Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіндегі түлектер басқосуы

Тәуелсіз Қазақстан тарихында ашылған тұңғыш халықаралық университетке – 30 жыл! Иә, бұл мерзім әлемдік ауқымда үлкен мәнге ие болмауы мүмкін. Алайда, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұжымы, студенттері мен түлектері үшін ғасырға тұрарлық уақыт.

Жуырда осы 30 жылдағы тарихи оқиғалар мен маңызды сәттердің кейіпкерлері мен куәгерлері бас қосты. Атаулы мерейтойға орай университет түлектерінің І-ші форумы өтіп, оған білім ордасының негізін қалаушы тұңғыш ректоры, академик Мұрат Жұрыновтан бастап, ардагер ұстаздар, еліміздің түкпір-түкпірінде және шетелдерде еңбек етіп жүрген түлектер, сондай-ақ студенттер қатысты.
Бүгінгі таңға дейін оқу орны қабырғасынан 90 мыңға жуық жас түлеп ұшып, олар түрлі салаларда жемісті еңбек етуде. Астана әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Азимова, әншілер Алтынай Жорабаева, Наркенже Серікбаева, Нұржан Қалжан, әзілкештер Нұржан Төлендиев, Жұлдызай Дүйсенбиева, орақ ауызды айтыскер Бекарыс Шойбеков, Олимпиада жүлдегерлері Мұхтархан Ділдәбеков, Ақжүрек Таңатаров және тағы да басқа аты шартарапқа тараған түлектері бар.

Сиднейде жасындай жарқылдаған Бекзат Саттарханов да осы университеттің шәкірті еді… Сонымен, алғаш рет ұйымдастырылып отырған түлектер форумына «Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» деген тақырып таңдалды. Бекер емес. Бұл – Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұраны. Төрт ауыз сөз өткен мен бүгінді байланыстырып-ақ тұр. Көп күткен келелі жиын толық бір күнге созылды. Күндізгі бөлікте Түлектер Аллеясы ашылып, оған келген қонақтар көшеттер отырғызды.
Сондай-ақ, форум аясында Ахмет Ясауи университетінің 30 жылдық тарихынан сыр шертететін «Тарих – ғасырлар куәсі» атты шығармашылық көрме өтті. Фото авторлары Ораз Назаров пен Нахып Шынтемиров оқу орны құрылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейінгі маңызды оқиғалардың суретін көпшіліктің назарына ұсынды. Іс-шара барысында БАҚ өкілдері үшін арнайы пресс-брифинг те ұйымдастырылды. Университеттің тұңғыш ректоры Мұрат Жұрынов пен қазіргі ректоры Жанар Темірбекова тарихтан сыр шертіп, журналистердің сауалдарына жауап берді.

Бұдан әрі жиын салтанатты шараға ұласты. Басқосу өмірден өткен ұстаздарды еске алумен басталды. Оқу орда басшысы Жанар Амангелдіқызы мен Ректор Өкілі Женгиз Томар форумды алғашқы құттықтау сөзімен ашып беріп, өздері білім алған қара шаңыраққа арнайы ат басын бұрып, форумға келген барша түлектерге алғыс білдірді. – Университетіміз тәуелсіздіктің жаршысы болды. 1991 жылы құрылып, бір жылдан кейін егемендігімізді алғашқылардан болып мойындаған Түркия елімен келісім нәтижесінде халықаралық университет мәртебесіне ие болды. Бүгінде оқу орнымыз түркі халықтарының жастарына ортақ қарашаңыраққа айналып отыр, – деді ректор Жанар Амангелдіқызы.
Білім ордасының негізін қалаушы тұңғыш ректоры, ҚР ҰҒА-ның президенті Мұрат Жұрынұлы халықаралық білім ордасы қандай күшпен құрылғанын еске алып, жиналған қауымды толғандырды. – Бұл – Қазақстанда ел Президентінің Жарлығымен ашылған тұңғыш және жалғыз оқу орны. Тақыр жерден, аудан орталығынан жоғары оқу орнын ашу оңай болан жоқ. Қарсы болғандар мен сынағандар көп болды. Бірақ біз бұл идеяны ойдағыдай іске асырдық. Университетті құруда 3 мақсат болды.

Біріншісі – Қазақ хандығының астанасы болған Түркістанды қайта жандандыру, екіншісі – Түркістанға түркі дүниесінің назарын аудару, үшіншісі – ұлттық рухта тәрбиеленген жастарды даярлау. Міне, бүгінде осы мақсаттардың бәрі орындалғанына куә болып отырсыздар, – деді Мұрат Жұрынұлы. Шараға Қарағанды Индустриалық университеті КеАҚ Басқарма төрағасы-Ректоры, оқу орнымыздың бұрынғы ректоры Болатбек Абдрасилов те арнайы келіп, құттықтауын арнап, сыйлығын тарту етті.
Сондай-ақ, ардагер ұстаздар мен түлектерге сөз берілді. Олар өткен күнді еске алып, қызықты әрі тарихи сәттерді баяндады. Ал университет түлегі, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков қолына домбырасын алып, арнауын айтқанда тамсанбаған адам қалмады. – Университет бізге жақсы білім берді. Осында оқып бітірген соң Қарағанды қаласына жұмысқа бардық. Алғашқыда бізді мойындамайтын, бірақ кейін ол ойларын теріске шығардық. Ісімізбен де, қабілетімізді де мойындаттық.

Ал бүгін осындай үлкен өмірге дайындаған оқу орнымызға қайта келіп отырмыз. Өте әсерлі жиын болып жатыр. Қатарластарымызды көріп, қуанып қалдық, – деді басқосуға арнайы келген 2001 жылғы түлек, президент іс басқармасы медициналық орталығының дәрігері Болат Әшімов. Форумның ашылу салтанатында академик Мұрат Жұрынұлына «университеттің құрметті профессоры» атағы беріліп, құрмет көрсетілді.
Ал күннің екінші жартысында ардагер ұстаздар Түркістанның көрікті жерлерін аралады. Сондай-ақ, университет басшылығы түлектермен кездесіп, факультеттерде «Ұшқан ұяға тағзым», «Дикция және сөйлеу техникасы», «Түркі әлемінің экономикалық интеграциясы» және басқа да тақырыптық сессиялар, «Кітап сыйлау» акциясы және мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Мерекелік шарада ректор Жанар Темірбекова мен ректор өкілі Женгиз Томар оқу орнымыздың бұрынғы ректоры Болат Әбдірасиловты, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыгүл Шойбекованы, ардагер ұстаздар мен түлектерді университеттің «30 жылдық» төсбелгісімен марапаттап, иықтарына шапан жапты. Бұдан әрі шара концерттік бағдарламаға ұласып, университетімізді тәмамдаған танымал өнер иелері ортаға шығып, «Би-Сұлтан» би ансамблі биімен сахнаның сәнін келтірді.

Гүлдана ҚАЗТАЙ,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы
Халықаралық қазақ-түрік университетінің
баспасөз хатшысы, Түркістан қаласы