Мектеп стратегиясы дамуындағы жаңашылдық

Ақтау қаласында Маңғыстау облыстық білім басқармасының бастамашылдығымен «Серіктес топтардың: «Қала-ауыл» мектептерінің даму стратегиясын қалыптастыру» тақырыбындағы республикалық деңгейдегі білім саласының сарапшылары қатысқан маңызы зор ауқымды менторлық жоба өз мәресіне жетті. Осы алқалы басқосуға жиналғандар  ең тиімді жоба аталымын Маңғыстау ауданының №7 мектеп-лицейі иеленуінің куәсі болды. Бұдан бөлек, бағдарлама барысында 3 ауылдық, қалалық серіктес мектеп топтары жоғары нәтиже көрсетті. 

Олар: Ақтау қаласының №14 жалпы білім беретін мектебі мен Маңғыстау ауданы Шетпе ауылының М.Атымов атындағы №6 жалпы білім беретін мектебі, Ақтау қаласының №1 жалпы білім беретін мектебі мен Ақтау қаласының №20 жалпы білім беретін мектебі мен Маңғыстау ауданы Қаратөбе ауылының жалпы білім беретін мектебі. Жеңіс тұғырынан көрінгендерге құнды кітап пен “Білімді ел – Образованная страна” газетінің бір жылдық жазылымын растайтын сертификат табысталды.

Маңғыстау облысы бойынша оқушылардың білім сапасын арттыру мақсатында, биылғы оқу жылынан бастап өңірдегі білім саласының даму стратегиясы әзірлегенін білдік. Осы стратегияның аясында бірнеше жобалар жоспарланыпты. Оның бірі облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен «Серіктес топтардың: қала-ауыл мектептерінің даму стратегиясын қалыптастыру» менторлық жобасы. Бұл менторлық жобаның басты мақсаты ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасының ара қашықтығын жақындатуды көздейді.

Ресми ақпаратқа жүгінсек «Еуразиялық адами ресурстарды басқару» (Eurasian Center for People Management) орталығы мен Маңғыстау облыстық білім басқармасының бірлесуімен ұйымдастырылған бағдарламаға білікті де білгір менторлар Алмагүл Қанағатова, Алина Хаматдинова, Ляззат Булебаева, Нұргүл Кұрманова, Шәкірім Сейсенбайдың жетекшілігімен 23 серіктес мектептің даму стратегиясы әзірленген. Жәнібек Ізтұрғанов «Серіктес топтардың: қала-ауыл мектептерінің даму стратегиясын қалыптастыру» менторлық жобасына қатысушысы. Ол командасымен бірлесе маңғаз Маңғыстау өңірі мектептерінің дамуына жаңашылдық әдістерді енгізудың мүмкіндіктерін қарастыруда.

Топтың стратегия құруда мән берген басты бағыты — тәрбие. Оның ішінде озық ойлы, мейірімді оқушының тұлғалық қабілетін дамыту,  креативтілік ойлауына сәйкес жетілдіру сынды қасиеттерге басымдық берілген.  – Жалпы мектеп стратегиясы 2022 – 2025 жылға дейін мерзімді қамтиды. Өткен 2021-2022 оқу жылының наурыз-сәуір айынан бастап облыс, аудан бойынша 30 мектепті серіктес ретінде дамытуға арналған бірегей бағдарламаны дайындау бойынша жоспарлы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіле бастағаны хабарланды.

Мамыр айынан бастап жаһандық тренд бойынша қала-ауыл мектептерінің серіктестіктері бойынша, Маңғыстау туризм колледжінде ең алғашқы семинар ұйымдастырылған болатын. Жиналғандарға бұл жобаның мәні мен маңызы, алдына қойып отырған мақсаты туралы жан-жақты ақпарат беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілген еді, – деді ол бізбен әңгімесінде.

– Қатысушылар тарапынан қала мен ауыл мектептері арасындағы серіктестіктің мүмкіндіктері туралы түрлі ой-пікірлер айтылып, сан алуан көзқарастар ортаға салынды. Жобаның ең басты миссиясы мен қатар алдына қойған құндылықтарын айқындау, серіктес табу мәселесі сөз болды. Бірақ жалпы қатардан қалмай келеміз. Біз бастапқы кезеңде сенімді серіктес ретінде жақсы бір ұлттық құндылық саласында немесе тәрбиелік бағытта болсын, үйренетін жақсы тұстары бар әрі ортақ мақсат пен бірлескен мүдде тұрғысында ізденісті іс-әрекеттерді ынтымақтастықпен абыройлы атқаратын ұйымшыл ұстаздар ұжымына таңдау жасауды ұйғардық.

Қазіргі кезде осы бағытта жұмыла жұмыс жасаудамыз. Жалпы біздің алдағы үш жылға жоспарлаған бірнеше өзгерістеріміз бар. Олар: жаңа методика, саналы ата-ана, жайлы мектеп.  Білім ордасын дамыту барысында осы үш түрлі ұстанымға басымдық берілмек. Сондай-ақ, Шетпе ауылының  №7 мектеп-лицейінің директоры Жания Қабылқақова да менторлық жобаның игілігімен бөлісті. – Мен менторлық жобаның алғашқы семинарынан бастап, мектебімдегі педагогикалық кеңестің форматын өзгерттім. Ұлан Үсеновтың семинарына қатысқаннан кейін, Ардақ Сәтбекқызы біздерде баланың қызығушылығындағы әлеуметтік желінің бірі TikTok-ты қолға алды.

Қазір оқырман саны көбейді. Қарапайым математиканың котангенс пен тангенсті, балаға саусақ әдісімен түсіндіріп беретін жазба жүктеді. Осылайша, жобаның бірінші дәрісінен-ақ, бізде оң өзгеріс болды. Тағы бір қуантатын жәйт, Сингапур әдісін оқығаннан кейін, сол әдісті пайдалану арқылы бізде оқушылар да өздері Tik-Tok түсіріп бастады. Қазір біздің бейнежазбаларымызд 1,3 милионнан аса қаралым бар. Ұжымдағы педагогтердің жетпіс пайызы жас мұғалім. Сондықтан бәрі кез-келген заманауи дүниені жылдам ой елегінен өткізіп, бойларына тез сіңіру арқылы нақты қорытынды жасауға дағдылана бастаған, – дейді ол.   

Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Динара Жұмашеваның айтуынша осындай нәтижелі көрсеткіштерімен дараланған жергілікті мектептер 2025 жылға дейін даму стратегияларын одан әрі тереңдете жетілдіріп, жұмысын жалғастырмақшы. Жоба барысында талаптарға сәйкес келмеген даму стратегиялары қайтадан қаралып, кәсіби мамандардың сараптамалық талдау жасуына ұсынылады.

– Аймақтағы аудандық білім бөлімі басшыларының басын қосып, бірнеше ай бойы жан-жақты жұмыстар жүргіздік. Көптеген ұтымды ұсыныстар мен пайымды пікірлер сарапқа салынды. Жаңаша ізденістерге талдау жасап, жан-жақты зерделеуге халықаралық және республикалық деңгейде танылған кәсіби мамандарды жұмылдырдық. Жарты жылдан көп уақытқа созылған менторлық жоба барысында білім ошақтарының дамуына қатысты әр түрлі тақырыптар мектеп дамуындағы стратегияны жобалау процессінде көрініс тапқан.

Яғни: білім берудегі замануи бағыттар, жаңа педагогикадағы, жаңа технологиялық ұрпақты оқытудағы заманауи тенденциялар. Мақсат мектепті дамытудағы оңтайлы ұсыныстар арқылы білім ордасы үшін құндылық құрудағы көшбасшылық, зейін қою, олқылықтарды жою, топ пен ұжым құндылықтарын анықтау; қажеттіліктер мен артылатын сенімді ақтау болатын, – деді аймақтың бас ұстазы бізбен сұхбатының барысында.

– Бәсекелестердің артықшылықтары мен кемшіліктерін анықтауда назардан тыс қалған жоқ. Ауқымды шаралардың шеңберінде мектеп стратегиясының жаңа көзқарасы, мақсаттары, міндеттері, бизнес-процестері; мектепті дамытудағы ұйымдастыру мәдениеті; мектептің даму стратегиясын әзірлеудегі мектеп көшбасшысының, ұжымның рөлі нақтыланды. Және мектептің даму стратегиясын жүзеге асыруда басшы мен ұжым үшін әдістемелік нұсқауларды айқындау; жобалық жұмыс 2022–2025 жылдарға арналған мектеп стратегиясын жүзеге асырудың негізі ретінде қарастырылған. Бұл бағыттар бойынша облыстың жалпы білім беретін мектептерінде көшпелі зерттеу әдістері жүргізілді.

– Жаңа жобаны жүйелейтін жоспарлы жұмыстардың негізінде тәлімгерлердің нұсқауымен мектептердің басшылық командаларын оқытуға арналған тиімді тәсілдер мен тың тәжірибелердің қолданудың маңызы ерекше. Осы орайда өңір жетекшісінің қолдауымен облыстағы салалық құрылым қызметкерлері ұйымдастырған бұл ашық алаңның аймақтың барлық педагогтері мен жан-жақтын арнайы шақырылған сарапшы мамандар үшін пайдасы зор.

Бұл басқосудың тобықтай түйініне тоқталсақ, әр мектеп командасы «Оқушылар қай мектепте оқуды армандайды?»,  «Мұғалімдер мен мектеп ұжымы қай мектепте жұмыс істеуді армандайды?», «Ата-аналар балаларын қай мектепте оқытуды армандайды?» деген сан-сауалдарға заманауи тұрғыдан жауап табуға бағытталғанын көреміз. Әрі осы орайдағы мақсаттар мен міндеттерге жетудің мол мүмкіндіктері жасалғаны үшін ұйымдастырушаларға ризашылықпен айтар алғысымыз шексіз, – дейді Eurasian Center for People Management білім бағдарламаларының жетекшісі, мектептерді трансформациялау бойынша сарапшы Алмагүл Қанағатова.

Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында бірнеше күнге созылған алқалы жиында сөз сөйлеген отандық білім саласын ілгері дамыту жолында түрлі зерттеулер жүргізіп, нақты тұжырымдар жасауымен дараланып жүрген танымал тұлғалар бұл жаңа жобаның пайдалы мүмкіндіктерін айрықша атап айтып, іргелі ізденістерді жетілдіру үшін қажетті қолдау мен көмектер көрсетілетіндігін жеткізді. Сондықтан маңғыстаулықтар тарапынан уақыт үдерісіне сай қолға алынған бұл жоба өміршең өзгерістермен толықтырылғаннан кейін бірауыздан мақұлданып, жүйелі жүзеге асатындығына сенеміз.

Ләззат ТҮРКІСТАНОВА,
Астана – Ақтау – Астана

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий