Үздік ұстаздың үлгісі: Ақтөбе облысы: “Алтын масақ” – жүзеге асқан жаңаша жоба

Біздің аймақта оқушыларды кәсіпке баулу ісі мемлекеттік деңгейде ілгері дами бастады. «Алтын масақ” атауымен ұйымдастырылған игіліктер мектебі біздің білім ордасында менің жетекшілігім бойынша дайындалған игі жоба болатын. Түрлі деңгейдегі түрлі зерттеулерден кейін ресми түрде қолдау көрсетіліп, толыққанды жүзеге асырыла бастады.

Бұл әлеуметтік жобаның ең негізгі мақсаты балғындарды өмір игіліктеріне кәсіптендіру. Көзделген басты міндет – жасөспірімдердің ғылыми-өндірістік еңбектерін ұйымдастыру және нарықтық экономика жағдайында өмір сүруге бейімдеу. Сондай-ақ, мектептің  инновациялық дамуын қалыптастыру. Бұл моделдің гипотезасы білім ордасының ғылыми-өндірістік еңбегін жүзеге асырудағы материалдық базасын толықтыру, материалдық толықтырулар, мектеп шеберханасын модернизациялау, мектепте «Алтын масақ» ғылыми-өндірістік алаңының мәдени ландшафтасын қалыптастыру, өндірістік еңбекке қажетті шикізат материалдарымен еңбек құралдарымен қамтамасыз ету және оқушылардың ғылыми-шығармашылық еңбектерін ұйымдастыру.

“Алтын масақ” игіліктер мектебі моделінің берер шарапаты да мол. Атап айтсақ,  оқушыларды еңбекке тәрбиелеу арқылы адамгершілік қасиеттерін және біліктілік қабілеттерін қалыптастыру, қазіргі экономикалық ахуал жағдайында оңтайлы өмір сүруге,  табыс табуға үйрету. Бұған қоса, қол өнер өндірісі арқылы қазақ халқының дәстүрлі тарихи тәжірибесін бүгінгі ұрпаққа жеткізу және ұлттық санасын қалыптастыру, ұлтжандылық идеяларын жүзеге асыру.

Әрі кәсіптік бағдарлы білімді ұйымдастыру арқылы қоғамға пайдалы өнімді еңбек өндіру және содан пайда табу. Сонымен бірге өсімдік, бау-бақша өнімдерімен оқушыларды агротехнологиялық кәсіптік бағдарлы білімге және еңбек іс-әрекеттеріне кәсіптендіреді. Одан түскен пайда мектептің әлеуметтік топтағы отбасы балаларына жұмсалмақшы. Бұлардың барлығы жас қанаттылардың бойына «Қазақстанның жеті қыры», «Мәңгілік ел» идеясын,  «Рухани жаңғыру» және «Мәдени мұра» бағдарламарының құндылықтарын дәріптейді. Бұдан өзге, балғындар экологиялық және экономикалық құндылықтарды да сіңіреді.

Игілігі зор “Алтын масақ” мектеп моделінің ерекшеліктері ауыз толтырып айтарлық. Тізбектесек: білім мен ғылымның, өнер  мен өндірістің ықпалдасу өрісіндегі педагогикалық қызметі; педагогикалық модель политехнизм технологиясына негізделуі; Stem технологиясы; мектеп телімін жоспарлауы мен ұйымдастыруы; оқушылардың өндірістік еңбегін ұйымдастырудың құқықтық-экономикалық моделі; халықаралық және республикалық түрлі ұйымдармен серіктестік әріптес орнатуы; іс-тәжірибе тарату өрісі (бүкіләлемдік, халықаралық, республикалық, аймақтық ); Зияткерлік өнімдердің авторлық куәлікке ие болуы.

Былғары түскиізді көркем етіп безендіру

Жобаны жүзеге асыру барысында «Алтын масақ» ігіліктер мектебінің командасы құрылды және қызметтегі командалар рөлі бекітілді. Олар  ментор, маркетолог, шебер деп жіктелді. Яғни оқушылар өздерін бағдарламаны жүзеге асыратын тәжірибелі маман (кәсіпкер, кеңесші, тәлімгер) ретінде,  тұтынушылармен тығыз байланыста болып, өнімнің жақсы жақтарын, пайдасын, маңызын айтып, телефон қоңырауларына жауап беріп,  Instagram-да пост жариялайтын маман, өнімді жасап шығарушы, өнім өндіруші өнімнің сыртқы қаптамасын дайындаушы рөлінде көрді.

Бұл әлеуметтік жобадағы оқушылардың өндірістік-технологиялық үдерісі қол еңбек әдістеріне және еңбек құралдарына негізделген. Мұндағы қол өнер технологиясының шикізат көздеріне ірі қара малдың терісі және табиғи бояулар негізге алынған. Осылайша, дәстүрлі шеберлердің әдісі бойынша тері сүт қышқылына салынып иленеді және өсімдік бояуларымен боялады. Көркемдеу әдістері – бедерлеу, батырма, өрім өру, таптауырын қалыптау, үзбелеу және тағы басқалары жасалынады. Бұған құралдар ретінде талқы, бәкі, талыс, ағаш ыдыс, қырғыштар, сүмсуір, біз, қайшы, және тағы басқалары қолданылады.

