Тіл білімі: Фразеологизмдердің фонетикалық нұсқасы
Тұлғалық жағынан дыбыстық өзгеріске түскен сөздер тобы фразеологизмнің фонетикалық варианттарын құрайды. Тіл білімінде оларды дублет сөздер деп те атайды. Дублет француз тілінде «doublet» – екі, қос деген ұғымды білдіреді. Ал варианттылықта (латынша – өзгермелі) мұндай шек болмайды. Дублет сөздер екі сыңардан тұрса, сөздердің фонетикалық варианты екі немесе одан да көп кездесе береді (абдыра-әбдіре, қарбыз-арбыз-дарбыз).
Дублет пен варианттар туралы қазақ тілшілерінің ой пікірлері негізінен бір арнадан табылады. «Дублет» деген сөз вариант сөзіне синоним болып жұмсалады, алайда екеуінің арасында мағыналық, стильдік айырмашылықтар бар, «вариант» сөзінің ауқымы кең жатады, өйткені ол барлық жарыспалы өзгерісті қамтиды, ал дублет көбінесе лексикалық семантикалық дәлдікті білдіру үшін қолданылады, – дейді И.Ұйықбаев. «Қазақ тіліндегі синонимдер» деген еңбегінде Ә.Болғанбаев дублеттер барлық жерде де бір-бірінен ешбір айырмашылығы білінбейді. Тап сондай теңбе-тең бірдей жұп сөздер ғана дублет деп танылғандығын айтады.
Фонетикалық дублеттер – саны жағынан ең молы, әрі қолдану жиілігі қарапайым сөйлеу тілінің еншісі. Фразеологияның фонетикалық варианттары мына түрде ұшырасады: басқа тілдерден қазақ тіліне енген сөздердің басындағы дауыссыз дыбыстардың алдына ы, і, ұ, ү дыбыстары қосылып айтылуына вариант (дублет) сөздер жасалады. Мұны тілде протеза құбылысы дейді. Мысалы: риза (ырза), ыразы болу – көңілі толу. Ұлың ұрымға (үрімге), қызың қырымға шұбырсын (қарғыс мәнде). Мұндағы «риза» араб сөзі – қанағаттанушылық деген мағынада, ұрым – Рим елі.
Сөз құрамындағы жеке дербес дыбыстардың немесе сөздің бүтіндей түсіп қалуынан – контракциялық вариант пайда болады. Айтуға ауырлау, бір немесе бірнеше дыбыстың түсіп қалуы, сондай-ақ қайталанып келетін буындардың ықшамдалуы мұның айғағы. Тіл біліміндегі мұндай фонетикалық өзгерістер түрін – апакопа дейді. Сөйлеу тілінде қайталана келе түсіп қалатын дыбыстық тұлағаларға мысалдар: өне (өн) бойы, ісі (іс) насырға шабу, сары (сар) уайымға салыну, шарта (шарт) жүгіну, аузын құр (қу) шөппен сүрту.Контракциялық варианттың тағы бір түрі – аферезис – құрамындағы дыбыстардың түсіп қалуы.
Кейде мұндай жағдайда мағыналық саралануына қарай лексикалық варианттарға ұқсап кетеді. Кер ауыз (азу) – қырсық, тілінің ілінгіштігі бар, теріске тартар адам. Көк аяз (айыз) – борсып, көгеріп кеткен қатқыл шикі зат. Мұндағы айыз түркі суық деген мағынада, аяз – қазіргі айтылу түрі. Фразеологиялық тіркестің бір сыңары кейде дыбыс өзгерістерінің нәтижесінде мәндес сөздерге айналып кететін тұстары бар.
Айжан Абдыхановна БАЙТЛЕНОВА,
№ 113 мектеп-гимназиядағы қазақ тілі
мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог
зерттеуші, Алматы қаласы, Әуезов ауданы