Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 30 жылдығына арналған гала-концерт өтті

Биыл бауырлас Қазақстан мен Түркия Республикаларының  алтын көпіріне айналып, мызғымас ынтымақ пен берік сенімнің негізі бола білген   Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне – 30 жыл! – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Оқу орны үшін айтулы мерейтойды атап өту былтырдан бері қолға алынып, түрлі деңгейдегі ауқымды іс-шаралар өткізіліп келеді. Ал бүгін университет ұжымы Түркістанның төрінде кең көлемде Гала-концерт ұйымдастырып, жыл көлемінде істелген жұмыстардың әдемі нүктесін қойды. Ахмет Ясауи университеті – тәуелсіздігіміздің құрдасы, егемен елімізде ашылған ең алғашқы халықаралық жоғары оқу орны.

Бауырлас Түркия Республикасымен бекем ынтымақтастық нәтижесінде университет түркі әлемінің ортақ білім-ғылым шаңырағына айналды. Осы 30 жыл ішінде оқу орны жоғары сапалы білім беру, сауатты және білікті мамандарды даярлау, ғылыми ізденістерді қолдау, халықаралық байланыстарды нығайту бағытында үздіксіз жұмыс істеп, әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттердің қатарында енді. Киелі шаһар – Түркістанның өркендеп, дамуына да өлшеусіз үлес қосқан да осы оқу орны.

Сондықтан да университет тарихындағы маңызды шараны бірге атап өту үшін Қазақстан мен бүкіл түркі әлемінен қонақтар қатысты. Көштің басын ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Түркия Республикасының Шетелдік түріктер және бауырлас ұлттар Басқармасының төрағасы Абдуллах Ерен бастап, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысының орынбасары   Өмер Қожаман, Түркістан облысының зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ түркі әлемінің 30-дан астам университетінің ректорлары, қазақстандық 15 университеттің басшылары, университет ұжымы, түлектер мен студенттер жиналды.

Іс-шара аясында «Университет жетістіктері» көрмесі ұйымдастырылып, онда университеттің 30 жылда жеткен жетістіктері, ғылыми өнертабыстары, қоғамға пайдалы болу мақсатында жасаған жобалары, студенттердің шығармашылық еңбектері көрсетілді. Ал негізгі гала-концерттің шымылдығын университет ректоры Жанар  Амангелдіқызы мен ректор өкілі Женгиз Томар ашып,  жиналған көпшілікке ерекше алғысын айтты.  Оқу орны басшылары 30 жыл жүріп өткен белестегі негізгі дүниелерді тілге тиек етті.

«Қазақстан мен Түркия Республикалары басшыларының игі бастамасы болған оқу орнымыз бауырлас түркітілдес елдердің жастарына 30 жылдан бері сапалы білім беріп, болашақ өмірге даярлап келеді. Университетіміз – түркі әлеміндегі ынтымақтастықтың символына айналып үлгерді», – деді Жанар Темірбекова. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Түркістанның рухани орталық болуына Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың үлесі мол. Ал осындай ойшыл, ғұламаның атын иеленген университет Түркістанның ғана емес, барлық Түркі елдерінің мәдениетіне, білім мен ғылым саласының дамуына зор үлес қосып келеді», дей келе ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. 

«Мен осы киелі шаңырақтың тұғырын нығайтып, әлемдік білім және ғылым жүйесіндегі абырой-беделі жоғары оқу орнына айналарына кәміл сенемін», – деп жазған Мемлекет басшысы. Айта кетейік, оқу орнының 30 жылдық мерейтойына орай Түркия Республикасы Ұлы Ұлт Мәжілісі төрағасы Мустафа Шентоп та арнайы құттықтау хатын жолдады.

Ал іс-шараға арнайы келген ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев университеттің еліміздегі білім мен ғылым саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқанын айтып, министр Саясат Нұрбектің арнайы құттықтауын жеткізді.

«Бұл университетті тәуелсіздігіміздің жаршысы, бауырлас түркі елдері арасындағы берік ынтымақтастықтың нышаны деп білемін. Заман талабына сай дамып, түркі тілдес ұлттардан жиналған жастарға дәйекті білім беріп, тәрбиелеп, сара жолға салған, өзіндік брэнді қалыптасқан оқу орны 30 жыл ішінде өте биік табыстарға қол жеткізді», – деп жазған құттықтау сөзінде Саясат Нұрбек.

Бұдан соң оқу орнының басшылары Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға, Түркістан облысының Бас прокуроры Марат Әлихановқа, облыстық соттың төрағасы Тұрысбек Мыятбековке және т.б мемлекеттік органдардың басшыларына университеттің 30 жылдық арнайы төсбелгісін табыстады.  Ал халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы университетке еңбегі сіңген оқытушылардың кеудесіне «Ахмет Байтұрсынұлы» атындағы медальді тақты. Шара әрі қарай мерекелік концертке ұласып, университет студенттері мен оқытушылары «Қожа Ахмет Ясауи» қойылымын сахналап, жиналған көпшілікке түрлі ұлт әндері мен билерінен шашу шашты.

Қосымша ақпарат: Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті – бүгінде еліміздің беделді оқу орындарының бірі. Түркістан қаласын алға қарай дамыту мақсатында, 1991 жылы Түркістан Мемлекеттік университеті болып ашылды. (Қазақ ССР Президенті Н.Назарбаев Алматы қаласы, 1991 ж. 6-маусым. №329 Жарлық). 1992 жылы 1 мамырда Қазақстан және Түркия Үкіметтерінің арасындағы келісім бойынша аталған университет «халықаралық университет» мәртебесіне ие болды. 

Тәуелсіздікпен қатар құрылған оқу ордасын күллі түркі халықтарының данасы атанған, ойшыл, ағартушы, діни қайраткер – Қожа Ахмет Ясауидің есімімен атауында үлкен мән жатыр. «Түркі әлемі» деген қастерлі ұғымның түпқазығы, рухани шаңырағы, ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің отаны – қасиетті Түркістанда бабалар рухы жаңғырып жатыр. Түркістан – тегі бір күллі түркі халықтарының Атажұрты, басын қосып, рухын асқақтататын рухани астанасы! Осы отыз жыл уақыттың ішінде егемен елімізбен бірге өрлеу кезеңін бастан кешірген оқу орда 2020 жылдың басында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен халықаралық университет «Ерекше мәртебеге» ие болды.

Түркі әлемінің жастарына сапалы білім беру және инновациялық оқыту мен ғылыми зерттеулерде көшбасшы болуды мақсат еткен оқу ордасынан бүгінге дейін 90 мыңға жуық түлек түлеп ұшып, әлемнің әр қиырында баба мұрасы мен білімін дәріптеуде. Бүгінгі таңда аты әлемге әйгілі білім ошағында түркі әлемінің 15 мемлекетінен 40-тан астам ұлыс мен ұлт жастары білім алуда. Барлығы 10 мыңнан астам студент 30 жылдық тарихы бар оқу орнында болашақ маман атануға қажетті білім мен дағдыларды үйреніп жатыр. Оқу дәрістерін 58 ғылым докторлары мен профессорлары, 130 философия докторлары (PhD), 277 ғылым кандидаттары мен доценттері, 252 ғылым магистрлері жүргізуде. Оның ішінде Түркия Республикасынан келген профессорлар мен қызметкерлер саны – 65.

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий