Мемлекет басшысы бүгін Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесті

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев облыс халқымен кездесуінде өңірдің ерекшеліктеріне тоқталып, өлкені жан-жақты өркендетуге толық мүмкіндік бар екенін атап өтті. Сондай-ақ тәуелсіздік жылдарында тұрғындарының саны 2,5 есе өскен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы ой-пікірін жеткізді, – деп хабарлайды “Ақорда” ресми сайты.

Маңғыстау облысында балабақша мәселесі толық шешімін таппаған, 10 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Сондай-ақ 13 мың оқушыға мектептен орын жетпей жатыр. Апатты жағдайдағы, үш ауысыммен оқытатын мектептер бар. Президент осы мәселелерді айта келе, балабақша салуға мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін пайдалану керек екенін атап өтті. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Маңғыстау аймағында алдағы үш жылда 21 мектеп салынатынын айтты.

Мемлекет басшысы мұның өзі жеткіліксіз екеніне назар аударып, бұл жұмыста бизнестің мүмкіндігін кеңінен пайдалану қажеттігін еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге қажетті кәсіби кадрларды даярлау ісіне баса мән берген жөн деп есептейді. Оның айтуынша, биыл жоғары оқу орындарына 73 мың грант берілген. Бұған қоса, Президент батыс облыстарының түлектеріне қосымша 10 мың грант бөлуді тапсырған болатын. Соның 6 мыңы Маңғыстауға берілді.

– Бірақ бұл гранттың төрттен бірі ғана игерілген. Бұл – түсініксіз жағдай. Оның үстіне облыста білікті мамандарға деген сұраныс өте жоғары екені белгілі. Ашығын айтсақ, жоғары оқу орындары және құзырлы министрлік кәсіби бағдар беру жұмыстарын ойдағыдай атқармай отыр. Түлектерге және ата-аналарға қосымша грант бөлінгені туралы толық ақпарат жетпей жатады. Ғылым және жоғары білім министрлігіне арнайы білім беру гранттары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуді тапсырамын. Аймақта жастардың грантпен білім алуы, маман тапшылығы, түптеп келгенде облыстың дамуы – бәрі өзара тығыз байланысты мәселе. Сондықтан облыс әкімі бұл мәселені мұқият қарастыруы керек, – деді Президент.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий