Түркістан облысы: Заманауи үлгідегі Оқушылар сарайы


Оңтүстік өлкедегі балалардың шығармашылығын шыңдауға жаңа леп әкелу мақсатында салынған бірегей білім ордасындағы ұйымшыл ұстаздар ұжымы өскелең ұрпақтың қарымы мен қабілетін дамыту, инновациялық технологияларды қолдануға баулу және бәсекеге қабілетті тұлға даярлау мақсатында жұмыла жұмыс жүргізуде.
– Жергілікті жас жеткіншектердің бойындағы талантын ашып, бейімділігін байыту арқылы бос уақыттарын тиімді пайдаланулары және қоғамда өз орнын қалыптастыруға оң ықпал ету үшін осындай керемет ғимараттың тұрғызылуына әлеуеті зор демеуші тапқан облыс әкімдігінің қолдауы мен басқа да мүдделі мемлекеттік құрылымдардың көмегін сезінген түркістандық ата-аналар қауымының айтар алғысы шексіз, – дейді осы оқушылар сарайының директоры Икапова Индира.

– Ғимараттың жалпы көлемі 12 мың шаршы метрді құрайды. Яғни белсенді жұмыс істейтін ашық педагогикалық жүйенің құрамындағы алпысқа жуық үйірмеге қатысатын бір мыңнан астам шәкірттің қосымша білім алуына барлық жағдай жасалып, жан-жақты мүмкіндіктер толық қарастырылған. Осы үйірмелерді жіктесек: Технопарк, «Sana» IT орталығы, Өнер орталығы (кескіндеме, қолөнер, зергерлік өнер, мүсін және керамика, былғары жұмыстары, суретші), Тіл үйрету орталығы (5 шет тілі), Ғылым орталығы (Республикалық физика-математика мектебіне, Білім инновация лицейіне, Назарбаев зияткерлік мектебіне, Дарын мектептеріне түсу үшін оқушыларды дайындайды).
Шығармашылық орталығы (вокал, актерлік өнер, сатира өнері, би, дәстүрлі ән, аспаптарда орындау), шахмат, балалар тележурналистикасы, анимация, фото-бейне түсірілімдерді монтаждау. Бұл жаңа үлгідегі заманауи оқушылар сарайының басқа қосымша білім беру орталықтарынан бір ерекшелігі негізінен балалардың қызығушылығын уақыт үдерісіне сай техникалық бағыттарға бұруға басымдық беруімен дараланады. Сондықтан ел аумағындағы кәсіби білікті мамандарды арнайы шақырып, олардың тағылымды тәжірибесін жастарға үлгі өнеге ретінде көрсету қолға алынған.

– Біздің роботты техника үйірмесіне қатысушы балалар оқытушы ұстаздарының ақыл-кеңесімен шағын құрылғыны құрастырып шығарды. Ортақ мақсатқа сәйкес бірлескен түрде жасалған бұл ұшу аппараты арнайы енгізілген бағдарламаға сәйкес белгіленген тапсырмаларды орындай алады. Осы бейне жазба камерасы мен белгі беретін түрлі датчиктері бар кішкентай жер серігі гелді шардың көмегімен әуе кеңістігінде он мың метр биіктікке дейін екі сағат бойы жұмыс жүргізуге қабілетті.
Нәтижесінде желдің қозғалыс бағыты мен күн райының құбылмалы өзгерістері, ауаның ластануы туралы аппараттан алынған маңызды ақпараттар өңделіп, ғылыми тұрғыдан зерделенеді. Жаңашыл жастардың математика, физика, астраномия, ақпараттық технология және роботты техниканың құпиясы мен сырына қанығу арқылы техникалық бағыттағы таным көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік беретін бұл UniSat ғарыштық ғылыми әдістемелік негіздегі отандық ХАБ тек біздің оқушылар сарайында ғана бар, – дейді Индира Сарқытқызы.

Осы оқушылар сарайының басшылығы тігін үйірмесіне қатысатын ұл мен қыздарға заманауи үлгідегі сәнді киімдерді ұлттық нақышта тігуді үйретумен қатар, перзент тәрбиесімен үйде отырған қолы бос дипломы жоқ көп балалы аналарды қолдау мақсатында «Ісмер ана» жобасын қолға алыпты. Басты мақсат – бір ай мерзімге жоспарланған арнайы курс арқылы ісмерлікті үйренуге ынтасы мен ықыласын танытқан әйелдерді құрақ жасау, тоқыма тоқу сынды тігін тігудің түрлі бағыттарына бейімдеу.
Олардың қолынан шыққан зерлі шапандар мен сәнді көйлектерге қоса кестелі қол сөмкелерді құрайтын бірегей бұйымдары мәртебелі меймандар тамашалайтын мың бояулы мұражай сияқты көрікті орындадағы үздік үлгілердің топтамасына қойылған. Бүгінге дейін қырық адам оқып шыса, белсенділері түрлі стартаптарға қатысу екен. Қаржылай гранттан үміткерлер де бар. Дараланған бесеуі шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған мемлекет пен түрлі қаржылық ұйымдар ұсынған жеңілдіктер арқылы қажетті керек-жарақ пен техникалық құралдарды сатып алып, жеке кәсіпкерліктерін бастапты.

Іскерлігін ресми түрде рәсімдемесе де үйінен қыздың жасауын дайындап, көрпе-жастық тігетіндер, тақия мен шапанға тапсырыс қабылдайтындар да аз емес көрінеді. Демек бұл жаңа жобаның жергілікті ақжаулықтылар үшін тиімді әрі пайдалы болғандығының нақты дәлелі. – Түркістан қаласындағы 10 сыныпта оқитын Нұркелді есімді оқушымыз бір жарым жылдан бері тігін үйірмесінің дизайнерлік бағытында қосымша білім алып жүр. Әр түрлі киімдерді ұлттық нақыштармен заманауи үлгіде безендіру бойынша ұсынған пиджагына қарап болашағынан үлкен үміт күтуге болады.
Талғампаз тұтынушылардың сұранысына сай жасалған жаңа киім кез-келген орынға еш қымсынбай киіп баруға лайықталғандығымен құнды. Міне біздің оқушылар сарайында ұйымшыл ұстаздар ұжымы мақтан тұтатындай осындай шебер шәкірттеріміз көп. Алғашқы оқу жылын жемісті жетістіктермен қорытындылаған бойындағы білімі мен тағылымға толы тәжірибесін өскелең ұрпақтың бойына дарытудан жалықпайтын мәртебелі мұғалімдеріміздің бағындыратын биіктері әрі алда екені анық. Әріптестердің мерейі әрдайым үстем болуы үшін бағалы бастамаларына сәттілік тілеймін, – дейді Индира Икапова.

Бұл бірегей қосымша білім беру орталығының тағы бір жаңалығы облыс аумағындағы аудандар мен қалаларға барып, оқушылар сарайының жергілікті филиалдарының ашылуына байланысты «Ашық есік» күндерін ұйымдастыруы дер едік. Жергілікті тұрғындар мен қонақтар «Қолөнер», «Ағаш өнері», «Зергерлік өнер», «Мүсін және керамика» және тағы да басқа көптеген үйірмеге қатысушы шәкірттердің төл туындылары қойылған арнайы көрмені тамашалап, оқушылар сарайы ұжымының атқарып жатқан жұмыстарымен танысады. Жиналған жұртшылық қолдан жасалған түрлі бұйымдарға қызығушылықпен қарап, қосымша білім беру орталығының қызметіне жоғары бағасын беруде.
Жаңа технологиялар әлеміндегі балалар мен жастар шығармашылығы ұғымының өзгергенін түсіну инновациялық әдістемелерді белсенді енгізуді, заманауи құрал-жабдықтарды кеңінен қолдануды қажет етеді. Осы мақсатта түрленген Түркістан төріндегі қосымша білім берудің басты ордасына айналған Түркістан облыстықадам әлеуетті дамыту басқармасына қарасты заманауи үлгідегі жаңа оқушылар сарайы қаланың көркем келбетін көрік қосумен қатар аймақтағы қосымша білім беру саласының ілгері дамуына тың серпін бере бастағаны байқалады.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ
Загрузка...