Торсық бетіне бедерлі ою салу

Сондай-ақ, өсімдік өсіру агротехнологиясы: көктемгі топырақ өңдеу, егу, тыңайтқыш ендіру, дәрі себу, суару, арам шөптермен күресу, тұқым себу. Жазғы агротехнология: тыңайтқыш ендіру, суару, түптерін босату, арамшөптермен күрес. Күзгі агротехнология: бау-бақша орнын тазалау,топырақ аудару, жеміс ағаштарын дәрілеу және әктеу. Тәжірибеде алдымен қалыптау тәсілі арқылы теріге өрнек салынды.  Қалыптың бетіне өңі астына қаратылып төселді. Сөйтіп балғаның жіңішке басымен және қадаубаспен теріні таптай ұру арқылы оған бедер түсіреді. Бұл әдіс халық шеберлерінің арасында таптауырындалған өрнек деп аталады.

Демек, қолданылған әдіс таптауырын деп аталады. Бұл тәсілді бірнеше рет қайталауға тура келеді. Өйткені тобарсыған теріні бедерлі күйге түсіру үшін бірнеше рет таптай ұру қажет екен.  Кейін бедерлі өрнек жиектерін шуда жіппен кестелейді. Кестелеу әдісі өрнек жиегін қуалай отырып жиектеліп тігілді. Шуда деп түйе жүнінен оның ішінен мойын жүнінен иерілген жіпті айтады. Содан соң металл жапсырмалармен безендірілді. Оған қолданылатын металл түрі – мильхер. Мұндағы жапсырма дегеніміз жұқа қаңылтырдан қалаптау тәсілімен жасалатын өрнек қалып.

Теріге бояу сіңіру процесі

«Алтын масақ» мектеп бағында өсімдік шаруашылығын ұйымдастыру алдын ала жоспарланады. Сол бойынша ерте көктемгі жұмыстар да басталады. Яғни жеміс ағаштарының төменгі және зақымданған бұтақтарын қырқу, ағаштардың қабығын зиянкестерден қорғау үшін әктеу, өткен жылғы қалған жапырақтарды тырмамен тырмалап жинау, топырақ қопсыту және органикалық тыңайтқыштар енгізу, жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызу, жер телімін өсімдіктер егуге дайындау, мөлдектерге бөлу,атыздар мен ұяшықтар жасау, топырақты құнарландыру, тұқым егу сынды жұмыстар жасалады.

Өсімдік шаруашылығының жазғы агротехнологиялық жұмыстары да бір төбе. Оқушылар өсімдіктерді күтіп баптайды. Арамшөптерді қырқып, зиянкестерден тазартады.  Тұрақты  кесте бойынша суарады. Ғылыми бақылау жүргізеді. Жазғы маусымдық еңбек лагерін ұйымдастырады. Міндетті түрде зерттеу нәтижелерін күнделік дәптерге толтырып жүреді екен.

Мектеп бағындағы көктемгі жұмыстар

Күзгі агротехнологиялық жұмыстарында балғындар өсімдік өнімдерін жинаумен,  өнімдерді есепке алумен, өнімдерді мектеп жәрмеңкесіне шығарумен, мектеп бағын жазғы қоқыстардан арамшөптерден тазартумен, жеміс ағаштарының артық бұтақтарын қырқу, әктеу және дәрілеумен, зерттеу нәтижелерін жинақтаумен айналысады.  

Осы орайда саналы ұрпақ тәрбиелеу барысында ұмытыла бастаған ұлттық құндылықтарымызды қайта қалпына келтіру бағытындағы жаңаша жобаны мақұлдаған салалық министрліктің мамандарына, қажетті қолдау көрсеткен облыстық білім басқармасының басшысы Батырхан Жолдас Нұрланұлына, тиісті көмектерді ұйымдастырған Темір ауданы білім бөлімінің жетекшісі Өсербаев Азамат Мәлікұлына, бар мүмкіндіктерді қарастырған мектебіміздің директоры Қазиева Индира Есенжолқызы мен әріптестеріме және барлық жанашыр жандарға жаңа жобаға қатысушы оқушылар мен ата-аналарының атынан ризашылығымды жеткізгім келеді.

Нұрлан Сәулебайұлы ЖАҚЫБАЕВ,
№1 Шұбарқұдық мектеп – гимназиясының
көркем еңбек пәнінің мұғалімі, ҚР 2014 жылғы
үздік педагогі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің
иегері, Ақтөбе облысындағы Темір ауданының
Шұбарқұдық кенті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий