Қазақстан мен Венгрия жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді талқылады
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Венгрия Мемлекеттік жиналысы спикерінің орынбасары Шандор Лежакпен кездесті. Кездесу барысында тараптар жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды осы бейіндік ведомстваның баспасөз қызметі.

Министр Саясат Нұрбек қонақты қарсы алып, Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлауға байланысты Мемлекет басшысының Венгрияға сапары 2023 жылға шегерілетінін мәлімдеді.
Кездесу барысында министр екі елдің министрліктері арасындағы Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімнің қолданылу мерзімінің аяқталуына және Министрліктің қайта құрылуына байланысты 2013 жылғы 19 қарашадағы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасы туралы айтты.
Сонымен қатар тараптар жоғары білім беру саласындағы әріптестік, оның ішінде екі елдің университеттері арасындағы байланыс мәселелерін талқылады. Екіжақты ынтымақтастық аясында Министрлік Венгрия студенттерінің академиялық ұтқырлығын дамытуды жоспарлап отыр.