Бестамақ орта мектебі Ақтөбедегі NIS тірек мектебі

Ақтөбе облысының Алға ауданындағы Бестамақ орта мектебі Назарбаев Зияткерлік мектебінің тірек мектебі болып бекітілді. Бір апта көлемінде NIS ұстаздары аудандық мектептің барлық педагогикалық ұжымына ашық сабақтар, семинарлар, шеберлік сабақтар мен тренингтер жүргізді, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Ақтөбе облысындағы «17 тірек мектеп» жобасының қызу жұмысы Зияткерлік және Бестамақ орта мектептері директорлары Сәуле Өмірбекова мен Анара Истегулованың кездесуінен басталды. – NIS делегациясы бізге «Ауылдағы негізгі мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық бағдарламасымен келетінін білгенде, біз бұл мүмкіндікті қолданып, тәжірибелі әріптестермен кездесуді жөн көрдік, – деді Бестамақ мұғалімдері.

Қала мен ауылдағы білім арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған бұл жобада Назарбаев Зияткерлік мектептері еліміздің 17 аймағындағы 17 мектепке әдістемелік қолдау көрсетеді. NIS өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуде әрбір ұстаз үшін басым тақырыптар – зерттеу мен сабақты жоспарлау, мұғалімдерді үздіксіз кәсіби даярлау, ата-аналармен ынтымақтастық, цифрлық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.

Зияткерлік мектеп қабырғасында бестамақтық әріптестеріміз жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы, география, тарих, өнер, дене шынықтыру, робототехника және информатика сабақтарға қатысты. Кітапхана, үйірмелер жұмыстарымен танысты, түрлі семинарлар, шеберлік сабақтар мен тренингтерден өтті. Әкімшілік мүшелері қауіпсіздік, мектепішілік бақылауды ұйымдастыруда, стратегиялық мақсаттар мен деректер негізінде мектепті дамыту бағдарламасын құру жайлы құнды мағлұматтар алды. 

Тренингтерде оқыту тәжірибесін жақсарту мақсатында сабақты зерттеуді ұйымдастыру бойынша ұсыныстар берілді. Сондай-ақ  NIS оқытушылары оқу процесінде тік және көлденең жоспарлауды ұйымдастырудың тәсілдерін көрсетті. Әр сабақтан кейін Ақтөбедегі NIS мұғалімдері жоба қатысушыларымен бірге талдау жасады. Қатысушылар алынған ақпараттың өзектілігі, пайдасы мен жаңалығын атап өтті.

– Зияткерлік мектеп мұғалімдерінің сабақ жоспарлаудағы зерттеушілікке мән беруі, қалай, қай бағытта даму керектігін анықтауы ұнады. Өзімізге жақсы мәліметтер алдық, маңызды нәрселерді дәптерлерімізге түртіп алдық. Біздер үшін үлкен тәжірибе алмасу болып жатыр, – деп бөлісті Бестамақ орта мектебінің тарихшысы Роза Дүйсенбаева. Мамандарды әдістемелік қамтамасыз ету бойынша мектепті қолдау үш жыл бойы жүргізіледі. Қайырымдылық бағдарламасы мұғалімдердің біліктілігін арттыруға, мектептерді әдістемелік қамтамасыз етуге және олардың материалдық базасын жаңартуға бағытталған. Соның нәтижесінде ауылдағы білім сапасы артуы тиіс.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий