“AgroSkills – 2022” республикалық кәсіби шеберлік байқауында қазалылық колледж студенті топ жарды

Ауылшаруашылығы мамандықтарының мәртебесiн арттыру, бәсекеге қабiлеттi мамандарды дайындау, кәсіби шеберлiкке нақты қадам жасау, шеберлік дағдыларын дамыту, кәсіби құзыреттiлiктердi дамыту және жоғары кәсіби білікті мамандардың беделін жоғарылату, елiмiздiң экономикалық өсуiне бiлiк пен дағдының маңызын көрсету мақсатында колледж студенттері арасында «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы, «Ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторист – машинисті» біліктілігі бойынша «AgroSkills» республикалық кәсіби шеберлік байқауы өтті.

Байқауға Алматы облысы, Түркістан облысы, Қызылорда облысы, Жамбыл облысы, Жетісу облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Ақтөбе облысы, Батыс Қазақстан облысынан колледж студенттері қатысты. Қызылорда облысының техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының арасынан жеңімпаз атанған Қазалы аграрлы – техникалық колледжінің 07161600 – «Ауылшаруашылығын механикаландыру» мамандығының ІІ курс студенті Тәжібаев Ердос Талғатұлы қатысты. Ердос осы байқауға қатысқандардың ішіндегі 16 жастағы ең жас қатысушы болды.

Жеңімпазды республикалық кәсіби шеберлік байқауына «Педагог-сарапшы» санатты өндірістік оқыту шебері Есенов Серікбол Жиентайұлы дайындады. Өндірістік оқыту сабақтарында колледж базасында бар техникаларды жүргізіп, жөндеп үйренсе, өндірістік «Агро-Өркен» ЖШС базасында «МТЗ-1221» тракторын аспалы соқасымен сегіздік айналымнан жүріп өтуді, «Беларусь-1221» тракторына агрегатталған «ПОН -4-45» соқасымен жер жыртуды меңгерді.

Ердостың үздіксіз дайындығы мен ұстазының еңбегі ақталды. Бес модуль бойынша тәжірибелік тапсырманы орындаған қатысушылардың көрсеткен нәтижелерінің бағалау критерийлері бойынша Қызылорда облысының намысын қорғаған Ердос Тәжібаев жүлделі үшінші орынды иеленді. Колледж студенттерінің республикалық байқауға қатысып жүлдегер атануы«Жас маман» жобасының жемісі. Ердос пен Серікбол Жиентайұлын жеңістерімен құттықтай отырып, алдағы кәсіби байқауларына сәттілік тілейміз!

Қуат ОРЫНБАСАР,
Қазалы аграрлы – техникалық колледжінің
аға шебері, 
Қызылорда облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий