Түркістан облысы, Түркістан қаласы: “Ақжайық” музыка мектебі – өнер ордасы

Осыдан екі жыл бұрын төрт қақпалы Түркістанның төрінде жаңадан «Ақжайық» музыка мектебі бой көтеріп, бұрын төрткүл дүниені көгілдір күмбезімен өзіне тартатын киелі шаһар және бір заманауи ғимаратпен толыққан болатын. Жаңадан құрылған облыстың орталығы саналатын Түркістан қалаасындағы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты осы әсем де сәулетті нысанның іргетасын қалаудан бастап, ел игілігі үшін пайдалануға берілгенге дейінгі барлық қажетті қаржысы мен керек-жарақтарына қолдау көрсеткен Батыс Қазақстан облысының тартуы болғандықтан бірегей білім шаңырағын «Ақжайық» атау ұсынысы ресми түрде мақұлданған еді.

Мектеп директоры – Айсынов Сырым

– Бұл музыка мектебінде бес жүз елу орынға арналған үлкен концерт залы, конференц залы, оркестр, хор сыныбының бөлмелері бар. Қос қабатты еремет ғимарат музыкалық аспапта сабақтар өтуге барынша лайықталған. Мәселен, мектептегі барлық оқу сыныптары акустикалық заңдылықтарға сай жабдықталып, әрбір сыныптарға дербес компьютерлер мен интерактивтік тақталар орнатылған. Қазіргі таңда 139 оқушы музыка өнерінің он түрі (ұлт аспаптар: домбыра, қобыз, жетіген, ұрмалы аспатар (ксилофон, кіші барабан, литавра, дауылпаз), еуропалық музыка аспаптары: фортепиано, скрипка, саксафон, баян, әншілік: академиялық вокал, дәстүрлі ән) бойынша дәріс алуда.

Негізгі музыка аспабында орындау сабақтарынан тыс қосымша топтық: теория, сольфеджио, музыка әдебиеті, хор сабақтары жүргізілуде. Оқушыларға консерваторияда білім алған жоғары білімді, білікті, жаңа технологияларды меңгерген, кәсіби мамандар дәріс беруде, – дейді осы мектептің директоры, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық  консерваториясының түлегі Айсынов Сырым.

Ұйымшыл ұстаздар ұжымының құрамындағы педагогтері түрлі байқауларда бақ сынап, абырой мен құрметке бөленіп келеді. «Ән – терме» сыныбының мұғалімі Омарова Мира Утепбергеновна «Тәуелсіздік тұмарым» республикалық өнер байқауының Бас жүлдесін иеленсе, «Вокал» сыныбының мұғалімі Оразбаева Жарқынай Дилдабековна облыс мұғалімдері арасында ұйымдастырылған «Өнерлі ұстаз – 2020» байқауында бірінші орынмен марапатталған. «Теория – сольфеджио» пәнінің мұғалімі Сәрсенбаев Мақсат Бақытұлы «Әдістемелік вернисаж» республикалық байқауында екінші қатардан көрінсе, «Қобыз» сыныбының мұғалімі Оспанғалиева Жансая Жұмағалиқызы «Тәттімбет Қазанғапұлы» атындағы республикалық байқауының дипломанты атаныпты.

– Ұстаздар сенімін ақтап, жетістіктерге жетіп жүрген жас өрендеріміз де аз емес. Солардың бірі – он бір жастағы Бекайдаров Әбілмансұр. Ол осы мектептің табалдырығын екі жыл бұрын имене аттаған болса, қазіргі кезде қалың көрерменге саксофон аспабында керемет ойнайтындығын көрсететін өзіндік деңгейіне жетті. Тобықтай түйінін айтқанда, Түркістан қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің қолдауымен «Ақжайық» музыка мектебі ашылған үш жыл көлеміндегі аз ғана уақыттың аралығындда аймақ тұрғындарына зор әлеуеті бар шығармашылық өнер ордасы ретінде кеңінен таныла бастады.

Алдағы кезде бірлікті бекемдеген ұйымшыл ұжым мен талантты шәкірттердің бірлескен жаңашыл жұмысының нәтижесінде және іргелі ізденістерімізді тереңдету арқылы толағай табыстарға қол жеткізерімізге сенемін, – дейді Сырым Бәденұлы. Үлгерімі жақсы шәкірттерден жоғары деңгейлі оркестр мен ансамбль және хор құрылыпты. «Ақжайық» жетігеншілер ансамблінің жетекшісі «Жетіген» сыныбының мұғалімі Абажанова Жанар Шораевна болса, «Ақжайық» оқушылар оркестрін Уразбаев Құрманғазы Аринбекович басқаруда, «Ақжайық» оқушылар хорына Низамов Исамиддин Гафурович жетекшілік жасап жүр.

– Биылғы балалар жылына байланысты біздің аймақта «Тұран бала фест» фестивалі жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен бастау алды. Бұл фестивалдің аясында бірнеше жаңа жобалар іске асырылуда. Түркістан телеканалы осы байқау асындағы екі бағдарламаны түсіріп жатыр. Алғашқысы – «Күлтегін» зияткерлік ойыны. Екіншісі – «Тұран бала фест» телебайқауы. Бұл теле байқауға сегіз жанр бойынша облыстың барлық аудандары мен қалаларынан алты мен он алты жас аралығындағы жүзден астам мықты үміткер оқушылар қатысып, бақтарын сынауда.

Жандос Махамбетов

Қос бағдарлама еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында мәресіне жетіп, жеңімпаздардың есімдері анықталатын болады, – дейді Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасындағы тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Жандос Махамбетұлы Махамбетов. – Бұл байқауда ерекше өнер көрсеткендердің бірі Ерасыл есімді жас бала. Кішкентай өнерпаз Бәйдібек ауданынан келіпті. Ол осы бәйге барысында әкесімен бірге акробатика өнерінің қыр-сырын көрсетті.

Тынымсыз дайындығының арқасында олар оң баға алап, финалға өтті. Ал, қуанышын жасыра алмаған жас таланттың әкесі қазылар алқасын қорытынды сынақта қандай өнерімен таң қалдыратынын айтты. Қатысушылар ән айтып, би билеп, бірі домбыра шертсе, ендігісі гір тасын көтеріп көпті таң қалдырды. Тіпті, арасында сиқыршылық қабілетімен дараланған қыздар да бар. Бұл бірегей музыка мектебінің басты мақсаты мен негізгі міндеті ұлттық және жалпыға бірдей құндылықтар негізінде, ғылым мен тәжірибеге қол жеткізуді көздейді.

Жас ұрпақты ұлттық және жалпыға бірдей құндылықтар негізінде бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптастыру аясында шығармашылық қабілетін дамыту және кәсіби бағытта білім алуы үшін қажетті жағдайлар жасау. Білім беру бағдарламаларын әзірлеу үшін мүмкіндіктер беру. Оқушылардың облыстық және республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларда топ жаруына жан-жақты қолдау көрсету ең басты ұстанымның бірі.

Шығармашылық, рухани және физикалық тұлғаны дамыту, адамгершілік және салауатты өмір салтын қалыптастырудың берік негіздерін қалыптастыру, дарындылықты дамыту үшін бойында таланты мен дарыны бар шығармашылығы жоғары шәкірттердің шеберлігін шыңдап, ақылы мен ойын, қарымы мен қабілетін барынша байытуға да көп көңіл бөлінуде.

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий