Беделі биік білім ордасы
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде білім ордасының жарты ғасырлық мерейтойына орай салтанатты шара өтті, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.
Шараға университетті әр жылдары басқарған ректорлар, Сенат және Мәжіліс депутаттары, университет қызметкерлері, зиялы қауым, БАҚ өкілдері қатысты. Алдымен Ілияс Жансүгіров ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақын рухына тағзым етті. Салтанатты шарада университет түлектері, ардагерлері, құрылымдық бөлім қызметкерлері «Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне 50 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

Шара қонақтары оқу орны бас ғимаратының фойесінде «Жетісу университетіне 50 жыл: білімге, ғылымға, мәдениетке қосқан үлесі» атты көрмені тамашалады. Мерейтойға орайластырылған іс-шара аясында университеттің дәріс залына білім ордасының түлегі, Халық қаһарманы, қазақ ғарышкері Айдын Айымбетовтың есімі берілді. Сондай-ақ, «Журналистика және ақпарат» білім беру бағдарламасының оқу радиостудиясы ашылды.
Университет ректоры Қуат Баймырзаев: «Университетімізде Телестудия, Радиостудия бар. Алдағы уақытта Фотостудия ашатын боламыз. Барлығы суденттерінің игілігі үшін» – деді. ҚР Парламент мәжілісі депутаты Әлия Әбсеметова заманауи талаптарға сай білім ордасының бүгінгі студенттеріне қызығатынын айтты. «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ-нің төрайымы Мұқашева Айгүл Мақсатқызы Жетісудың әуе толқынында ғана емес, мәңгілік ел аспанында самғайтын, танымал, кәсіби мамандар шығатынына зор сенім білдірді.
Үш күнге созылған кең ауқымды шара мерекелік концертпен жалғасын тапты. Университеттің 50 жылдығына орай «Болашақ ұрпағы: ғылым мен білімнің тәжірибесі мен болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Мақсаты білім берудің заманауи моделінің теориялық және практикалық негізінде тәжірибе бөлісіп, пікір алмасу. Конференция пленарлық және секциялық отырыс түрінде өтті.

Халықаралық жиынға Латвия Республикасы Даугавпилс университетінің физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессоры (доцент) – Светлана Игнатьева арнайы келді. Жетісу облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Даурен Оналбаев, І.Жансүгіров атындағы ЖУ-дың молекулалық генетика және геномика зертханасының меңгерушісі, PhD Канат Ермекбаев қатысып өз баяндамасын жасады. Пленарлық мәжіліске Ресей, Түркия елдеріндегі жетекші университет ғалымдары онлайн қатысты. Спикерлер білім берудің заманауи моделі, ғылымның, техника, технология, экономика және құқық саласының даму жолдарына тоқталды. Әр спикер өз елдіндегі білім берудің озық тәжірибесімен бөлісті.
Қосымша ақпарат: Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің тарихы 1972 жылдан басталады. Білім ордасы алғаш рет ашылғанда Талдықорған педагогикалық институты ретінде 255 студент қабылдап, физика, математика, орыс тілі және әдебиеті, қазақ мектептерінде орыс тілі мен әдебиетін оқыту мамандарын даярлады. Алғашқы жылдары 5 кафедрада 25 оқытушы болды. Олардың 11-і ғылым кандидаты еді. 1977 жылы оқу орнына қазақ халқы үш бәйтеректің бірі, ақын және қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтың есімі берілді. Бұл университет тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі болды.
Қазақтың дүлдүл ақыны, жыр құлагері есімін иемденген білім ордасында «музыкалық педагогика» факультеті ашылды. Ал 1980 жылы «Мектепке дейінгі тәрбиелеу», 1986 жылы «Дене шынықтыру» сынды жаңа факультеттермен толықты. Сондай-ақ, «Жалпы техникалық пәндер», «Педагогика және алғашқы оқыту әдістемесі» кафедралары құрылып, «Инженерлік педагогика» және «Бастапқы оқытудың әдестемесі» факультеттері ашылып, Жетісу өңіріндегі білім кемесі қанатын кеңге жайды. Алғашқы жылдары Институт қабырғасында «Қуыршақ» театры, «Россияночка» вокальды ансамблі, «Назигум» ұйғыр ансамблі, «Жетісу» халық ансамблі және орыс халық аспаптар оркестрі құрылды. Бұл институттың рухани-мәдени өміріне тың серпін берді.

Ақын өмірінің деректі ескерткішіндей болып Ілияс Жансүгіровтың әдеби-мемориалды мұражайы сән түзеп, үлкен тарихтың тереңде жатқан тамырын тапқандай мұрағат қорлары жинақталды. 1989 жылы жалпы көлемі 2062 мың шаршы метрді құрайтын үш оқу залы бар кітапхананың құрылысы аяқталуы – білім ордасының рухани өміріндегі маңызды шаралардың бірі болды. Бұл кітапхана студентттердің мәдени-ағартушылық ғимаратына айналды. Білімгерлер жатпай-тұрмай ізденетін қазына мекенінде алғашында 200 мың кітап болатын.
1994 жылы ҚР министрлер кабинетінің №584 қаулысына сәйкес «Ілияс Жансүгіров атындағы мемлекеттік университеті» болып қайта құрылып, білім теңізіндегі алып кем секілді жаңа белеске қадам басты. 1989-2001 жылдар аралығында университеттің материалдық техникалық базасы жаңарып, оқу ғимараты, стадион салынды. Бұл студенттер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға оң ықпал етті. Университет студенттері халықаралық, республикалық және аймақтық білім, ғылым, өнер және спорт жарыстарында жүлделі орындарға ие болып, оқу орнының мерейін тасытуда.
Маман даярлау заман ағымына қарай жан-жақты кәсіби құзыреттілігін шыңдауды қажет етеді. Әлемдегі беделді университеттердің тәжірибелеріне сүйенер болсақ, олар ұстаз дайындаумен шектелмей, қоғамға қажетті білікті маман даярлауды алға қояды. Мемлекеттік стандарт негізінде оқу жоспары жасалып, 17 жаңа мамандық ашылып, аймақтағы кадрлар тапшылығын реттеуге өз үлесін қосты. Мамандандырылған тестілеу орталығы құрылды. Бұл тұрғыда Жетісу университетін өңірдегі мамандар мен ұстаздар ұстаханасы десек артық айтқандық емес.

Ал 1999 жылы 21 сәуірінен бастап ҚР Үкіметінің №441 қаулысы бойынша «І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті» болып аталды. Жетісу жеріне тартудай болған «ЖМУ» атауы көпшілік көңілінен әлі өшкен жоқ. Университтің өсуі, өрлеуі, алға жылжуы тоқтаған жоқ, жанданып, білім арнасы, ғылым көкжиегі кеңи түсті. Бірқатар мамандықтар бойынша аспирантура ашылды. Ғылым мен техникалық прогресс күн өткен сайын әлемге өзіндік жаңашылдығымен, инновациялық жаңа жобаларымен, заманауи технологиялық өзгерістерді алып келуімен ерекшеленуде.
2001-2008 жылдар аралығында университет ұжымы оқу үрдісін жетілдірді. Белсенді оқыту әдістері мен жаңа технологиялар кеңінен пайдаланылды. Рейтингтік-тестік білім бағалау жүйесін енгізді. Еліміз қазіргі таңда әлемдік білім жүйесімен жан-жақты ықпалдасып, ғылым мен білімді заман талабына сай дамытудың даңғыл жолына түсті.
Жетісу университеті де 2000 жылдары Корей Республикасы Сэнжуй қаласы, Британ Кеңесімен, Корей Республикасының ағарту орталығымен қарым-қатынас орнатып, олардың одан әрі дәйекті дамуына негіз қалады. Ресей және Туркияның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен ғылыми, оқу-әдістемелік байланыс аясы кеңіді. Оқу орны 2008 жылы 18 қыркүйекте университеттердің Ұлы Хартиясына мүшелікке қабылданды. Білім мен ғылым саласында көптеген әлем елдерімен қатынастар орнатқан. Оның ішінде АҚШ, Еуропа, Орта Азия елдері мен ЕАЭО-ның озық оқу ордалары бар. Кейінгі жылдары бұл бағыттағы ынтымақтастық тіпті нығая түскен.
Загрузка...