Аягөздік тірек мектептің әлеуеті артты

Абай облысына қарасты Аягөз қаласында білім мерекесі өтті. Өйткені қаладағы «Қалалық көпсалалы қазақ мектеп-гимназиясы» КММ материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылып, бүгінгі заман талабына сай жарақтанды. Білім ордасы бұл құрметке «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасын іске асыру барысында ие болды, – деп хабарлайды Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.

– Біздің мектебіміз 1981 жылы ашылған. Бүгінгі таңда 1130 бала білім алады. Материалдық базамызды жаңартуға «Қазақстан Халқына» қоры мен кәсіпкерлердің демеушілігінің арқасында қол жетіп отыр. Нәтижесінде қомақты қаржы бөлініп, әртүрлі пәндер мен бағыттар бойынша оқу кабинеттері, STEM зертханасы, Арт-студия және шеберханалар сынды қосымша білім беру кабинеттері жабдықталды. Тіптен телестудия да орнатылды, -дейді Аягөз қалалық көпсалалы қазақ мектеп-гимназиясының директоры Айнұр Қанапиянова.

«Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасының аясында кәсіпкерлер қаржылай қолдау білдірсе,  Білім беруді тұрақты дамыту қоры мен “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ мамандары мектептегі білім беру ортасы мен оқыту сапасына талдау жасап, мектеп ұстаздарының кәсіби өсуіне жағдай жасады. Дәлірек айтқанда, гимназия мұғалімдері ағымдағы жылдың қараша айында Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне келіп, әдістемелік семинарда біліктіліктерін арттырды.

– Биыл еліміз бойынша 17 білім мекемесі тірек мектебі  ретінде таңдалып алынған. Солардың арасындағы аягөздік мектеп ұстаздары бізге келіп, орталық аппараттың білім беру бағдарламалары орталығы мамандарының “Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру» тақырыбымен өткізген курсқа қатысқан. Одан бөлек, қарашаның 28 –нен желтоқсанның 2 –ші жұлдызына дейін 10 тақырып бойынша, онлайн сабақтар өткіздік. Алдағы уақытта байланысымыз бұдан әрі де беки түсетін болады. Аягөздегі аталған тірек мектеп бізден үйренген әдістемелік тәсілді аудан көлемінде тарататын болады, – дейді   Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Наркен Буркенов. Жаңартылған мектеп-гимназиясындағы шараға жергілікті атқарушы орган өкілдері, жоба серіктестері мен демеушілері, мектеп ұжымы қатысты.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий