Мектепке дейінгі педагогтер форумы
Атырау қаласында «Мектепке дейінгі білім беру үздіксіз педагогикалық білім берудің бірінші деңгейі ретінде: инновациялық идеялар, модельдер мен перспективалар» тақырыбында республикалық форум ұйымдастырылды, – деп хабарлайды осы аймақтағы білім беру басқармасының баспасөз қызметі.

Форум жұмысына ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Манара Адамова мен өңірдің бас ұстазы Гүлнар Садуақасова және әр облыстың әдістемелік орталықтардың әдіскерлері, мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері мен меңгерушілерінен құралған екі жүзден астам кәсіби мамандар қатысты.
– Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту және моделін іске асыру барысында көптеген жұмыстар атқарылуда. Модель мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту мен жетілдіру бағытын айқындайтын тәсілдер мен қағидаттар жиынтығын құрайды. Ол үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Біріншісі құзіреттілік орталықтарының өсу нүктелерінің жұмысын ұйымдастыру. Екіншісі пилоттық жоба шеңберінде екі тәрбиеші жұмысын ұйымдастыру. Үшіншісі мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың сапасын бағалау. Осы бағыттар бойынша алғашқы пилоттық жобалар бастау алып жатыр. Нәтижесін бірге көріп, бір пайдалы модель қалыптастырамыз деп ойлаймын, – деді Манара Елекенқызы.

Басқосудың мақсаты – мектепке дейінгі білім беруді дамытудың негізгі бағыттарын талқылау, мектепке дейінгі ұйымдар педагогтерінің білімін өзектендіру, олардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіру, озық педагогикалық тәжірибені анықтау және таратуға бағытталған. Жиын барысында «Мектепке дейінгі мекемеде дамытушы орта кеңістіктерін ұйымдастырудың жаңа бағыттары», «Ойын – бала үшін өмірлік тәжірибе», «Steam білім беруді мектепке дейінгі ұйым тәжірибесінде енгізу жолдары мен нәтижесі», «Мектеп жасына дейінгі балалардың танымдық зерттеу дағдыларын ойын арқылы дамыту» сынды әртүрлі тақырыпта бөбекжай меңгерушілері баяндама жасады.
Пленарлық мәжіліс пен панельдік секцияға қатысушылар мектепке дейінгі білім беру саласындағы маңызды мәселелерді талқылап, түрлі тақырыпта пікір алмасты және теориялық және практикалық тренингтер жүргізілді. Манара Адамова облысқа жұмыс сапарының аясында қаладағы №35 «Балақай» және №16 «Дюймовочка» бөбекжай балабақшаларына барып, «пилоттық жұмыс» жобасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.
Мұнайлы өлкеде 252 балабақша, 151 мемлекеттік балабақша, 101 шағын орталық, 67 жеке меншік балабақша, барлығы 319 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 16 бірлікке өсіп отыр.
Загрузка...