NIS-те жүзден аса ауыл оқушылары мен мұғалімдері цифрлық және көшбасшылық дағдыларды үйренеді
Ақтөбе қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде IQanat хакатонының ашылуы өтті, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.
Төрт күнге созылатын шараға Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарынан тоғызыншы сынып оқушылары қатысады. NIS мұғалімдері цифрлық, көшбасшылық және шығармашылық дағдыларды дамыту бойынша семинарлар жүргізеді.
– IQanat жобасын іске асыру ауыл оқушыларын қолдауға және оларға сапалы білім алуға мүмкіндік беру ниетімен біріккен қазақстандық кәсіпкерлердің – қор қамқоршыларының қолдауының арқасында мүмкін болды. Барлық бағдарламалар IT дағдыларын дамытуға бағытталған, олар – WEB бағдарламалау, SMM негіздері, Python бағдарламалау тілі, мобильді қосымшаларды әзірлеу, мобилография, – деп бөлісті IQanat қорының PR директоры Мирас Іргебаев.
Хакатонның бірінші күні бағдарламалау, мобильді қосымшаларды әзірлеу, жаңадан бастап SMM оқыту, фото және бейнелерді өңдеу бойынша сабақтар өткізілді. Сонымен қатар, 9-сынып оқушылары үшін психологиялық тренингтер мен шығармашылық шеберханалар, ұлттық және спорттық ойындар ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Математикалық батл» интеллектуалдық сайысы өтті. Әрбір оқушы ұсынылған бес білім беру бағдарламасының таңдауы бойынша үш курсты оқуды таңдады.
– Бүгін біз веб-сайттарды, бағдарламаларды, мобильді қосымшаларды жасауды үйрене бастадық. Мобилография, SMM сияқты жаңа заманауи тақырыптарды зерттеудеміз. Сондай-ақ рухани-психологиялық тренингтер өткізілді. Каникулда уақытымды пайдалы өткізіп, өзіме қажетті білім алып жатқаныма қуаныштымын. IQanat Қорына және NIS мұғалімдеріне рахмет! – деді Атырау облысынан келген Ахад Темір.
Іс-шара аясында педагог-куратор-ұйымдастырушылар мектеп қонақтарына баланың тұлғалық дамуына бағытталған «100 ән», «Туған елге тағзым», «Ұлы дала ақындары», «100 кітап», «NIS talks» сияқты желілік жобалармен таныстырады. IQanat хакатоны Ақтөбе, Орал, Семей, Шымкент және Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің базасында өтеді. Шараға 643 оқушы мен 32 мұғалім қатысуда.
Загрузка...