Жетісу университеті – 50: Жарты ғасырлық жолдағы жетістіктер

Қазақтың талантты ақыны және қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің есімін иеленген Жетісу университетіне биыл 50 жыл толады. Өңірдегі бірегей университет жарты ғасырда қарқынды дамып, жоғары білім беру саласында өз орнын айқындады.

– «Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет». Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында демократ ағартушы Шоқан Уәлиханов осылай жазған екен. Тарихи тұлға айтқан бұл сөздің мәні мен маңызы техологиялық жаңалықтарымен адамзат ұрпағын таңқалдырған қазіргі жаһандану дәуірінде арта түспесе кеміген жоқ. Елімізде азаматтарға жоғары білім беретін 120 жоғары оқу орны бар болса, соның бірі – І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті, – дейді Басқарма төрағасы – ректор, география ғылымдарының докторы, профессор Қуат Баймырзаев.

Оқу орны алғаш 1972 жылы ашылғанда Талдықорған педагогикалық институты ретінде 255 студент қабылдап, физика, математика, орыс тілі және әдебиеті, қазақ мектептерінде орыс тілі мен әдебиетін оқыту мамандарын даярлаған. Бес кафедрада 25 оқытушы болса оның 11 ғылым кандидаты еді. Оқу орны 1994 жылы ҚР Министрлер кабинетінің №584 қаулысына сәйкес І.Жансүгіров атындағы мемлекеттік университеті болып қайта құрылған.

1998-2001 жылдар аралығында университеттің материалдық базасы нығайып, оқу ғимараты жанынан спорттық стадион салынды. Мемлекеттік стандарт негізінде оқу жоспарлары жасалып, бірқатар жаңа мамандықтар ашылды. Сондай-ақ, мамандандырылған тестілеу орталығы құрылды. ҚР Үкіметінің 21. 04. 1999 ж, №44 қаулысы бойынша І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті болып аталды. Күрделі құрылымға айналған білім ордасы аспирантура бойынша мамандар даярлай бастады.

2001-2008 жылдар аралығында университет ұжымы оқу үрдісін жетілдіру арқылы белсенді оқыту әдістері мен жаңа технологияларды кеңінен пайдаланды. Рейтингтік-тестік білім бағалау жүйесін де алғашқылардың бірі болып енгізді. Шет елдік жоғары оқу орындарымен қарым-қатынас орнатып, білім саласындағы озық тәжірбиелерді меңгере бастады. Сол жылдары оқу орны университеттердің Ұлы Хартиясына мүшелікке қабылданды.

Университетте физика, математика және биология бойынша вертуалды зертханалар кешені ашылды. Кітапхана желісін жетілдіру мақсатында «КАБИС» электронды кітапханалар жүйесі іске қосылды. Оқу орнының материалдық базасының жыл сайын жақсаруына, ғылыми әлеуетінің артуына университетті әр жылдары басқарған ректорлардың еңбегі зор болды. Өңірдің ерекшелігіне қарай ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында Жетісу университеті жанынан Биотехнология және экология ғылыми-зерттеу институты ашылды.

Институттың атқарып жатқан жұмысы туралы ҒЗИ директоры Нұржан Керімбай былай дейді: – Біздің кең байтақ жеріміздің құнарлығын сақтау мәселесі кеңестік кезеңнен бері дұрыс жолға қойылмаған. Топырақ жамылғысының азып-тозуына байланысты мамандар құзырлы орындарға барынша дабыл қағуда. Ең басты ұсыныс табиғаттың қалыптасқан ландшафтындағы құрылымына байланысты ғылыми түрде арнайы зерттеулер жүргізіп, қай жерге не егу қажеттілігі жөніндегі мәдениетті қалыптастыру.

Сол кезде ғана егілген түрлі тұқымнан сапалы өнім жинауға болады. Бұл еліміздің ауыл шаруашылығындағы саясатқа барып тірелетін өте күрделі сұрақ. Осы бағытта өңірде жүйелі түрде ғылыми зерттеулер жүргізуді қолға алдық. Осы ғылыми институтта Молекулалық генетика және геономика зертханасы жұмыс істейді. «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша шет елде білім алып келген жас ғалым – Қанат Абайұлы зерттеу жұмысының маңыздылығына тоқталды.

– Біздің бұл ғылыми орталықтың күрделі қызметін жалпақ жұртшылыққа қарапайым сөзбен түсіндергенде кәдімгі шеберхана деуге болады. Мысалы көліктерді жөндеу шеберханасында автомобилдердің барлығына техникалық тұрғыдан жөндеу жұмыстары жасалса, әріптестеріммен бірге, өсімдіктің барлық түріне (бидай, арпа, сұлы тағы да басқалар) зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Яғни, Жетісу топырағына сіңімді, өнім мол беретін тұқымдарды анықтап, шаруа қожалықтарына ұсыну.

Шетелдік атақты ғалымдардан үйренген тәжірбием мен алған білімімді еліміздің ауыл шаруашылығын дамытуға пайдалану басты мақсатым. Өңірлік ғылымды дамыту үшін жас ғалымдардың ғылыми жобаларын қолдау және Алматы облысы кәсіпкерлерінің тың идеяларын жүзеге асыруды қаржыландыру үшін стартап-платформасы құрылды. Оқытушылар мен білім алушылардың сыртқы және ішкі академиялық ұтқырлығы ілгері дамып, университет бойынша студент және магистранттар Германия, Польша, Испания, Италия, Ресей, Латвия, Чехия, Түркия елдеріндегі оқу орындарында білімі мен білігін арттырған.

Студенттерге шет тілінде дәріс оқу үшін АҚШ, Канада, Чехия, Болгария, Латвия, Ресей, Словакия, Украина, Белоруссия, Түркия, Қытай, тағы басқа мемлекеттерден оқытушы-ғалымдар арнайы шақырылған. Жоғары оқу орнына берілген академиялық еркіндік оның нарық заманына бейімделуіне, әділ бәсекеге түсуіне жол ашты. Соның дәлелі болар көпсалалы университеттердің ұлттық рейтингісінде Жетісу университеті 2022 жылы көпсалалы университеттердің ұлттық рейтингісінде 4 орынды иеленді.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ
Загрузка...