Білім беру платформасы – заман талабы
Қоғамда цифрландыру процесі қарқынды жүріп жатыр, бұл қазіргі кезде жаһандық трендке айналды. Сондықтан альфа буын Интернетті, мобильдік құрылғыларды, цифрлық технологиялар мүмкіндіктерін жиі пайдаланады. Бүгінде білім алушылардың Цифрлық ақпараттық технологияларды білім беру платформаларынан, планшеттерден меңгеріп, жұмыс жасауы заман талабы болып отыр.
Сабақта жаңа ақпараттық технологияны қолдану – әрбір ұстаздың міндеті. Ақпараттық технологияларды сабақта тиімді пайдалану оқушылардың ойлау дағдысы мен компьютерлік сауаттылығын, меңгерген мәліметті есте сақтауын, сонымен бірге креативті болуын қамтамасыз етеді. Оқу-ағарту министрлігінде электронды планшеттерді мектепте қолдану мәселесі қарастырылуда. Планшеттердің оқулықтарды алмастырмайтындығы, оқудың қосымша ресурсы екендігі туралы айтылып, таңдауды ата-аналар мен оқушылардың еншісіне қалдырып отыр.
Планшеттер оқушылардың сапалы білім алуына қосымша мүмкіндік береді. Иә, планшеттер оқу процесіне оң әсерін тигізеді. Плашеттерді оқушылар кез келген уақытта, кез келген жерде қолдана алады. Оның үстіне қазіргі балалар ақпараттық технологиялық құралдарды тез, еркін меңгереді. Планшетпен жұмыс жасау ыңғайлы, оқушының тасымалдауына да жеңіл. Үйде планшеттен ақпараттар алып, берілген тапсырмаларды соның ішінде орындау әлдеқайда қолайлы әрі қызықты. Мұғалімдер үшін де сабақты жоспарлау барысында планшеттің көмегі зор болмақ.
Егер оқушы планшетті пайдаланғысы келмесе, оның дәстүрлі оқулықтарды пайдалануына құқығы бар. Оқушыларға білім беру процесін оңтайландыру мақсатында «Арман-ПВ» баспасы ұсынған бірінші және екінші сыныпқа арналған «Цифрлық сауаттылық» онлайн білім беру платформасы (ekitap.kz) туралы айта кетейік. Бұл платформа Білім беру бағдарламасының жаңарған талаптарына сай жасалған, оқушылардың жас ерекшеліктері ескеріле отырып әзірленген.
Бірінші және екінші сыныпқа арналған онлайн платформа оқушылардың дәстүрлі форматта ғана емес, сонымен қатар қашықтан білім алуына да жағдай жасайды. Оқушы үйден теориялық білім алып, интерактивті қызықты тапсырмаларды орындап, өз білімін тексеруге мүмкіндік алады. Мұғалім де оқушылардың білімін онлайн режимінде бағалайды. Платформада теориялық ақпараттар суреттермен, сызбалармен безендірілген.
Мұнда оқушы тақырыптың теориялық мазмұнын толық меңгергеннен кейін, білімін тексеруіне бағытталған қызықты интерактивті тапсырмаларды, тест тапсырмаларын орындай алады. Ең бастысы, платформаны пайдалану бастауыш сынып оқушыларының сабаққа деген қызығушылығын арттырады. Нәтижесін біз өзіміздің күнделікті тәжірибемізде көріп жүрміз. Оқу құралдарының онлайн платформа түріндегі жаңартылған нұсқасын қолдану – заман талабы. Бұл технологияландырылған оқу процесі болып саналады.
Қорыта келе айтарымыз, білім берудің онлайн платформасы – қоғамда бәсекеге қабілетті болу мақсатында цифрлық технологияларды тиімді қолдануға мүмкіндік беретін инновациялық ақпараттық құрал.
Г.А. КОПЕЕВА,
№13 М.Мақатаев атындағы № 13 мектептің
информатика пәні мұғалімі, «Арман-ПВ»
баспасының авторы, Алматы облысы, Іле ауданы