Қорқыт университеті: Жаңа идея жеңімпаздарына оқу гранты табысталды

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Болашақ біздің қолымызда» тақырыбында Республикасы күніне арналған «SMART CITY KYZYLORDA HACKATHON 2022» облыстық IT жобалар хакатоны өтті. Байқауға қатысқан жастар «Әзірлеу», «Медиа&Білім», «Модельдеу» бағытында сайт, мобильді қосымша, бот және ойындар, роботехника және анимациялар мен медиа өнімдерін ұсынды, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен өткізілген идеялар байқауын «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ұйымдастырды. Байқауға 270 өтінім қабылданып, оның 100-ге жуығы іріктеуден өтті. Байқау қорытындысы бойынша Қызылорда қаласындағы №140 мектеп оқушысы Аружан Қыдырбай «Медиа&Білім», Қазалы ауданының №103 мектеп оқушысы Бейбіт Рахымжан «Модельдеу», №14 мектеп-лицей оқушысы Нұрбек Райханов «Әзірлеу» бағытында жеңімпаз атанып, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім грантына ие болды.

«IT жобалар байқауына «Біз айтамыз…» сараптамалық жобасын ұсынып, білім грантын жеңіп алдым. Жоба – медиа кеңістікте оқушыларды мазалайтын құқықтық, әлеуметтік сұрақтар төңірегінде түрлі сала мамандарымен алтын көпір орнатуды көздейді. Алдағы уақытта жобамды одан әрі дамытып, өзекті мәселелерді қозғағым келеді. Ауқымды жобаға оқушыларды да қатыстырғаны – біз үшін үлкен мүмкіндік», – деді Аружан Рүстемқызы.

Мұнан бөлек, жеңіс төрінен көрінген І орын иегерлері Оралбек Абдуллаев, Әділ Серік, Еңлік Мұратбекке 70 мың теңгеден,  ІІ, ІІІ орын алған қатысушыларға қаржылай жүлде мен арнайы сыйлықтар табысталды. Байқаудың жалпы жүлде қоры 450 мың теңгені құрады. Үздік жобаларымен алға шыққан жастарды облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов пен Қорқыт ата университеті Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартай, Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Майнұр Бөрібаева марапаттады.

Айта кетейік, университеттің Кәсіпкерлік орталығы бес жыл ішінде 7 000-нан аса жас кәсіпкермен жұмыс істеп, 384 стартап жобаның жүзеге асуына ықпал етті. Осыған дейін әртүрлі бағыттағы жаңа жобаларға 65 670 000 теңге инвестиция тартты. Сондай-ақ, облыс көлемінде «Smart city Hackathon», «PechaKucha Night Kyzylorda», «Startup roadshow», «Enactus Kazakhstan roadshow», «Startup Talapker incubation», «Innofest» облыстық инновациялық жобалар фестивалі», «SLL  workshop», «SocInn startup», «NoCodeDay», «Open Speech Kyzylorda» жобалары сәтті жүзеге асқан болатын. Алдағы уақытта Inno Fest байқауын өткізу жоспарлануда.

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий