XV Халықаралық астрономия және астрофизика бойынша олимпиададан Қазақстан құрама командасы жеңіспен оралды

Астрономия және астрофизика бойынша халықаралық олимпиада жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен жоғары сынып оқушылары арасында өткізілетін жарыс болып табылады. Бұл олимпиадаға қатысушы оқушылар теориялық есептерді, практикалық жұмыстарды талдаумен қатар, түнгі және күндізгі аспанды бақылау бойынша деңгейі жоғары есептерді қарастырады.

Аталмыш олимпиадаға қатысу жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайдағы қазіргі тенденцияларға байланысты өзекті болып табылады. Сонымен бірге астрономия және астрофизика ғылымының өзі балалардың дұрыс дүниетанымын қалыптастырудың маңызды, ажырамас бөлігі болып қала береді. Осындай жағдайда оқушыларға қосымша сабақтарда, үйірмелерде, элективті курстарда астрономия және астрофизика туралы алғашқы білім беру қажеттілігі туындайды.

Мұндай білімді кез келген адам меңгеруі тиіс. Сондықтан да, Халықаралық астрономия және астрофизика бойынша олимпиадаға қатысу өте маңызды. Келешек ұрпақтың да осы астрономия мен астрофизика саласында көрсететін жетістіктері де көп болады деп сенеміз. Осыған орай, «Бөбек» орталығының Обсерватория базасында жыл сайын астрономия және астрофизикаға арналған іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп отырады. Обсерватория базасында алдымен облыстық физико-математикалық мектеп оқушыларына арналған Астрономиялық жаттықтыру өткізіледі.

Бұл іс-шарада оқушыларға астрономия курсының бастамасын және негізгі элементтерін оқытады. Одан кейін осы курстағы көрсеткіші жоғары оқушылар бейіндік мектепке шақырылады. Бейіндік мектепте астрономия және астрофизика олимпиадасының есептеріне сай деңгейі жоғары есептер беріледі. Қиын есептерді шығара білген оқушыны арнайы Республикалық іріктеуден өткізіп, Қазақстан құрама командасының тобына жасақтайды. Дәл осылай «Бөбек» орталығының Обсерватория базасында  құрама команда құрылады. 

XV Халықаралық астрономия және астрофизика бойынша олимпиаданың (IOAA) негізгі мақсаты: астрономия мен астрофизиканы мектеп оқушыларына танымал ету болып табылады. Астрономия және астрофизика бойынша XV Халықаралық олимпиада (IOAA) 2022 жылдың 14 – 22 тамызы күндері арасында Грузияның Кутаиси қаласында, Кутаиси Халықаралық университетінде өтті. Олимпиадаға әлемнің 45 елінен 320-дан астам мектеп оқушылары қатысты. Олимпиадаға қатысқан 45 елдің 6 мемлекеті онлайн түрде қатысуға мүмкіндік алды.

Біздің Қазақстандық құрама командасы 7 қатысушыдан тұрды: Питебай Ерсұлтан, Табаров Ахмаджон (НЗМ, Алматы қаласы); Колесников Роман, Садиков Диас («ЛОРД дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты» КММ, Солтүстік Қазақстан облысы); Тағатұлы Бауыржан («Бөбек» гимназиясы, Алматы қаласы). Команданың жетекшілері мен жаттықтырушылары – Кенжетай Әсел Жанболатқызы (Бөбек обсерваториясының ОӘЖ директорының орынбасары) және Бейсен Нұрзада Әбдібекқызы (IOAA халықаралық кеңесінің тұрақты мүшесі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры).

Олимпиада төрт кезеңнен тұрды. Теориялық турдың барысында қатысушылар астрономияның кем дегенде төрт саласын қамтитын және жоғары деңгейдегі қосымша білім мен физиканың ғарыштық аспектілерін білуге арналған есептерді шешті. Ал, бақылау туры екі бағытта жүргізілді: күндізгі бақылау және түнгі бақылау. Бұл турлар қатысушылардың жұлдызды аспанды жетік білуіне арналған. Практикалық тур қабылдаушы елдің кәсіби астрономдары жинаған ғылыми зерттеулер деректеріне негізделіп алынған деректерді өңдеу болды.

Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының бір мүшесі Питебай Ерсұлтан ең жоғары ұпай жинады. Олимпиаданың қалған қатысушылары да барынша орын алуға тырысты. Олимпиаданың жабылу салтанатында Пітебай Ерсултан жинаған ұпайына сәйкес алтын медальмен марапатталды. Ал қалған қатысушыларымызға қатысу сертификаттары табыс етілді. Бұл Қазақстан қоржынына Халықаралық Астрономия және астрофизика бойынша олимпиададан екінші алтын болды.

Әрине, ол  ұстаздардың қажырлы жұмысының нәтижесі, әрі көп жылдар бойы олимпиадаға үздіксіз қатысқан оқушылардың еңбегі. Сөйтіп, дарынды да талапты ұрпақтарымыз Қазақстан Республикасының көк туын Грузияда көкке көтерді. Білімді ұрпақ – іргелі елдің кепілі!

А. КЕНЖЕТАЙ,
«Бөбек» орталығының Обсерватория
директорының орынбасары

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий