“Алтын жұлдызды ұстаз”

Біздің білім ордасында Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері, «Алтын Жұлдыз» және «Отан» ордендерінің иегері, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі», ҚР еңбегі сіңген қызметкер, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин, «Дарын» медальдарының иегері, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының толық мүшесі, Қазақстан гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Семей қаласы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің құрметті профессоры, Жамбыл облысы Жуалы ауданының «Құрметті азаматы», Жамбыл облысының «Құрметті азаматы», Алматы қаласының «Құрметті азаматы» Аягүл Төреқызы Миразовамен кездесу ұйымдастырылды.

Аягүл Төреқызының мектебімізге келуіне себепкер болған, өзінің еңбек жолын Беріктас мектебінде педагог-ұйымдастырушы болып бастаған, қазіргі уақытта Алматы қаласы, Медеу ауданы Ж.Жабаев атындағы №161 лицейде мектеп директоры қызметін атқарып жүрген, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иесі Сұраншиева Роза Махмұтқызы болатын. Құрметті қонақтарды мектеп директоры Аманқұлова Рәйгүл Әскербайқызы, директордың тәрбие жөніндегі орынбасары Қырықбаев Ринат Асхатұлы мен алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі-осы кездесудің өтуіне себепкер болған Өмірзақов Жанбол Тоқтасынұлы қарсы алды.

Қонақтарды оқушыларымыздың дайындаған өнерлерін тамашалау күтіп тұрды. Ішке кіргенде ұлттық киімдегі домбыра оркестері Нұрғиса Тілендиевтың «Әлқиса» күйін тамылжыта күмбірлетсе, мың бұралған биші қыздарымыз «Қазақ биін» ұлттық таным-талғамға сай көркем бейнеледі. Бастауыш сынып оқушыларының «Өзбек биі» қонақтарға тамаша көңіл-күй сыйлады. Екінші сынып оқушысы Советбек Аяулым мен оның сыныптастарының Бота Бисенованың «Ұстаз» әнін нақышына келтіріп шырқап берді.

Аягүл Төреқызы оқушылардың өнеріне дән риза болып, оларға өз атынан сыйлықтарын беріп, жас өнерпаздарға тілегін білдіріп, мадақтады. Аягүл Төреқызы мектептің «STEM» кабинетінің жұмысымен 10 сынып оқушысы Сабыржан Әлібек ағылшын тілінде «Робототехника» жөнінде айтып берді. Ұлағатты ұстаз робототехника оқушының ой-өрісін дамытып, оқып, үйреніп, зерттеулер жүргізіп, өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін жеткізді. Келесі кезекте мектебіміздің 1980 жылғы түлегі, интернационалист – жауынгер, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан Серік Әшімовтің мұражайымен оқушылар таныстырып, Аягүл Төреқызы өз кезегінде мұражайдың «Тілек» бұрышына өз қолтаңбасын қалдырды.

Әскери-патриоттық тәрбиенің мектепте жақсы жолға қойылғанын Аягүл Төреқызы әскери жетекші Жанбол Тоқтасынұлының алғашқы әскери дайындық кабинетін аралап көргендегі алған әсерінен аңғаруға болады. Ұлттық құндылықтар негізінде отаншылдыққа, жеке тұлғаны жан-жақты, ұлтжанды, қаһармандық рухта, адамгершілік қасиеттерге баулу дәл осы бөлмеден бастау алып тұрғандай көрінеді.Бұл оқу бөлмесінде қазақ хандық құрғаннан бастап осы күнге дейін тарихтан сыр шертіп тұр.

Қазақ батырларынан бастап, Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, Халық Қаһармандары, Қазақстанның Еңбек Ерлері, Ауған соғысының батырлары, ғарышкерлер, желтоқсан оқиғасына қатысқандар, Қазақстанның 100 жаңа есіміне кіргендер, медценаттар, атымтай жомарт жандар, кәсіпкерлер,өз саласында жетістікке жеткен адамдар мен бейбіт күннің батырлары осы жерден орын алған. Әскери жетекші Жанбол Тоқтасынұлы осындағы жинақталған материалдармен қысқаша таныстырып өтті. «Алтын жұлдызды ұстаз» әскери дайындық оқушыларға патриоттық сезімді бойларына ұялату,отан сүйгіштік рухта тәрбиелеу,еліміздің өсіп-өркендеуі үшін қызмет ететін жастарға бағыт-бағдар беретін пән екенін атап өтті.

Бір айта кететін жайт, интернационалист-жауынгер Серік Әшімовке арналған мұражай мен оқушылар дәріс алатын алғашқы әскери дайындық кабинетіндегі материалдар, көрнекіліктерді Жанбол Тоқтасынұлы өзінің жеке қаражатына жинақтаған. Оның өз мамандығын бар ынтасымен ерекше сүйетіндігі,патриоттық тәрбиені басты мақсат деп санайтын нағыз патриот азамат екені көрініп тұр! Мектеппен танысқан соң Аягүл Төреқызы мен Роза Махмұтқызы Шолпан Қисымбетованың «Аягүлім» әнімен сыр-сұхбат өткізу үшін ішке кірді. Оқушылар мектеп, ұстаз туралы:

Мектеп деген білім кені, жыр кені,
Мектеп деген ғылымның ең үлкені
Мектеп деген тәрбиеші адамға
Мектеп деген даналардың мекені.
Ұстаздар! Қандай ғажап халықсыздар!
Шәкіртке шыңдай биік алыпсыздар
Жан біткен жанарына нұр сыйлаған
Күндей боп күлімдеген жарықсыздар! – деп жыр шумақтарын арнады. Алғашқы сөз Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері «Алтын жұлдызды ұстаз» Аягүл Төреқызына берілді:

– Мені алғаш мектеп директоры қызметіне тағайындаған кезімде, бұл жұмысты алып кете алам ба қалай болар екен деп жүрексінгенім рас. Барлық білімімді, күш-жігерімді бала тәрбиесіне арнадым. Тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылдығында Республикадағы ең таңдаулы мектеп атандық, 20 жылдықта тағы да еліміздің ең таңдаулы мектебі болдық. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында Алматы қаласы бойынша қала әкімінің ең таңдаулы мектебіне айналдық. Міне,өстіп «Үздік мектеп» болып келе жатқан жайымыз бар.

Мен «Алтын Жұлдыз» аламын деп ешқашан ойламаппын.Бұл бақыт маған туған күнімде, тура 60 жасқа толғанымда ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Алтын Жұлдызбен» қоса «Отан» орденін тапсырды. Осылайша мен Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері атандым.Бұл атақ ұстаздардың ішінен маған бірінші болып кеудеме тағылғанмен, осы марапат республикамыздағы еңбек етіп жатқан ұстазға деген құрмет пен баға болды деп есептеймін. Бұл жетістіктің бәрі бүкіл ұжымның арқасы деп білемін.Мектеп директоры тек басқарушы ғана, тек сол кісінің айтқанын орындап, бірге көмек беріп, бірге жүріп, жарысқа да бірге қатысып, бірін-бірі қолдап, қуанышты да бірге бөлісіп отырса,сонда ғана жоғары нәтижеге жетеді.

Қазақ айтады ғой «Қуана білгенге құт қонады,бағалай білгенге бақ тұрады, – дейді. Әр нәрселеріңді бағалай біліңдер, балалар айналайын қуана біліңдер, өз қуанышына кімде болса да қуанады, ал біреудің қуанышына қуана алу екінің біріне беріле бермейді, сол біреудің қуанышына қуана білу керек. Бүгін сіздердің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Жанбол ағайларыңыздың кабинетін көріп таң-тамаша қалдым, тұнып тұрған тәрбие. Кабинеттің ішіндегі дүниелерді бойларыңа құйып шықсаңдар, кімнің кім екенін біліп, сол адамдардан үлгі-өнеге алып өссеңдер,сендердің өмірде жақсы адамдар болатындарына сенімдімін.

Аягүл Төреқызы сұхбат кезінде «Ұлттық мектеп қандай болуы керек?» дегенді қалай түсінесіз деген сұрақтарға жауап беріп,өз ойымен бөлісті. Жиынға қатысып отырған оқушыларға тілегін білдіріп,аналлық ақ батасын берді.Өз атынан мектепке,мұғалімдер мен оқушыларға алып келген сыйлықтарын табыстады. Шолпан Қасымбетованың Аягүл Төреқызына арналған «Аққу құсым аруым» әнінің ырғағымен қонақтарға мектеп ұжымы атынан сыйлықтар табысталып,оларға құрмет көрсетіліп,көтеріңкі көңіл күйде тарқасты.

Мектеп директоры Аманқұлова Райгүл Әскербайқызы іс-шараны қорытындылай келе, есте қаларлық керемет кездесудің ұжым қызметкерлері мен шәкірттер үшін ерекше әсерлі болғанын айрықша атап айты. Тәрбиелік тағылымы зор рухани және адамгершілік тұрғыдағы жаңаша жүздесудің кемел кейіпкері Аягүл Төреқызы мен Роза Махмұтқызына алғыс білдірді. Құрметті қонақтар бірегей басқосуды жоғары деңгейде ұйымдастырған ұжым басшысы мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қырықбаев Ринат Асхатұлына, педагог-ұйымдастырушы Төлембай Азиза Сейітханқызына ризашылықтарын жеткізді.

Беріктас ауылындағы орта мектеп
ұжымы, Алматы облысы, Жамбыл ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий