Мәртебелі марапаттың мерейі

Жезқазған қаласындағы №13 жалпы білім беретін мектебінің биология пәні мұғалімі Ералиева Гүляйша Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгісімен марапатталды, – деп хабарлайды Ұлытау облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Гүляйша Саурбаевна оқушыларын ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызықтыра білуі нәтижесінде шәкірттері республикалық, халықаралық деңгейдегі жетістіктерді бағындырған болатын. 11-сынып оқушысы, жас зерттеуші Сыздықов Әли демалыс кезінде Қарағанды ​​университетінің базасында түрлі сынақтарды сәтті жүргізіп, «Ғылым әлемін ашамыз» XVI халықаралық конференциясының жеңімпазы атанды.

Майталман мұғалімнің қырықтан астам оқушысы биология негіздерінен алған білімдерін медициналық жоғары оқу орындарында жалғастырып, алдыңғы легі ақ халатты абзал жандардың қатарында халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде. Шығармашылық ізденісінің нәтижесінде жаңашылдық пен педагогикалық құндылық қағидаларына сәйкес келетін «Генетика және селекция негіздері» тақырыбындағы авторлық бағдарламасы облыстық сарапшылық кеңесте мақұлданып, болашақ мамандардың игілігі үшін пайдаланылуда. Ардақты әріптесіміздің баға жетпес тәжірибесі бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру жолында ерекше маңызға ие. Сондықтан мемлекеттік марапаттың иесіне мықты денсаулық пен таусылмас күш-қуат және абыройлы жетістіктер тілейміз.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий