Болашақ автокөлік технигі

Елімізде кәсіптік-техникалық бағыттағы мамандарға сұраныс күн санап артып келеді. Колледждерде мемлекеттік білім гранты артып, техникалық мамандықтарға басымдық берілуде. Бүгінгі мақаламның кейіпкері – Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің IV курс №19-2 топ «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығының студенті Ақжолов Рамазан Русланұлы. Өзім Рамазан оқитын топтың топ кураторы, әрі арнайы пән оқытушысымын.

Рамазанның машинаға деген қызуғушылығы бала күнінен оянған. Қазақта: «Әке көрген оқ жонар», – деген қанатты сөз бар. Рамазанның әкесі Руслан Ақжолұлы Әйтеке би кентінде көлік жөндейтін азаматтардың бірі, білікті моторшы болып халыққа қызмет көрсетуде. Ал Рамазан оқушы кезінен әкесіне көмектесе жүріп, осы мамандыққа қызығушылығы артқан. Ол бұл күнде  колледж базасында өзі қалаған мамандығын оқып, білім алуда.

2020 – 2021 жылдары «Жас маман» жобасы бойынша еліміздің 180 колледжі заманауи құралдармен жабдықталса, соның бірі – Қазалы аграрлы-техникалық колледжі. Колледж «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» және «Ауылшаруашылық техникаларына  техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандықтары бойынша түрлі заманауи құрал – жабдықтар сатып алынды. Атап айтқанда, заманауи компьютерлік диагностикалық құралдар, электр бөлшектерін тексеретін стендтер және оқу-өндірістік машина бөлшектері және тағы да басқа көптеген қондырғылар.

Студенттердің теориялық білімін практикамен ұштастыру арқылы білігі мен дағдысы қалыптасады. Материалдық – техникалық базаның  нығаюының арқасында біздің колледжде соңғы екі жыл қатарынан WorldSkills кәсіби шеберлік Чемпионатының облыстық кезеңін өткізу жолға қойылды.  Аталмыш чемпионатқа «Жеңіл автокөліктерге қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» құзіреттілігі бойынша колледжішілік чемпионаттан бірінші орынды жеңіп алған Рамазан қатысқан. 2022 жылы өткізілген WorldSkills кәсіби шеберлік Чемпионатының облыстық кезеңіне қатысқан Р.Ақжолов бас жүлдені жұлып алып, қараша айында Астана қаласында өтетін республикалық чемпионатқа жолдама алды.

Яғни, республикалық чемпионатта Қызылорда облысының намысын қорғайды. Айта кетейік, «WorldSkills» халықаралық қозғалысы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және оларды танымал етуге бағытталған әрі білікті кадрларды даярлауда жаңа трендтер жасайды. Ал, әлем чемпионатында құрлықтың 80-нен астам елі қатысады. Қазақстан «WorldSkills International (WSІ), WorldSkills Europe (WSE) және WorldSkills Asia (WSА)» толық құқықты мүшесі болып табылады.

Бүгінге дейін еліміздің 17аймағынан 450-ден астам жас маман (22 жасқа дейінгі) «WorldSkills»-тің 18 конкурстық алаңында 30 негізгі және серіктестердің алаңында қырықтан аса қосымша құзыреттіліктер (мамандықтар) бойынша бақ сынап келді. Жалпы конкурсқа қатысушыларды бес жүзге жуық сарапшы бағалайды. Мұндай Чемпионаттар білікті кадрларды даярлауға, жаңа идеялар мен трендтер жасауға, кәсіби білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді және кәсіби шеберлік дағдыларын жетілдіру орталығына айналады деп есептеймін.

«WorldSkills» қозғалысы халықаралық деңгейдегі жаңа маманды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Бабы келіскен студент осы кездері «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету» құзыреттілігі бойынша жетекшілері арнайы пән оқытушылары Е.Саниязов, Ө.Өтегеновтермен теориялық тұрғыдан дайындалса, модуль бойынша тапсырмаларды орындап, практикалық дағдыларын аға шебер Қ.Орынбасар және өндірістік оқу шебері Қ.Сатаров үйретуде.

Олай болса, еңбекқор, ізденімпаз шәкіртіміздің бағы мен бабы қатар шауып, Қазақстанның чемпионатында жүлдеге иеленсе деген тілегіміз бар. Жолың болсын, жарқын елдің шамшырағы!

Өркен ӨТЕГЕНОВ,
Қазалы аграрлы – техникалық
колледжінің арнайы пән оқытушысы,
Қызылорда облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий