Ғылымның отаны жоқ

Қазір елімізде ғылым саласының мәртебесі артып келе жатыр. Оның дәлелі ретінде үстіміздегі жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен жаңадан ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрылғанын көрсетуге болады. Бұл бейіндік ведомстваның міндеттеріне жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, тіл саясаты, ғылым, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мен ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді цифрландыру саласындағы функциялары мен өкілеттіктері берілді.

Осындай оң жаңалықтар ғасырға жақын тарихы бар білім ордасы, ғылымның қара шаңырағы саналған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне де мол әсерін тигізді. Көп жылдардан бері докторанттарды жетілдіріп келе жатқан университет биыл да сапалы ғылыми маман жетілдіру жұмысын жалғастырып келеді. 2022-2023 оқу жылында әлеуметтану мамандығы бойынша 3-курс докторанты ретінде шетелдік тағылымдамадан өттік.

Польшаның астанасы Варшава қаласында Варшава университетінің білім беру факультетінің базасында шетелдік ғылыми кеңесшісінің жетекшілігінде үш айлық шетелдік тәжірибе жинадық. Тәжірибе барысында университеттің және факультеттің кітапханасы толықтай қолжетімді болды. Яғни, жас маман ретінде Польшаның ең үздік университетінің базасында ғылыми зерттеу жүргізуге мүмкіндіктер болды.

Зерттеу нәтижелері аталған университеттің Education Research Quarterly атты ғылыми журналының 2022-жылғы екінші номерінде «Recruiting the high-achieving graduates to teaching profession. The case of Kazakhstan» (Жоғары нәтижелі түлектерді мұғалімдік мамандыққа тарту. Қазақстан мысалы) деген тақырыпта жарияланды. Бұл жағдай шетелдік үздік тәжірибелерді қолдану арқылы Отандық өзекті мәселені зерттеуге себеп болды.

Университеттің бағыттауымен 2022 жылдың күзінде ТМД елдерінің арасындағы «Ең үздік жас зерттеуші – 2022» конкурсына қатыстық. Университет қабырғасында алған білім мен жетекшімнің ақыл-кеңесінің арқасында жүргізілген зерттеу өз жемісін берді. Қазақстандық мұғалімдердің кәсіби-әлеуметтік факторларының талдауы жасалды. Атқарылған жұмыс конкурс қазылары тарапынан жоғары дәрежеде бағаланып 2-дәрежелі дипломмен марапатталдық.

Қараша айында Астанада марапаттау рәсіміне арнайы шақыртылып екінші дәрежелі диплом, «ең үздік зерттеуші» төсбелгісі, мақалалар жинағы кітапшасы және куәлік берілді. Шетелдік тағылымдаманың нәтижесі ТМД елдері арасындағы конкурста да өз жемісін берді. Луи Пастердің «Ғылымның отаны жоқ» деген сөздері болашақ ғалымдардың ғылыми жолын толықтай суреттеп тұрғандай. ҚазҰУ-дың басқа да докторанттары жыл сайын шетелдік тәжірибе жинап, еліміздің ғылым саласына өз үлестерін қосатынына сенім мол. 

Еділ НҰРЫМБЕТОВ,
ҚазҰУ 3-курс докторанты,
Айжан ШАБДЕНОВА,
ҚазҰУ әлеуметтану және әлеуметтік
жұмыс квфедрасының аға оқытушысы

 

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий