғылым министрлігінің халықаралық ынтымақтастық және серіктестермен өзара іс-қимыл бөлімінің бас маманы Кожоев Эрлан бүкіл әлемді бір тарының қауызына сыйдырған пандемия кезінде індет жұқтырғандармен алғаш бетпе-бет келген санитар-эпидемиолог дәрігерлерден кейін мыңдаған оқушысы бар мектептерде сабақ өтуге шектеу қойылған соң жас ұрпаққа мемлекеттік бағдарламаға сай жедел түрде онлайн білім беру айыр қалпақты ағайындардың арасындағы педагог мамандарға да оңай сынақ болмағанын айрықша атап айтты.
Жұқпалы індеттің сақтық шараларына еріксіз бағынуға бойұсынған қаншама адамның үйлерінен шыға алмауы себепті интернет желісін пайдаланушылар санының күрт артуына орай алыстағы ауылдарды былай қойғанда аудан мен облыс орталықтарында бұрыннан бар байланыс нүктелері жиі істен шыққанын білдік. Десек-те уақыт өте келе құзырлы орындар мемлекеттің қолдауы мен көмегінің нәтижесінде бұл тығырықтан шығудың жолын тапқан.
– Коронавирус індеті қайсы бір мемлекеттің болмасын цифрлық жүйеге көшуге бағытталған мақсаттарын барынша жылдамдатып, онлайн оқу тұжырымдасына түрлі өзгерістер енгізгені даусыз. Жаһандық даму үдерісіндегі басқа да жаңалықтар білім мен ғылым саласындағы трансформацияның сапалық тұрғыдан тереңдеуіне негіз қалайтыны хақ, – деді Эрлан Саматович. Ол халықаралық деңгейдегі съездің ашылу салтанатында бейіндік ведомства басшылығы атынан жолданған құттықтау лебізді жиналған жұртшылыққа жеткізіп, мемлекет тарапынан білім мен ғылымды заман талабына сай ілгері дамытуға бағытталған шаралар жөнінде сөз сөйлеген болатын.
Ресей Федерациясының Тұңғыш Пезиденті Борис Николаевич Ельцин атындағы Қырғыз-Ресей Славян Университеті жоғары кәсіптік білім беру жүйесіндегі мемлекеттік емес білім беру мекемесінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Лелевкин Валерий адамзат дамуының жаңа сатысындағы интернеттің игілігіне тоқталып, өскелең ұрпақтың сапалы білімі мен саналы тәрбиесі жолында кедергі келтіретін көптеген кемшілігі барын да ұмытпау қажеттілігін еске салды.
– Өткір пышақты дұрыс ұстамасаң, қолыңды кесетіндігін бәріміз беске білеміз. Сондықтан интернет арқылы түрлі әлеуметтік желіге күні-түні үңілген кейінгі буын өкілдері, пән оқулықтары арқылы сабағына дайындалуды мүлдем ұмытып бара жатқандығын айтпағанда адамгершілікке жат қылықтарының соңы қылмыстық әрекеттерге ұласуда. Осы орайда цифрлық трансформациядағы (немесе цифрлық мектепке көшу) білім беру процесінің негізгі компоненттерін жүйелі және синергетикалық жаңартуды ең алдымен сапалы білім мен саналы тәрбие беру бағытындағы басты міндеттерімізге сай жасау үшін жұмылуымыз қажет, – деді Валерий Михайлович.
“WikiBilim” қоғамдық қоры мен Bilim Media Group басшысы, қоғам қайраткері, уикипедияшы, кәсіпкер Рауан Кенжеханұлы бұрын алған білімнің қазіргі кезде тез ескіріп қалатындығына тоқталып, кәсіби біліктілікті заман талабына сай ұдайы арттыру қажеттілігі туындауы себепті осы саланы цифрлық жүйе бойынша сапалы дамытуға сұраныс күн сайын жоғарылай бастағандығын жеткізді.
– Біздің компанияның тарихы 2011 жылдан басталады. Қолға алған алғашқы жобамыз imektep.kz бастауыш мектеп бағдарламасына негізделген онлайн білім беру платформасы болатын. Кейін itest.kz ұлттық бірыңғай тестіне дайындалуға арналған онлайн платформасы мен bilimland.kz аталатын интерактивті сабақтардан тұратын білім беру платформасын іске қостық. Ұжымның негізгі құрамы “Болашақ” халықаралық бағдарламасының түлектерінен құралған.
