Оқушыларды отансүйгіштік сезімге тәрбиелеудің алғышарттары
«Білім беру – отбасы – социум» жүйесінде патриоттық сезімді қалыптастырудың бірыңғай жүйесін құру және дамыту қажеттілігі қазіргі кезде басты назарда. Қазақстанның жарқын болашағы үшін оқушылардың жауапкершілік сезімін қалыптастыруда арнайы бағдарламалар құрастырылуда. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады.

Қазақстанның егемендігі туралы декларация 1990 жылы 25 қазанда қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Бұл қадам «Білім беру- отбасы – социум» жүйесінде тәрбие процесін ұйымдастырда аса маңызды. Қоғам сана-сезімі жоғары, жауапкершілікті, креативті, бастамашыл әрі бәсекелестікке дайын, құзыретті азаматты өсіруге мүдделі.
Әлеуметтік-қоғамдық қатынастар жүйесінде жас ұрпаққа беретін отансүйгіштікке тәрбиелеуге жататын тұлғалық бағыт-бағдарлар, олар: өз елінің азаматы ретінде өзін-өзі тануы; сын-сәттерге ортақ қарсы тұруға әзірлігі; этносаралық бейбітшілік пен келісімді сақтауға дайын болуы; отбасының сөзсіз құндылығын өз халқына, Отанға тиесілі екенін түсінуі.
Және өзара көмек, ата-ананы құрметтеу, кіші және үлкенге қамқорлық, басқа адам үшін жауапкершілік сияқты отбасының адамгершілік қағидаларын түсінуі мен қолдауға ұмтылуы; жалпы қоғамдық заңға бағыну және құқықтық тәртіпті насихаттай алуы; ұрпақтардың рухани, мәдени сабақтастығын үйлестіре алуы. Отанға деген сүйіспеншілік жоғары моральдық сезім ретінде қоғамның, Отанның қажеттіліктерін жеке адамның қажеттіліктеріне айналдыруды анықтайды.
Жоғарғы сезімнің барлық түрлерінде адамның қажеттері басқалардың қажеттілігіне айналып, пайда әкелуге деген ұмтылысы айқындалады. Осы компоненттерді ескеріп патриоттық тәрбие беру технологияларын топтастырамыз: әлеуметтік – тарихи тақырыптар бойынша дебаттар; дүниетанымдық кино-фильмдер көрсету; туристтік-өлкетану экспедициялары; әлеуметтік-моделдеу ойындары; балалар-ересектер іздеу салу жасақтары; өлкетану мектеп мұражай-клубтар; әскери-патриоттық мектеп мұражай-клубтары.
Бүгінде ең алдымен, «Қазақтың Отаншылдық дегені» ұлттық сананың құндылықтары халық даналығында екенін баса назарда ұстайық: «Ері барда, елі қор болмас», «Ерлік білекте емес, жүректе», «Ерліктің шарты – өзіне сенгендік», «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар», «Батырлық айқаста танылар», «Ұранды елдің – ұрпағы қайсар», «Батыр болсаң – жауыңа найзаң тисін, Бай болсаң – еліңе пайдаң тисін» және тағы да басқалар.
Осылардың бәрін ескере отырып қазіргі Қазақ елінің рухани күші – Тәуелсіз елдің идеялық тұғырын ұстану деп білеміз. «Тәуелсіздік идеясының тұғыры республиканың тұтастығы мен қауіпсіздігін сақтау, Қазақстандағы ұлттық ынтымақты және қоғамдық бірлікті жетілдіру мақсатымен анықталуда. Елдегі азаматтық және рухани, этникалық және ұлттық бірегейлікті нығайту, халықтың әлеуметтік-мәдени белсенділігін арттыру – қазақстандық дамудың басты бағдарларын құрайды, – деп «Мәңгілік ел» тұжырымдамасында нақты сипатталған.
Демек, отансүйгіштік құндылықтарды қалыптастыру – бұл жас ұрпақты тәрбиелеуде ыждағаттылықты қажет ететін күрделі процестердің бірі, әрі тәрбиенің алғышарты бола алады.
Гаухар Егембердиевна ТҰРМАНОВА,
№91 жалпы білім беретін мектептегі
тарих пәнінің мұғалімі, Алматы қаласы