«Тұрақты даму мақсатында жаратылыстану-ғылыми білім және ғылым парадигмалары» форумы

Тұрақты даму – қазіргі уақыттың қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, болашақ ұрпақтардың өз қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне қауіп туғызбайтын даму дегенді білдіреді.

Тұрақты даму жолына түсу үшін адамзат Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы «жақсы және тұрақты болашаққа қол жеткізу жоспары» ретінде әзірлеген 17 өзара байланысты мақсаттарды орындауы шарт. 2022 жылдың 24 қарашасында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өткен «Тұрақты даму мақсатында жаратылыстану-ғылыми білім және ғылым парадигмалары» атты Халықаралық жастар ғылыми форумы да осы мәселеге арналды.

Форумның мақсаты – тұрақты даму идеяларына сәйкес қазіргі заманғы жаратылыстану мен білім берудің даму тенденцияларын талдау болды.Форум жұмысының негізгі бағыттары мыналарды қамтыды:
1. Жаратылыстану-ғылыми білім және ғылым парадигмалары.
2. Тұрақты даму мақсатында жаратылыстану-ғылыми білім берудің қазіргі тенденциялары.
3. Тұрақты даму идеяларын іске асырудың аймақтық аспектілері.
4. Аумақтардың қауіпсіздігі мен тіршілік әрекетін қамтамасыз ету мақсатында орнықты даму мәселелері.
5. Пандемиядан кейінгі және жаһандану жағдайындағы кезеңде Тұрақты даму мәселелері бойынша үйлестіру және нығайту.
6. Экологиялық қауіпсіздік саласындағы заманауи білім мен ғылымның тенденциялары.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Жаратылыстану және география институтының ұйымдастыруымен өткен Халықаралық форум аралас (офлайн/онлайн) форматта өтіп, пленарлық және секциялық отырыстарға Қазақстан, Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан, Франция, Жапония және Қырғызстан елдерінің Жоғарғы оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының жас ғалымдары қатысып, өзекті мәселелер төңірегінде баяндамалар жасады. Әсіресе, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеттерінің Жас ғалымдар кеңестері форумның жоғары дейгейде өтуіне септігін тигізіп, белсенділіктерімен көзге түскендігін атап өткен жөн.


Спикерлердің жасаған баяндамамалары мен ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелері төңірегіндегі қойылған сұрақтар мен пікірталастар форумның жоғары дәрежеде өткендігін білдірсе керек. Форум барысында Жас ғалымдар кеңестері бірлескен жобалар мен шараларды қолға алу және өзара ынтымақтастық орнату жайын талқылады. Форум соңында Жаратылыстану және география институтының директоры, география ғылымдарының докторы, профессор Күләш Дүйсенбайқызы спикерлер мен белсенді қатысушыларға алғысхаттар мен сертификаттар табыстап, жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына сәттіліктер тіледі.

Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы: «Тегінде адам баласы – адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық», – деп ғылымның адам мен қоғам дамуындағы рөлін бір ғана сөйлеммен сипаттаған ғой, шіркін! Еліміздің әлем сахнасындағы орны мен рөлі де, экономикалық-әлеуметтік дамуы да барлығы ғылымды өркендету арқылы жүзеге асатыны сөзсіз. Форумға қатысқан ғылымның болашақ майталмандарының қазіргі беталысы, білім мен ғылымға деген құштарлығы және өзара тәжірибе алмасу арқылы өз әлеуеттерін көтере түсуі – көңілге қуаныш ұялатады. Жастардың бүгінгі жетістіктері – біздің тұрақты дамуымыздың кепілі!

Шахислам ҰЗАҚБАЙҰЛЫ,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың постдокторанты, PhD

Қарлығаш МҰЗДЫБАЕВА

Жаратылыстану және география институты

деканының орынбасары,

география ғылымдарының кандидаты



Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий