Шымкент қаласы – Табысты ұстаз: Жүз кітапты сыйға таратқан үздік ұстаз
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – деген Абай атамыз «Ұстазсыз шәкірт – тұл, шәкіртсіз ұстаз – тұл», – деп, адам баласының жас кезінен бастап тұлға ретінде қалыптасуы көбінесе педагогтың парасаттылығына байланысты екенін ерекше атап айтады. «Ғалым да, шахтер да бас иетін» қасиетті мамандық иелері қашанда құрметке лайық. Адамзаттың екінші ұстазы атанған әл-Фараби бабамыз: – Ұстаз… Жаратылысынан өзіне айтылғанның бәріне жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадына сақтайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсететін, қорқыныш пен жасқанудың білмейтін батыл да ержүрек болуы керек», – деген болатын.
– Менің болашағымның жарқын болуына себепші болған, жүздеген шәкірттің алдында сүйікті ұстаз болуымды жан-тәнімен қалаған асқар тауым – Әкешім, мен сізді енді түсіндім. Ұстаз болу – ұлы іс екен ғой, осы мамандыққа алғаш қадам басқанымда, Сізді іштей кінәлап, «мамандықты өз еркіммен неге таңдамадым?», – деген балаң сұрақтың санамда жаңғырғанын несіне жасырайын? Сексен бес жылдық тағылымға толы терең тарихы бар тарихы бар Шымкент қаласының Педагогикалық институтында оқып жүрген кезімде «Мектеп бітірген соң мен ПҚЖ-ға оқуға түстім», – деген едім жағдайымды сұрағандарға жауабымды әзілге бұрып.
«ПҚЖ» сөзімінің мәні мен мағынасы «Папам Қайда Жібереді?» деген сөзім болатын, – дейді бүгінгі кейіпкеріміз республикалық деңгейдегі “Үздік педагог – 2020” атағының иегері, үшінші мегаполистегі А.С. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясы директорының бейінді ісі жөніндегі орынбасары, химия және биология пәндерінің мұғалімі, педогог-шебер әрі магистр Жадыра Рахманқұлқызы Шәбден.
– Менің ең алғашқы үлгі тұтқан ұлағатты ұстазым әрі ақылшым саналы ғұмырын бала тәрбиесі мен білім беруге арнаған жергілікті жұртшылыққа майталман мұғалімдігімен танылған тұлға, саналы ғұмырының қырық жылын отандық педагогика саласының ілгері дамуына арнаған парасатты педагог, ұстаздар ұжымын білікті басқарумен қатар сегіз ұл-қызын ұлттық рухта тәрбиелеген аяулы әкем Шәбденов Рахманқұл Шәбденұлы болғанын әрдайым мақтан тұтамын.
Ауыл мектебіндегі бір сыныпты қажетті құралдармен жабдықтап беру арқылы халықтың ықыласы мен ілтипатына бөленген қадірменді ұстаз болған соң, ол өзінің талабы жоғары қызын осы игілікті де сауапты істен айрылмасыншы деп ойласа керек. Кейіпкеріміз педагогика саласындағы еңбек жолын сабақтастыра жалғасыруға қарымы мен қабілеті бар перзентіне қамқорлығын аямаған асқар тау әкенін үлкен үміті мен зор сенімі ақтауға барын салды.
