Қостанай облысындағы ауыл мектебінде жеке зертхана мен телестудия ашылды
Қостанай облысының Сарыкөл ауылында ауылдық тірек мектебінің тұсаукесері өтті, – деп хабарлайды осы облыстың білім басқармасының баспасөз қызметі.
№ 1 Урицкий жалпы білім беретін мектебінде 300 бала оқиды. Мектеп «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық бағдарламасы аясында жарақтандырылған үшінші ауылдық тірек мектеп. Жобаның тұсаукесер рәсіміне Қостанай облысы әкімінің орынбасары Е.М. Спанов, білім басқармасының басшысы З.Ә. Байменова, қор өкілдері, мектеп педагогтері қатысты.

Облысы әкімінің орынбасары Ерлан Махмұтұлы Спанов өзінің құттықтау сөзінде: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру сапасын арттыруға зор көңіл бөліп жатыр. Біздің тікелей міндетіміз – жергілікті жерлерде балаларға барлық қажетті жағдайлар жасау. Бүгінгі таңда мектепте сапалы оқу процесін ұйымдастыру үшін тиісті жағдайлар жасалуда. Және сіздердің міндетіңіз – балалардың бәсекеге қабілетті және табысты болуы үшін оларға іргелі білім беру».

Мектепте материалдық-техникалық база толық жаңартылды, 32 оқу кабинеті мен шеберханалар жарақтандырылды. Материалдық базаны жаңарту үшін «Қазақстан халқына» қоры 249 825 000 теңге көлемінде қаражат бөлді. Сондай-ақ, демеушілер қатарында «Қазақстан халқына» қорына қаражатын жіберген Beeline Қазақстан компаниясы бар.
Пәндер мен бағыттар бойынша оқу кабинеттерімен бірге мектепте FabLab, арт-студия, телестудия сияқты қосымша білім беру кабинеттері жабдықталды. 31 қазан мен 1 қараша аралығында педагогтар Көкшетау қаласының НЗМ базасында пән мұғалімдеріне арналған 14 мектептік пән бойынша екі күндік офлайн оқыту курстарынан өтті.
Тұсаукесер барысында оқыту бағдарламасының нәтижелері айтылып, мектептің жаңартылған материалдық базасы көрсетілген. Мұғалімдер қазір олардың алдында үлкен мүмкіндіктер ашылғанын, сабақтарда ең заманауи жабдықтарды, зертханаларды, шеберханаларды пайдалануға болатындығын атап өтті. Бұл оқытудың инновациялық нысандары мен әдістерінің қолданылуын кеңейтеді.

Еске салсақ, 2022 жылдың маусым айынан бастап «Қазақстан халқына» қоры «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасын іске асыра бастады. Бағдарламаның мақсаты – еліміздің мықты мектептерімен тығыз әріптестікте тірек ауыл мектептерін дамытудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ ауылдық мектептерді материалдық-техникалық жарақтандыру және педагогтердің кәсіби дамуында тең жағдайлар жасау есебінен аумақтық және әлеуметтік-экономикалық белгілер бойынша білім беру сапасының алшақтығын қысқартуға жәрдемдесу. Ауылдық 17 тірек мектебін жабдықтау жоспарланған.
Жобаның бюджеті 4 млрд 250 млн теңге (1 мектепке 250 млн теңге есебінен 17 мектеп) бөлінген. Бүгінгі таңда Ақмола, Павлодар және Қостанай облыстарында үш тірек ауылдық мектеп жарақтандырылды.