Онлайн мектеп — еліміздің барлық нүктелерінен оқушыларды қашықтан оқытудың онлайн платформасы болып табылады. 2020 жылы Орталық онлайн-оқыту саласындағы инновациялық компания Bilim Media Group-пен бірлесіп Online mektep цифрлық білім беру платформасын әзірлеп, іске қосты (www.bilimland.kz). Негізгі мақсат – жалпы білім беретін мектеп оқушыларын онлайн режимде бейімдеп оқыту мүмкіндігін беру болатын. Online mektep елдің жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары үшін үлгілік оқу жоспарларына сәйкес 1-11 сыныптарға арналған барлық пәндерден цифрлық білім беру контентін қамтиды.
Пандемия кезінде ұжым мүшелерінің барлығы дерлік ортақ мақсатқа жұмылып, қашықтан білім беруге бағытталған жаңа жобаларды жүзеге асырдық. Жұмыс орнымыздан тапжылмай бірлесе атқарған жұмысымыздың нәтижесінде отандық педагогтер мен оқушылардың сұранысына сай қаншама төл өнімдер жасалды. Бүгінгі таңда осы бірегей бастаманы ілгері дамыту арқылы сапалы дүниелердің санын арттырудамыз, – деді ол.
Bilim Media Group (BMG) компаниясының әдістемелік қызмет бөлімінің жетекшісі, майталман мұғалім, ҚР Білім беру саласының үздігі Татьяна Альбертовна Сарсенова мен Назарбаев Зияткерлік Мектебіне қарасты Педагогикалық шеберлік орталығының тренері Сапура Альжановна Жолдасбаева және елордасындағы «Мирас» халықаралық мектебінің директоры Елена Михайловна Хамитова таңдалған тақырыпқа сай алдын-ала дайындаған арнайы зерттеулерін ұсынып, қызықты мәліметтерді ортаға салды.
Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі физика пәнінің мұғалімі, ұстаздар ұжымының жетекшісі Уәлиев Данияр Серікұлы білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие процесінде Microsoft 365 платформасын пайдалану тәжірибесімен бөлісіп, бұл тәжірибеге қызығушылық таныту арқылы мектептеріне енгізуге ниет білдірген қатысушыларға ризашылығын жеткізді.
Цифрлық қоғам жағдайында, оның дамуының негізі цифрлық экономика мен білім болған кезде, дәстүрлі мектептен цифрлық мектепке көшу қажеттілігі айқын болады. “Цифрлық мектеп” ұғымы, ең алдымен, технологиялық құбылыс емес, педагогикалық құбылыс ретінде қарастырылады. Әрбір білім алушының цифрлық мектептің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, оның жеке әлеуетін жан-жақты дамытумен бірге білім берудің әрбір сатысында білім беру даярлығының талап етілетін (білім беру бағдарламасында бекітілген) деңгейіне сөзсіз қол жеткізуі туралы мәселені шешу жолдары ұсынылады.
Жиынның қорытынды кезеңінде білім мен ғылым саласының кәсіби мамандары айтқан әңгімелерден түйген тобықтай түйін: заманауи мектеп дегеніміз – бұл мектептегі білім берудің барлық сатыларындағы цифрлық трансформация. Көз ілеспейтін жылдамдықпен қарыштай дамыған технологиялық жаңалықтардың үдерісі білім мен ғылым саласына да тың серпін беруде.
Сондықтан мұғалім мамандығы – үнемі білімің мен біліктілігіңді жетілдіру арқылы шеберлігіңді шыңдайтын қиын да күрделі кәсіптің біріне айналды. Жас ұрпаққа сапалы білім мен қатар саналы тәрбие беру арқылы бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру барысында ұдайы оқудың тіпті түрлі сынақтар тапсыру мен жаңа жобаларды белсенді түрде сәтті қорғаудың мәні мен маңызы әрбір ұлағатты ұстаз үшін ерекше.
Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ,
Астана қаласы