Ұлт ұстазы ұлықталды

Қазақ – қаншама қиын кезеңді басынан өткізіп, қасіретті тағдыр кешкен халық. Бұл ұлтымызды жаңылдырып, бедерлі бағытынан адастырмай қоймады. Рухани құлдыратты. Десек те, сол бір нәубет жылдарда халықтың санасын оятқан ұлы Ахметті, ұстаз Ахметті бүгінгі ұрпақ ұмытпай, есінде сақтады. Туған халқының жарқын болашағы үшін өз басын қатерге тігіп, бүгінгі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды сыйлаған Ахметті жас ұрпақ ұмытпақ емес.

Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақтың даңқты тарихын жасаушы аяулы перзент ретінде таниды, құрметтейді. Оның қалың ұйқыда жатқан халықты оятуға арналған отты жырлары әр перзенттің жүрегінде жаттаулы. Ахмет Байтұрсынұлының болашақ ұрпағына жасаған ерен еңбегін дәріптеу – әр қазақтың міндеті деп білемін. Биыл 150 жылдық мерейтойы қарсаңында ұлтымыздың ұлы перзентін ұлықтаудың орайы келіп, Маңғыстау облысының білім басқармасы арнайы іс-шаралар жоспарын жасақтады.

Жоспар аясында барлық білім беру ұйымдарында ұлт зиялысының шығармалары насихатталып, түрлі байқау-сайыстар, конференциялар мен семинарлар, танымдық шаралар, тақырыптық кештер өткізіліп, «Ахмет. Ұлт ұстазы» фильмінің көрсетілімі ұйымдастырылды. Ал облыстық деңгейде білім басқармасы Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларының желісі бойынша бейнелеу өнері байқауын, «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының рухани көсемі» атты облыстық эссе байқауын және ұлт ұстазының өмірі мен шығармашылығына арналған сахналық қойылым байқауын өткізді.

Бейнелеу өнері байқауына қатысушы мектептер мен колледж студенттеріне ақынның 40 мысалынан шығармалары бөлініп берілді. Сол бойынша орындалған жұмыстар қазылар алқасы тарапынан іріктеліп, жүлделі орындар белгіленді. Ал эссе байқауына мемлекеттік тілде оқытпайтын мектептер мен колледждердің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері қатысты. Ұлт ұстазының өмірі мен шығармашылығына арналған сахналық қойылым байқауына 15-16 жас аралығындағы оқушылар мен колледж студенттерінен құрылған жастар ұжымы қатысты.

Ұжым Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолынан, шығармашылығынан және ұлт ұстазының өмірі мен қызметі туралы жарық көрген «Ахмет. Ұлт ұстазы» фильмінен мағынасы жағынан аяқталған қойылымның электронды нұсқасын ұсынды. Қазылар алқасы оқушылар мен студенттер ұсынған сапалы жұмыстарға тәнті болды. Жастардың Ахмет атаның қазакқа жасаған жақсылығын, ұлтты сақтау жолында талай тар жол тайғақ кешіп, басын қатерге тіккенін жан-тәнімен ұғынатындығы көңіл қуантты.

Аталған байқаулардың жеңімпаздары қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған «Қазақ тілі мен әдебиеті: оқыту мәселелері және жаңа көзқарас» облыстық форумда салтанатты түрде марапатталды. Астана қаласы әкімдігінің «Білім беруді жаңғырту» орталығы мен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM SHOOL мектеп-лицейі бірлесе ұйымдастырған «Ахмет және болмыс» республикалық танымдық-шығармашылық фестивалінің «Ахмет және шамшырақ» драматургиялық байқауына облыстық қойылым байқауының жеңімпаздары Мұнайлы ауданы, №1 жалпы білім беретін мектептің оқушылар ұжымы қатысып, І орынды жеңіп алды.

Ал Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті ұйымдастырған «Мен қазақша сөйлеймін» атты 3 айға созылған республикалық акцияға қатысқан Мұнайлы ауданы, №7 жалпы білім беретін мектеп оқушысы Халиулина Ұлболсын Рашидқызы (ұлты – татар) І орынды жеңіп алды. Ал Муслатдинова Мехрибану, Мажитов Абдулазиз, Аткиева Диана сынды педагогтеріміз Ғылым және жоғары білім министрлігі, Тіл саясаты комитетінің алғысымен марапатталды.

Сонымен қатар, Қарағанды қаласында өткен «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» республикалық байқауына Маңғыстау жоғарғы медициналық колледжінің І курс студенті Турсынбаесв Асадбек (ұлты – қарақалпақ) 50 мың теңгелік ынталандыру сыйлығын жеңіп алды. Бұл жетістіктердің артында этнос өкілдерінің қазақ ұлтына, ұлт зиялыларына деген құрметі жатыр.

Құралай ЖАРЫЛҒАСОВА,
Маңғыстау облысындағы білім берудің
оқу-әдістемелік 
орталығының тілдерді
дамыту бөлімінің жетекшісі, Ақтау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий