Әр бала бір жұлдыз
Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты «Мектепке дейінгі дамыту орталығының» үйлестіруімен биылғы балалар жылы аясында қала көлемінде меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі ұйым бүлдіршіндерімен ұйымдастырылған «Әр бала бір жұлдыз» атты фестивальге 65 сұраныс алынды, – деп хабарлайды осы үшінші мегаполистегі салалық құрылымның баспасөз қызметі.

Келіп түскен сұраныс нәтижесінде 4 ауданда төрт жанр бойынша (эстрадалық вокал, аспапта ойнау, хор, хореография) арнайы іріктеу жасалынып, 25 мектепке дейінгі ұйымның 430 үздік бүлдіршіндеріне гала концертке жолдама берілді. Басты ұстаным балалар бойындағы шығармашылыққа деген талпынысты арттыру, олардың дамуына қолдау көрсету, дәстүрлі ән мен ұлттық аспапта ойнауды дәріптеп, би өнерінің кең ауқымда өрбуіне ат салысу; өскелең ұрпаққа рухани байлығымызды дәріптеу, ұлттық тәлім-тәрбиені бүлдіршіндердің бойына сіңіре отырып, эстетикалық сана-түйсігінің терең қалыптасуына, ізгілік пен адамгершілікке баулу болатын.
Загрузка...Және ұлтымыздың мәдени өнер саласындағы жетістіктерін насихаттап, оның өркендеуіне ықпал жасау бүлдіршіндер концертінің басты мақсаты еді. Басқосуға жиналғандарға ізгі лебізін білдіріп, бақ сынаушы жас өнерпаздарға сәттілік тілеген шаһардың бас ұстазы Жанат Арысбекқызы Тәжиева мәдени іс-шараның соңында белсене қатысқан балабақшаларды Алғыс хаттармен марапаттап, бүлдіршіндерге естелік сыйлықтарды табыстады.