– «Апайлаған» сан шәкірттің сыңғырлаған үнін естігенде төбем көкке сәл жетпегендей ерекше сезімге бөленіп, қатты қуанамын. Бұл да бір өмірдегі бір баянды бақытым шығар. Сол сәттерде әкем арқалатқан мұрат пен мақсатқа қол жеткізген қлыншақ қызы ретінде перзенттік парызымды орындай алғаныма қуанамын. Әкем менің осы мамандықты таңдауыма себепші болса, бір ғана сабағы арқылы менің осы ғылымға деген құштарлығым мен ынтамды, қызығушылығым мен ықыласымды оятқан Базаркүл апай менің химия әлеміне терең бойлап, біте қайнасып өмір сүруіме мықты дәнекер болды десем, артық айтқандығым емес, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
– Менделеевтің қанатты сөзіндегі «Бұл дүниеде ештеңе жоғалып кетпейді, тек бір күйден екінші күйге ауысады», – деген ұлы ойы мені оқушыдан – ізденушіге, ізденушіден – табысты ұстаз дәрежесіне жеткізді. Алғашқы еңбек жолыды дипломды жас маман ретінде мыңжылдықтар тоғысында шаһардағы жоғары медицина колледжінде бастағаным арада жиырма жылдан астам уақыт зымырап өтсе де әлі есімде.
Он тоғыз жыл бойы кәсіптік білім берумен қатар қаладағы нарықтағы еңбек сұранысына сай түрлі мамандықтар бойынша арнаулы және кәсіби білім беретін жергілікті колледждің оқытушыларына химия пәнінен біліктілікті арттыру бойынша тренерлік қызметті абыроймен адал атқардым. 2020 жылғы қараша айынан бастап А.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясында директордың бейіндік оқу ісі жөніндегі орынбасары, химия пән мұғалімі ретінде шәкірттерге дәріс берудемін.
Ұстазын ұлықтай білген елдің келешегі де жарқын болатындығы даусыз. Ол республикалық «Үздік педагог-2020» байқауында бақ сынап, әріптестерінің арасында мерейі үстем болған он екі ұстаздың қатарында Алғыс хатпен марапатталып, 400 мың теңгенің сертификатын иеленді. Сонымен қатар республикалық деңгедегі бәсекеде үздік ұстаз құрметті атағын алып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің (қазіргі Оқу-ағарту министрлігі) «Үздік педагог» медалі мен 1000 АЕК қаржы көлемінде сыйақысына қол жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Адамзат ақыл-ойының жиынтығы-кітапта болса, білім – соны сақтайтын қазыналы сандық» – деген болатын. Осыған орай пән мұғалімі ретінде әр сабақ сайын оқушыларына ұялы телефоннан қажетсіз дүниелерді көп қарағанды қойып, кітап оқудың пайдалы жақтары көп екендігін ұдайы түсіндіруден жалыққан жан емес.
Мамандығы бойынша таңдаған тақырыбында жылдар бойы үздіксіз ізденіп, ғылыми зерттеулерін әдістемелік оқу құралы ретінде әзірлеген үздік ұстаздың шығармашылық жұмысын осы саланың майталман мамандары жоғары бағалап, құзырлы орындар баспадан шығаруды ресми түрде мақұлдаған болатын. Нәтижесінде «Фармация мамандығына арналған бейорганикалық курсы» тақырыбында жарық көрген оқулық кітапбын оқырмандар жылы қабылдады.
Шымкент қаласындағы он бір медициналық колледждің кітапханаларына 100 кітапты тегін сыйға тартқан үздік ұстазға алғыстарын айтып, ризашылығын білдіргендердың қарасы әрине аз болған жоқ. Бұл оқу-құралы медициналық орта арнаулы кәсіби білім беретін оқу орындарының студенттеріне «Бейорганикалық химия» пәні бойынша жүргізілген дәрістердің жиынтығы негізінде дайындалып, ҚР мемлекеттік жалпыға міндетті білім берудің 2019 жылғы стандартына сәйкес жазылған болатын.
Технологиялық жаңалықтар жылдам дамыған жаһандану дәуірінде білім мен ғылымның сапасын арттыруға халықаралық қауымдастық пен әлемдік деңгейдегі педагогика ғалымдары айрықша ден қойып, баршаға ортақ маңызды мәселелердің оңтайлы шешу мүмкіндіктьерін жан-жақты қарастырып жатқанын көрудеміз. Оқы жүйесі күрделенген кезеңде жаңа қоғамның заманауи мұғаліміне жүктелетін салмақ та бірнеше еселене түсуде.
