Оралдық педагог республикалық байқауда бас жүлдені иеленді

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балаларды ерте жастан дамыту институты ұйымдастырған республикалық «Мектепке дейінгі ұйымның үздік әдіскері» байқауында Орал қаласы №48 «Мұрагер» бөбекжайының әдіскері Ш.Сабирова бас жүлдені жеңіп алды, – деп хабарлайды Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Мектепке дейінгі ұйымның үздік әдіскері — әдіскерлердің инновациялық және кәсіби маңызды тәжірибесін анықтау және тарату, мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі мәртебені көтеру және кәсіби имиджді қалыптастыру мақсатында өткізілетін дәстүрлі байқау. Биыл байқаудың бірінші – аудандық (қалалық) кезеңіне 10 мыңға жуық үміткер қатысқан. Бірінші кезеңнің жеңімпаздары облыстық кезеңнен іріктеу арқылы республикалық байқауға жолданған болатын.

Республикалық байқауға еліміздің әр түкпірінен үздік шыққан 18 әдіскер қатысты. Олардың жұыстары Е-портфолионы зерделеу, «Мен – әдіскермін» онлайн түрінде сұхбат алаңын ұйымдастыруы, «Әдістемелік шеберлік» бейнеролик блоктары бойынша бағаланды. Нәтижесінде Батыс Қазақстан облысынан қатысқан Шолпан Шамұратқызы жоғары ұпай алып, республикадағы «Мектепке дейінгі ұйымның үздік әдіскері» атанды.

Шолпан Сабирова – педагог-зерттеуші. Білім беру саласында 15 жылдан бері еңбек етіп келеді. Әдіскер лауазымындағы еңбек өтілі – 11 жыл. Әдіскерлер арасындағы республикалық олимпиада, блиц-турнир жеңімпазы атанған озық маман. Облыстық семинарларда тәжірибесімен бөлісіп, ұстаздарға арналған басылымдарда шығармашылық ізденістегі жұмыстарын жариялап жүр.

2019 жылдан бастап Батыс Қазақстан облысы бойынша мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің біліктілігін арттыру тренері қызметін атқарып келеді. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының алғыс хатымен, БҚО Білім басқармасы Білім беруді дамыту орталығы, Орал қаласы білім беру бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Шолпан Шамұратқызын жеңімпаз атануымен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий