Маңғыстау облысы: Ұлықталған үздік ұстаздарымыз

2022 жылдың қараша айында республикалық «Үздік педагог – 2022» конкурсының қорытындысы жарияланды. Маңғыстау облысы бойынша Мұнайлы ауданы Шоғы Мұңалұлы атындағы №5 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-шебер Замира Алдабергенова, Мұнайлы ауданы №6 жалпы білім беретін мектептің математика пәні мұғалімі, педагог-шебер Абай Ақтилевов және Ақтау қаласы Х.Өзбекғалиев атындағы жоғары политехникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы Несибгул Карабалаева үздіктер қатарынан көрінді.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақтау қаласындағы «Достық үйінде» облыс әкімі НОҒАЕВ Нұрлан Асқарұлы «Үздік педагог – 2022» байқауының жеңімпаздарын облыс әкімінің «Алғысымен» марапаттап, облыстың үздік педагогтеріне 300 АЕК көлемінде сертификаттар табыстаған еді. Оқырмандардың назарына аймақтың мәртебесін арттырып, барша тұрғындардың мақтанышына айналған үздік ұстаздардың жетістіктерін ұсынамыз.

АЛДАБЕРГЕНОВА Замира Арғынғазықызының педагог ретіндегі жеке ұстанымы: өзіне талап қоя білетін адам өзгеден талап етеді, еңбек еткен жан жемісін көреді, өзі биікке ұмтылған тұлға өзгені де жеткізеді. Мақсаты – ізденуден жалықпау, жаңалыққа құштар болу, үйрете отырып үйрену, үздіксіз оқу, шәкірт тілін таба білу, жеке тұлғаның қабілетін ашу. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің, Маңғыстау облысының білім басқармасының, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның, Әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің, Қазақстан педагогтерінің білімін дамыту және қолдау орталығының, ҚР Білім және ғылым министрінің, республикалық «Дарын» қосымша білім беру орталығының, Халықаралық ғылым мен білімнің инновациялық әдістеме орталығының Алғыстарымен және Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Маңғыстау облысы бойынша «Білім үздігі» премиясының «Дарынды балалар жетекшісі», «Үркер» шығармашылық орталығының «Үздік жетекші» номинанты. 2020 жылы дайындаған видеосабақтарының «Өрлеу» БАҰО білім беру арнасының ресми youtube каналына жүктеліп, іс-тәжірибесі республика көлемінде таратылды. Республикалық «Педагогикалық идеялар панорамасы» бейнесабақтар мен бейнедәрістер байқауының І орын жеңімпазы, халықаралық педагогтерге арналған жалпыресейлік «Лучший открытый урок» шығармашылық байқауында ІІ дәрежелі диплом, ұйымдастырған «Педагогикалық жәрмеңке» конкурсының Жаңа форматтағы сабақ бағыты бойынша І дәрежелі дипломы, «Педагог» республикалық озат педагогтар порталының «Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауының республикалық «Үздік коучинг» номинациясы бойынша І дәрежелі диплом, ұстаздарға арналған эссе жазу республикалық конкурсының ІІІ дәрежелі диплом иегері.

Бақыт Балұлының «Шыңдалу» мектебінің мүшесі ретінде облыстық деңгейде өткізген сабақтары жоғары бағаға ие болды. Қазақ тілі пәнінен жүргізілетін күнделікті жазбаша жұмыстар (оқу-әдістемелік құралы) және «Үш бәйтерек» тақырыбындағы авторлық бағдарламасы таратылды. Ол тәжірибелі де білікті маман ретінде 2020 жылдан бері облыстық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің қауымдастығының төрайымы болып қоғамдық қызмет атқарып келеді. Облыс көлемінде ұйымдастырған вебинар, семинар және ТЕД-Х форматындағы конференциялары көпшіліктің сұранысын қанағаттандыруда.

Оқушылар мен мұғалімдердің байқау-сайыстарында қазылық етіп, шығармашыл, өнерлі, білімді тұлғалардың шыңдалуына өз үлесін қосты. Сертификатталған тренер ретінде мектеп мұғалімдеріне курс ұйымдастырып, сабақты зерттеу әдісінің теориясы мен практикасын үйретіп жүрген білікті маман.

АКТИЛЕВОВ Абай Аманбергенұлы шығыстың ойшыл ғалымы Жүсіп Баласағұнидың «Біле бер қанша білсең тағы тіле, жетерсің мақсатыңа біле біле» деген қанатты сөзін өмірлік ұстанымына айналдырып, өлкеміздің дарынды жастарының қабілеттерін дамытуды мақсат етеді. 2018-2022 жылдар аралығында ҚР Білім және Ғылым Министрлігінің, Маңғыстау облысы әкімдігінің, Маңғыстау облысы білім басқармасының, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының, Алматы облысы білім басқармасының Алғыстарымен және Құрмет грамоталарымен марапатталған.

«Математикалық регата» олимпиадасының облыстық  және аймақтық кезеңдерінде І орын, республикалық және халықаралық кезеңдерінде III орын, Маңғыстау облысы әкімінің «Білім үздігі» конкурсының «Үздік педагогикалық идеялар» номинациясы бойынша жеңімпазы.  «Дөңес көпбұрыштардың бұрыштарының қосындысы» атты әдістемелік құралдың авторы, облыстағы математика пәні мұғалімдері арасында 2 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп жүрген «Математикалық прогрессия» байқауының есептерін құрастырушысы және жоба авторы. Шәкірттері қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары.  

КАРАБАЛАЕВА Несибгул Төлеқызының педагог ретіндегі жеке ұстанымы: «Мен шәкірттерімді ешқашан да үйретпеймін, тек олардың үйренуіне тиімді жағдайлар жасауға тырысамын». Мақсаты – ақпараттық технологияны қолдану арқылы өндірістік оқыту сабақтарында оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру. Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігінің, Маңғыстау облысы әкімінің Алғыстарымен марапатталды. Маңғыстау облысы әкімінің «Білім үздігі – 2018» конкурсында «Үздік өндірістік оқыту шебері» номинациясының иегері.

«Майлау және безендіру жұмыстары», «Кірпіш қалау» бағдарламалары бойынша «WorldSkills Belarus – 2018» III халықаралық кәсіби шеберлік байқауы шеңберінде тағылымдамадан өтті. Мәскеу, Уфа  қалаларында өткен «Worldskills Russia» чемпионатының «Кірпіш қалау» құзіреттілігі бойынша халықаралық сарапшысы, «Майлау және безендіру» құзіреттілігі бойынша Казань қаласында өткен «Worldskills Kazan» әлемдік чемпионатының халықаралық компатриот-сарапшысы, «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық чемпионатының, облыстық «BabySkills» жобасының бас сарапшысы.

«ММ Сервис-2019» ЖШС-нің штаттан тыс тренері, «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамының штаттан тыс тренері, «Тас өңдеуші» мамандығы бойынша республикалық типтік оқу жұмыс жоспарлары мен бағдарламасының, «Құрылыс» бағыты бойынша республикалық ұлттық біліктілік тестілеу тапсырмаларын әзірлеуші. Шәкірттері «WorldSkills Kazakhstan», «WorldSkills Russia», «Batsskills», «BabySkills»,  «WorldSkills Juniors» чемпионаттарының облыстық, республикалық және халықаралық кезеңдерінің жеңімпаздары.

Маңғыстау облыстық білім
басқармасының баспасөз қызметі

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий