Қазақстандағы қолжетімді әрі сапалы білім –  басты басымдық

Қазақстан бүгінгі таңда  жаңа саяси-экономикалық өзгерістерге бет бұрған жаңа кезеңге аяқ басты. 2022 жылдың 20 қарашасы күні Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы өтеді. Бұл – біздің тәуелсіз Қазақстан дамуының тарихындағы үлкен саяси ірі оқиғалардың бірі болмақ. Парламенттік партиялар мен қоғамдық ұйымдарды жұмылдырған Халық коалициясы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын Президент үміткерлігіне ұсынып отыр. Осыған байланысты еліміздің БАҚ беттерінде алдыңғы жеті жылда орындалатын Президенттікке үміткердің даму концепциясының үлгілері жария етіліп, талқылауға түсіп жатыр.

Елімізде Президент ұсынған  экономика, әлеуметтік сала мен өңірлік саясаттағы түбегейлі өзгерістер туралы бастамалар көтеріліп, саяси-құқықтық саланы жетілдіруге, сондай-ақ азаматтық қоғамды дамытуға үлес қосу көзделмек. Қазір әлемде болып жатқан шиеленістер мен экономикалық дағдарыстардың  салдары біздің елімізге де айтарлықтай әсерін тигізіп отыр.

Жаhандық әлемде болып жатқан сын-қатерлер, түрлі сипаттағы халықаралық шиеленістер біздің елімізге экономикалық жағынан өз ықпалын тигізуде. Осындай жағдайларға  төтеп беру үшін қоғам уақыт талабына сай дамуды қарастырады. Әрине, осы тұста еліміздің саяси тұрақтылығын сақтап қалудың басты маңызы айқын бола түспек. Тәуелсіз ел ретінде ынтымақ пен бірлігімізді нығайта отырып, демократиялық құндылықтарды  қалыптастырып, жаңа Қазақстанды жұдырықтай жұмылып, бірге құруға ұмтылуға тиіспіз.

Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасында халықтың мұң-мұқтажына естуші мемлекет ретінде құлақ асып, оның жүзеге асырылуына байланысты атқаратын қадау-қадау істері жұртшылыққа таныстырылып жатыр. Соның бірі  ЖОО-лардағы Қазақстандағы қолжетімді әрі сапалы білім беру басты басымдықтардың бірі ретінде көрсетілді. Қазіргі уақытта әлемдік деңгейдегі зерттеу университеттері сапалы білім, зияткерлік және мәдени дамуды  жоғары оқу орындары ғана емес, сонымен қатар мемлекет үшін бәсекеге қабілетті адами капиталды құратын білім, ғылым және өндірісті интеграциялаудың тиімді формалары құрайды.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КеАҚ даму стратегиясына сәйкес, білім беру мазмұнын халықаралық деңгейде танылған жетекші шетелдік университеттермен үйлестіру мақсатында білім беру үдерісін жаңғырту, оқу бағдарламаларын әртараптандыру үш деңгейде бакалавриат–магистратура–PhD докторантура бойынша  жүргізеді. Сондай-ақ аталмыш ЖОО-да халықаралық стандарттарға сәйкес келетін және білім алушыларға қажетті кәсіби құзыреттер мен практикалық дайындықты  және қазақстандық, халықаралық еңбек нарықтарында олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын ғылыми құрамдас бөлікті күшейтуді қамтамасыз ететін инновациялық білім беруге арналған  кәсіптік бағдарламалар әзірленді.

Жеке білім беру траекторияларының элективті модульдеріне кредиттердің шамамен 25 пайызы тиесілі, бұл базалық кәсіптік даярлықты күшейтуге мүмкіндік береді. Зерттеушілік бағыттарға сәйкес  барлық деңгейдегі білім беру бағдарламаларын бір мезгілде өзектендіре отырып, бакалавриаттың білім беру бағдарламаларын қысқарту үрдісі байқалады.  Бұл ретте жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары: білім алушылардың жалпы санынан магистратура және PhD докторантура бойынша білім алушылар санының тұрақты өсу серпіні атап өтілді.

Магистратура мен докторантураның білім беру бағдарламаларының саны бакалавриаттың білім беру бағдарламаларының санынан екі есе көп, ал университет магистранттар мен докторанттар саны бойынша ҚР ЖОО арасында көшбасшылық орынды иеленеді. Мемлекет басшысы сайлауалды тұғырнамасында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аудару арқылы, жанұядағы әр балаға 18 жасқа толғанға дейін қаржы жинақталып, кәмелет жасына толғаннан кейін баспана немесе білім алу үшін жұмсалатын болады.

Оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды.  Жинақталған қаржы өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік беретіні баршаға аян.  Ендеше Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бұл бастаманы Президент Қ. Тоқаев мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырды.    Ал «Самұрық-Қазына» қоры таза пайдасының кемінде 7 пайызын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударатын болады. Бұл  – Жаңа Қазақстанның сипатына сай келетін маңызды бастама.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына табысы мол кәсіпкерлер мен азаматтар да  демеушілік танытып, қазына байлығының арта түсетініне сенім білдірді. Жалпы, сайлау алды тұғырнамада адам әлеуетін дамытудың, соның ішінде әділетті қоғам, берекелі ауыл құру жағдайында тұжырымдамалар жасалатыны ұсынылды. Ауылдарда  жаңа 700 медициналық нысан ашылады. Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға 1 трлн. теңге бөлінеді. Ауыл тұрғындарына лизинг, яғни жеңілдікпен техника құрал-жабдықтарын алуға жол ашылады.

