Жамбылдық ұстаздар жеңімпаз атанды
ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы арасындағы әлеуметтік әріптестік аясында алғашқы мәрте республикалық мұғалімдер спартакиадасы мәреге жетті. Тұңғыш рет ұйымдастырылған спорттық шараның ашылу рәсіміне ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» басшысының кеңесшісі Қалел Жахин мен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева қатысты.
Тараз төрінде үш күнге созылған бірінші республикалық мұғалімдер спартакиадасында еліміздің әр аймағынан 700 астам ұстаз кіші футбол, волейбол (ерлер, әйелдер), үстел теннисі спорт түрлері бойынша бақ сынады. Спортшы-ұстаздар арасындағы бәсекеде шағын футболдан жүлделі бірінші орынды Ақтөбе облысы, екінші орынды Жамбыл, ал үшінші орынды Шымкент қаласының ұстаздары жеңіп алды.
Волейболдан ерлер арасында бірінші орынды Жамбыл облысы, екінші орынды Алматы облысы, үшінші орынды Астана қаласының командасы жеңіп алса, әйелдер арасында бірінші орынды Алматы қаласы, екінші орынды Шымкент қаласы, жүлделі үшінші орынды Астана қаласы қанжығаларына байлады. Үстел теннисінен бірінші орынды Шымкент қаласының, екінші орынды Қызылорда облысының, ал үшінші орынды Абай облысының спортшы ұстаздары жеңіп алып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Жалпы командалық ұпай бойынша 68 ұпаймен үшінші орынға Ақтөбе облысының командасы ие болды. Жеңіске құштарлық танытып, жалпы есепте 71 ұпай иемденген Қызылорда облысының ұстаздар командасына екінші орын бұйырды. Спорт додасының бірінші орын иегері болып 72 ұпай жинаған әулиеаталық спортшы-ұстаздар танылды.
Спартакиада ұйымдастырушысы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы атынан үшінші орын иегері – Ақтөбе облысының командасына – 300 000 теңге, екінші орын жеңімпаздары Қызылорда облысының командасына 400 000 теңге; бірінші орын иеленген Жамбыл облысының командасына – 500 000 теңге табысталды. Одан бөлек жеңімпаздар медальдар мен Дипломдарға ие болса, барлық қатысушыларға Салалық кәсіподақ атынан Алғыс хат берілді. Жеңіс құтты болсын, құрметті жамбылдық спортшы-ұстаздар!
Ләззат ТҮРКІСТАНОВА,
Астана – Тараз – Астана