Тәуелсіз еліміздегі ұстаздар қауымының алдында жай білім беру ғана емес, сонымен қатар өркениет көшіне жол бастайтын, әрі ұлттық рухта сусындаған бәсекеге қабілеті бар біліміне білігі сай тұлға танылған дарынды әрі отаншыл азаматтар тәрбиелеп шығару міндеті тұр. Бұл жолда мұғалімнің кәсіби шеберлігін дамыту, біліктілігін арттыру күн тәртібінен түспейтін жауапты іс болмақ. Дамыған мемлекеттің тірегі білімді ұрпақ десек, уақыт үдерісін сай сапалы білім берумен қатар ғылымның көкжиеген кеңейтудің қажеттілігіне ешкімнің таласы жоқ.
Себебі кәсіби білікті және жан-жақты ізденісі арқылы шығармашылық шеберлігін шыңдауға машықтаған ұлағатты ұстаз қолында адам тағдыры, жұрттың баянды болашағы тұр. Мұғалімнің негізгі мақсаты – оқушылардың қарымы мен қабілетін, танымы мен түйсігін дамыту арқылы білім сапасының артуын ұйымдастыру.
– Қандай да бір жұмысты бастағанда белгілі бір мақсатты орындаудың нақты межесін белгілейтіндігі заңдылық. Менің де ең негізгі көздегенім ақылы топтағы жақсы оқитын, көп балалы отбасыннан шыққан ізденімпаз студенттің зерттеушілік мүмкіндігіне байланысты арнайы тақырып ұсынып, ғылыми жобаны жасауға жетекшілік бағыт пен бағдар беру болатын. Қорытынды кезеңнің ақтық нәтижесінде республикалық және халықаралық конференцияларда бақ сынап, жүлделі орынға қол жеткізу талабы қойылатын.
Өйткені Шымкент медицина колледжінің басшылығы тарапынан алғашқы қатардан көрініп, топжарған үздік студенттердің оқу ақысын төлеу барысында жемісті жетістігі үшін арнайы жеңілдіктер берілетін, – дейді Жадыра Рахманқұлқызы. – Соның бірі ретінде ФЯ 15 тобының оқушысы Абрахманова Элмира шәкіртім толық жүз пайыздық жеңілдікті иеленіп, оқу ақысын төлеуден біржолата босатылғанын айрықша атап айтқаным абзал.
2019 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мем лекеттік университетінде ұйымдастырылған «Ұлы дала жастары – ел дамуының қозғаушы күші» тақырыбындағы жаратылыстану, техникалық, әлеуметтік – гуманитарлық және экономикалық ғылымдар бойынша ХХІІ республикалық студенттік ғылыми конференциясында жетекшілік еткен Мақпал Жәнібек және ФЯ 18 «А» тобының студенті Ғ.Ташкенбай ғылыми жұмыстарымызды конференцияда көрсетіп жүлделі орындарға ие болды.
Қазақстан Жастар жылына арналған «Студенттердің кәсіби құзіреттілігін қалыптастырудағы үйірме жұмысының орны» атты халықаралық ғылыми – теориялық конференциясына жетекшілік еткен ФР «В» тобының студенті С.Әуелбай «Биогаз алу және қолдану биотехнологиясы» тақырыбындағы ғылыми жұмысы экономикалық тұрғыдан тиімді ретінде юағаланып, бірінші дәрежелі дипломен марапатталған еді. Және оқу қысы бойынша елу пайыздық жеңілдікке кепілдеме беретін білім грантын ұтып алған.
Оқыту ортасын жаңадан жасаудың басты шарттарының бірі – мектеп ішіндегі мұғалімдердің ынтымақтастығы сияқты мектептер арасында да ынтымақтастық құру, оқу үдерісіне жаңаша бағыттар енгізіп, желілік қоғамдастық шеңберінде үнемі тұрақты байланыс орнату.
А.С.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназия директоры Гүлназ Сайлауқызы: Алтыншы – оныншы сынып аралығында қабілетті және үлгерімі төмен оқушылармен арнаулы іс – жоспары бойынша жеке жұмыс жүргізіп, саралап, даралап оқытуда. Елімнің болашағы деп үміттенетін бүгінгі жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп, еңбексүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеп, білімі мен өнегесін білімге арнап, бойындағы бар күш – жігерін шәкірт тәрбиелеуге жұмсайтын әріптесіміз Жадыраның еңбегі ерекше.
Химия ғылымдарының магистрі бүгінге дейін жарық көрген мақалалары мен ғылыми еңбектерін экология мен қоршаған ортаны қорғау және адам денсаулығын жақсартуға бағыттады. Жадыра Шәбденның оқушылары пәндік олимпиадаларда, республикалық және қалалық ғылыми жобалар конкурстарында жүлделі орын иеленіп келеді. Ұрпаққа білім берумен бірге заман талабына сай өз кәсіби біліктілігін жетілдіріп отырған ұстаз бірнеше халықаралық ғылыми конференциялар мен олимпиядаларда белсенділік танытқаны үшін ҚР Білім және Ғылым министрлігі «Үздік педагог-2020» төс белгісімен марапатталған мектебіміздің мәртебелі мақтанышы.
Қазіргі таңда, ұлағатты ұстаздың жаңартылған мазмұндағы әдістемелік оқулығы республикада үш тілде химия пәнін оқытуда қолданылып келеді. Бұдан бөлек, Ұлттық зияткерлік меншік институты тарапынан «Фармация мамандығына арналған бейорганикалық курсы» атты ғылым туындысына патент берілген. Жадыра Рахманқұлқызының жаңашылдығы, әр баланың жан дүниесін терең зерттеп, тұлға ретінде қалыптасу жолында атқарған еңбектерінің арқасында әріптестері мен шәкірттері алдында зор құрметке ие.
– Білім алушылардың оқу үлгеріміне әсер етуші жағдайлар және оны жақсарту алгоритмі бойынша 27 сыныптан (6-10 сыныптар) зерттеу фокусын анықтап биылғы республикалық тамыз конференциясында 2021-2022 оқу жылында мектептің олқылықтарын жою мақсатында зерттеу жұмыстары жүргізіп, зерттеулерімен бөлістім. Оқыту ортасын жаңадан жасаудың басты шарттарының бірі-мектеп ішіндегі мұғалімдердің ынтымақтастығы сияқты мектептер арасында да ынтымақтастық құрып, оқу жылында оқытудың сәттілігіне әсер ететін маңызды факторларды анықтауға Lesson Study үдерісі бойынша зерттеулерді қарастырдық, – дейді кейіпкеріміз.
Мектептегі зертеуші мұғалімдердің таңдап алған және зерттеулеріне бейімделген тақырыптары, сыншы достары және тұрақты бақылаушылары бірлескен түрде жұмыс жүргізді, сабақта қолайлы психологиялық орта орнаттық, зертеу нәтижесімен республикалық тамыз конференциясында барлық әріптестерімның ортасына осы ұсыныс-пікірім талқыға салып, жеке ойыммен бөлістім. Мемлекеттің бізге жүктеген талабы заман көшінен қалмай кәсіби шеберлігімізді шыңдау арқылы бәсекеге қабілетті білімді ұрпақты тәрбиелеп, білім сапасын мейлінше арттыру.
Мұғалімінің педагогикалық іс-әрекетінде мұғалімнің жеке тұлғасы, оның кәсіби қызметінің мотивтері мен мақсаттарын, еңбекке деген көзқарасын және қарым-қатынасын айқындайтын оның өмірлік құндылықтары, қызығушылықтары мен қажеттіліктері маңызды орын алады және оған қанағаттануды өмірлік құндылықтар ретінде қабылдаймын, – деп әңгімесін түйіндеді шымкенттік үздік ұстаз Жадыра Рахманқұлқызы.
Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ
Загрузка...