Ауыл мен қала нарығы бірлескен түрде іске кірісетін болады. Ауыл шаруашылығы саласында 350 мың жұмыс орындары ашылады. Қазіргі таңда ауыз су тапшылығы артқан жағдайда су қоймаларын жасаудың маңызы айырықша болып отыр. Осы мәселені шешу де сайлауалды тұғырнамада басты назарға алынып, 25 су қоймасы салынатыны жөнінде айтылады. Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев бұған дейін Конституциямызға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша қабылданған референдумда мемлекеттік модельді  кешенді түрде трансформациялауды көздейтінін жеткізді.

Бұл жөнінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ж. Түймебаев: – «Ата Заңның 33 бабына енгізілген өзгерістер бүкіл Конституцияның үштен бірін құрайды. Осы реформадан Қазақстан дамуының жаңа кезеңі басталатынын әрбір Қазақстан азаматының түйсініп, ұғынуы аса маңызды. Жыл басындағы Қаңтар оқиғасы елімізде, жалпы қоғам өмірінде, атап айтқанда: саяси-экономикалық, әлеуметтік-рухани салаларда түбегейлі реформалар қажет екенін ашық көрсетті», – деген болатын.

Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы референдумда  еліміз Екінші Республиканың даму сатысына қарай  бет бұрып, мемлекеттік модельдің жаңару процесін бастағандығынан хабар берді. Қазір әл-Фараби атындағы  Қазақ ұлттық университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын қолдау мақсатында көптеген шаралар ұйымдастырылды. Оған қоғам қайраткерлері, сарапшылар, Жазушылар одағының өкілдері, сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің оқытушылары мен ғалымдары белсенді түрде қатысты.

Журналистика факультетінде Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Қ.К.Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасын кеңінен таныстыру мақсатында Президенттікке кандидаттың сенімді өкілі, Қазақстан Жазушылар одағының орынбасары Жақып Бауыржан Өміржанұлымен студенттер мен магистранттардың кездесуі болып өтті. Жиынды журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлы ашып, алдағы Президент сайлауының жай-жапсары туралы әңгімеледі.

Кездесуде Президенттікке кандидаттың Әділетті Қазақстан құру жағдайында басты мақсаттарға жетудің және түрлі әлеуметтік мәселелерді шешудің қадау-қадау жолдары талданып, халық жүрегіне үміт пен сенім ұялататын мүмкіндіктер жайында сөз қозғалды. Бұл бағытта журналистика факультетінің Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының ұжымы да белсенділік танытты. Кафедра меңгерушісі, профессор Г.Сұлтанбаеваның ұйымдастыруымен «Журналистика – әділетті қоғам игілігі үшін» тақырыбында ұлттық рухтағы шығармашылық сағат өтті.

Шығармашылық сағаттың мақсаты – жастарға қоғам алдындағы әділеттілік пен сүйіспеншілікті кеңінен насихаттау арқылы отанға деген патриоттық сезімдерін ояту. Шығармашылық сағатқа деканның оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Әйгерім Болатханқызы, аға оқытушылар Алтын Ақынбекова, Риза Бакенова, Неля Рушанова қатысты. Жақында «Дата журналистика» мамандығының 1 курс  магистранттарымен «Цифрлы Қазақстан құру – әділетті қоғам үшін» атты семинар сабағын өткіздік.

Цифрлы Қазақстанды құру, инфроқұрылымды жақсарту еліміздің дамыған мемлекеттер қатарына қосылуына жағдай жасап қана қоймай, IT мамандары арасында бәсекелестікті арттырып, цифрлық технологиялардың сапасының жақсаруына септігін тигізеді. Журналистика факультетінің магистранттарының қатысуымен өткен семинардың басты мақсаты да осы. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қол жеткізуге болатын мүмкіндіктер мен жетістіктерді ашып көрсету, еліміздің жарқын болашағы үшін жасалып жатқан елеулі жұмыстарға қолдау білдіру, жастарды заман талабына сай маман ретінде даярлау біз үшін басты міндет.

Сонымен қатар, ел ішіндегі өндірісті жаһандық жаңғырту және цифрландыру шеңберінде тоғыстыру керек. Сонда ғана Қазақстан экономикасы дамыған  әлем елдерінің көшіне ілесіп, ақпараттық саланың тың жетістігін пайдаланатын болады. Сондай-ақ  Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасына сәйкес ҚР Мәжіліс депутаттары, саясаттанушы ғалымдар, қоғам қайраткерлері университеттің оқытушы-профессорлық құрамымен, студент жастармен кездесулер өткізілді.

Журналистика факультетінің N5 Студенттер үйінде  Парламент Мәжілісінің спикері Е.Қошановпен кездесу өтті. Кездесуде студенттердің «Әділетті Қазақстан» құру жобасына қатысты қойылған маңызды сұрақтарына жауаптар беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Алда бізді аса маңызды сәттердің бірі сайлау күтіп тұр. Президент сайлауының өткізілуі  – мемлекетіміздің болашағын айқындайтын маңызды қадамдарға жол ашады. Қоғамдағы саяси өзгерістерден кез келген өз ұлтын сүйетін   азамат, сонымен қатар   ғылыми қауымдастықтар мен ЖОО орындары шет қалмауы тиіс деп санаймыз.

Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды тек қана заманауи біліммен қаруланған, бәсекеге қабілетті жастар мен білікті мамандар ғана құра алатындығы ақиқат. Сондықтан Қазақстан тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай, оң өзгерістерге қол жеткізу  үшін өз таңдауымызды жасайық!

Ғалия МАЙКОТОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

журналистика факультетінің доценті,
филология ғылымдарының кандидаты

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий