Түркі университеттері одағының VІ Бас Ассамблеясы өтті

Киелі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркі мемлекеттері ұйымы Түркі университеттері одағының VІ Бас Ассамблеясы өтті, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі. 

Бас Ассамблеяға мүше мемлекеттер мен байқаушы мемлекеттерден, атап айтқанда Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Венгриядан 49 университет ректорлары, проректорлар, жоғары лауазымды тұлғалар мен өкілдері қатысты. Жиын Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысының орынбасары Өмер Қожаманның, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиевтің, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті Кеңесінің төрағасы Мухиттин Шимшектің, университет ректоры Жанар Темірбекованың және ректор өкілі Женгиз Томардың құттықтау сөзімен басталды.

Түркия Республикасы Ұлы Ұлт Мәжілісі төрағасы Мустафа Шентоп та арнайы Қазақстан мен Түркия арасында берік байланыс орнағанын тілге тиек етіп, түркі дүниесінің білім мен ғылым саласындағы абырой-беделі асқақтай беруіне тілектес екенін айтты. Жиында 2018-2022 жылдары екі кезең қатарынан төрағалық еткен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Сондай-ақ, «Орхон үдерісі» бағдарламасы,, Студенттер кеңесінің жұмыстары, 2023-2024 кезеңінің жол картасы және тағы басқа мәселелер қаралды.  

Басқосуда Түркі университеттері одағына мүше елдерден жаңа университеттерді қабылдау мәселесі де талқыланды. Нәтижесінде, Ассамблеяда Түркі университеттері одағына жаңадан Қазақстаннан – 7, Түркиядан – 7, Өзбекстаннан – 1 жоғары оқу орны мүшелікке қабылданды. Бұған қоса, Ассамблея барысында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Түркі мемлекеттері кеңесі желілік университетін құру туралы ұсынысын айтты.

«ШЫҰ және ТМД желілік университеттері үлгісінде, егер Түркі мемлекеттері кеңесі желілік университетін құратын болсақ, бұл түркі елдерінің азаматтарына толыққанды Түркі мемлекеттерінде оқуға мүмкіндігін ашатын болады. Осыған байланысты барлықтарыңызды осы идеяны қолдауға және оны Түркі университеттерінің одағы аясында жүзеге асыруға шақырамын», – деді вице-министр Қуаныш Ерғалиев.

Басқосу соңында Халықаралық қазақ-түрік университеті төрағалық міндетті Әзірбайжан мемлекеттік экономика университетіне табыстады. Айта кетейік, Түрік Кеңесі Түркі әлемі университеттер Одағы 2013 жылы құрылған. Қазіргі таңда Одаққа Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия елдерінен 40-тан астам университет мүше.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий