“Көкжиек – Горизонт” оқу баспасы: Білім беру оқулықтан басталады

Еліміздегі білім беру саласы жаңа ғасыр дәргейінде барынша кең өріс тапты. Әлемдік білім беру кеңістігінің бөлінбес әрі сапалы бөлшегі болу бүгінгі күннің ең маңызды талабына айналды. Бұл – әрі жауапты, әрі көтерер жүгі ауыр іс. Тәуелсіздік алғаннан бері ғылым-білім саласында бірталай реформалар жасалды. Осы реформалардың соңғысы әрі қоғамда ең қызу талқыға түсіп, әртүрлі баға алғаны – жаңартылған білім беру бағдарламасы.

Бұл бағдарлама білім беру саласына 2016 жылы енгізілді. Содан бергі 6 жыл ішінде бірнеше баспа базалық немесе балама негізде мектеп оқулықтарын даярлап келеді. Оқулық жазумен бірге отандық оқулықтану саласы да біршама жанданды деуімізге болады. Өйткені оқулық даярлау ісі бұрынғыдай ың-шыңсыз жүре беретін үдерістен бүкіл халық, әлеуметтік институттар түгел атсалысып, талдайтын қоғамдық құбылысқа айналды.

Соның арқасында мектеп оқулықтарының даярлануы да қатаң бақылауға алынып, білім берудегі басты құрал – оқулықтың заман талабына сай әрі сапалы болуы ескерілді. Осы келелі іске барынша атсалысып келе жатқан баспаның бірі – «Көкжиек-Горизонт» оқу баспасы. Оның оқулық даярлау тәжірибесі «Қазақ тілі мен әдебиеті» оқулықтарын жазудан басталды. Қазақ тілінде оқытпайтын мектептерге арналған «Қазақ тілі мен әдебиеті» оқулықтары алғашында деңгейлеп оқыту бағдарламасы бойынша даярланды.

Оқулық авторлары елімізге танымал тілші-ғалым, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Ф.Ш.Оразбаева бастаған ғалым, әдіскерлер тобы болды. Авторлық ұжымның даярлауымен Жаңартылған үлгілік бағдарламасы негізінде 1-11 сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешен жазылды. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі (қазіргі Оқу-ағарту министрлігі) ұсынған деген арнайы грифке ие оқулықтар сараптаманың барлық кезеңдерінен өткен.

Дегенмен оқулық сапасын одан да жақсарту мақсатында оқулық авторлары мектеп мұғалімдерімен жиі-жиі кездесулер өткізіп, республика көлемінде әдістемелік семинарлар ұйымдастырып тұрады. Мысалы, 2022 жылдың 27 қаңтар күні Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін өзгетілді мектептерінде «Қазақ тілі» пәнін  оқыту мәселесі бойынша «Қазақ тілі оқулықтарындағы мәтінмен жұмыс: ұстанымдары мен әдістемесі» атты Республикалық ғылыми-практикалық семинар өткізілді.

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, п.ғ.д., профессор Ф.Ш.Оразбаева «Қазақ тілі оқулықтарында мәтінмен жұмыс жүргізудің басты ұстанымдары», п.ғ.м., әдіскер П.Юсуп «Қазақ тілі оқулықтарында берілген мәтіндерге қатысты түйткілді мәселелер», Алматы қаласының №52 мектеп мұғалімі С.Р.Баржықбаева «Бастауыш мектепте мәтінмен жұмыс арқылы оқушылардың тілін дамыту» және Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының В.Терешкова атындағы орта мектептің мұғалімдері К.Зукар мен Д.Н.Ашжанова «Мәтінмен жұмыс жүргізудің жолдары» (10-11 сыныптар бойынша) тақырыбында баяндама жасады.

Оқулық авторлары Ж.Т.Дәулетбекова, Р.С.Рахметова, А.Қ.Рауандина, А.Н.Юсуп, Б.Қ.Мүкеева мұғалімдерді толғандырып жүрген көптеген сұрақтарға жан-жақты жауап берді. ZOOM платформасында ұйымдастырылған семинарға 1000 мұғалім онлайн қатысса, 2000-дай ұстаз семинар материалдарымен таныса алды. Оқулық мазмұны мен оның дидактикалық функциясын жете талдау мақсатында еліміздегі мектеп мұғалімдеріне арналған әдістемелік семинарлар әр ай сайын өткізіліп тұрады.

Оқу құралын пайдалану кезінде туындаған қиындықтар, оқушылардың оқулықпен жұмыс кезінде кездесетін кедергілерді еңсеруі сияқты көптеген мәселелер осы семинарларда талданып, оқулықты тәжірибеде пайдаланушы практик мамандардың пікірі есепке алынады. Оқулық авторы, п.ғ.к., профессор Рауандина Айтжамал Қалкенқызы өткізген «Қазақ тілінің деңгейлік бағдарламалары: отандық тәжірибе», п.ғ.м, А.Н.Юсуп өткізген «Жиынтық бағалау тапсырмаларын құрастыру бойынша әдістемелік ұсыныстар» тақырыбындағы семинарлар мектеп мұғалімдерінің бағдарлама мазмұнымен, оқушылардың білімін бағалау жүйесімен жан-жақты танысып, талдауына мүмкіндік берді.

«Қазақ тілі мен әдебиеті» оқулықтарының авторлар тобының жетекшісі п.ғ.д., профессор Ф.Ш.Оразбаева: «Қазақ тілін өзге тілді аудиторияда оқытудың жан-жақты әдіснамалық негізін жасауға еліміздегі көптеген әдіскер-ғалымдар атсалысты. Осы күнде бұл салада азды-көпті жетістіктер бар екені даусыз. 2014-2015 жылдары біздің авторлық ұжым қазақ тілін деңгейлеп оқыту бағдарламасы негізінде 1-11 сыныптарға арналған деңгейлік қазақ тілі оқулықтарын жазды.

Мектеп мұғалімдері де, оқушылар мен ата-аналар да өте жылы қабылдады. Алайда 2016 жылы жаңартылған білім бағдарламасы енуіне байланысты бұл оқулықтар қолданыстан алынды да, біз үлгілік бағдарлама негізіндегі оқулықтар жазуға атсалыстық. Бұл тарапта да жақсы жетістіктер бар. Жалпы алғанда біздің басты ұстанымымыз – өзге тілді аудиторияға мемлекеттік тілді оқытуды деңгейлік оқыту бағдарламасына сүйене жүргізу» дейді.

Иә, оқулық тек мұғалімге арналған құрал болмауы керек. Мұғалім оқулықтың көмегімен жүйелі білім беруді де жүзеге асырады. Оқулық материалдары білім мазмұнын айқындайтын болуы тиіс. Ал оқушы пайдалана алмайтын оқулық өз қызметін атқара алмаған оқулық болып саналады. Нақты тақырып бойынша нақты қойылған оқу, сабақ мақсаттарын мұғалімнің көмегінсіз, оқулықтағы тапсырмаларға сүйене отырып түсініп, орындау – оқушының өз бетінше білім алуының кепілі.

“Көкжиек – Горизонт” оқу
баспасының медиа қызметі

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий