Алматыкітап баспасы: Заманауи мектептер. Цифрлық оқулықтарды енгізу және қолдану төңірегіндегі ойлар.

«Алматыкітап баспасы» еліміздің барлық өңіріндегі ұстаздар қауымына арнап «TopIQ.kz» цифрлық  оқулықтар  платформасымен таныстыру және пайдалануға бейімдеу семинарларын ұйымдастырып жатыр. Баспа мамандары бұл семинарларды «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында әрі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқулықтарды цифрлық форматқа көшіру және оқушы сөмкесінің салмағын жеңілдету» тапсырмасын орындау мақсатында жүргізді.

Мұндай іс-шаралар Жамбыл облысының Шу, Қордай, Жамбыл ауданы мектептерінен бастау алды. Одан кейін Ақтау қаласының 28 мектебінде және Маңғыстау облысының барлық аудандарында өткізілді. Семинарлар Қостанай, Батыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола, Ақтөбе облыстарында және Шымкент қаласында жалғасын тапты.  Бүгінде баспа мамандары Алматы қаласы мен Алматы, Жетісу, Қызылорда мектеп ұстаздарына жаңа цифрлық өнімнің қыр-сырын таныстыруда.

Көкшетау қаласының IT-лицейінде және №12 орта мектеп-гимназиясында «Информатика», «География» оқулықтары авторларының тікелей қатысуымен «TopIQ» платформасында ашық сабақтар өткізілді. Семинар барысында еліміздің барлық өңірінің мұғалімдері білім беру платформасының оқу материалдарын жылдам меңгеруге ықпал ететінін айтып жатыр. Оқушылардың білімге деген құштарлығын арттыруға негізделген функциялары мен контенттері жоғары бағаланды.

Заман талабына сай дайындалған отандық цифрлық өнімді жетілдіре түсу ниетінде, мұғалімдер практикасындағы ұтымды ұсыныстары мен өтімді ойларын да ортаға салып жатты. Өңір ұстаздарын электрондық оқулықтардағы интерактивті тапсырмалар мен анимациялық материалдар, әсіресе бастауыш сынып оқушыларына арналған цифрлық контенттер қызықтыруда. Мәселен, Ақтау қаласының ұстаздары «Алматыкітап баспасының» «Әліппе» оқулығын балама оқулық ретінде платформаға енгізуді сұрады.

Жамбыл ауданы Аса ауылының бастауыш сынып мұғалімі «Букварь» оқулығына қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, ұстаздың энергиясын үнемдеуге, оқушылардың білімге деген құштарлығын арттыруға, жан-жақты дамуына аудио, бейне, әдістемелік материалдар оң әсер етеді деп, алғысын айтты. Ал Маңғыстау облысының мұғалімдеріне «Әдебиеттік оқу» оқулығының мазмұндық, әдістемелік тұстарының ұнағаны соншалық, «Ер қанаты – тұлпары» параграфын бірнеше рет қайталап көрсетуді сұрады.

Сондай-ақ, көптеген ұстаздарды планшет мәселесі толғандырады екен. Олар «Планшеттер балалардың көз жанарына кері әсер етпейді ме? Мектепте қолданған техниканы үйге алып кетеді ме? Қағаз оқулықтар мен дәптерлерді қосымша пайдаланады ма? Техника мемлекеттік қордан сатылып алынады ма?» деген сынды сауалдар қойды. Ұлт ұрпағының тәрбиесіне жауапты тұлғалардың осындай өзекті мәселелерді көтеруі көңіл қоншытарлық сәт болды.

Өйткені бұл – болашаққа бейжай қарамағандықтың кейпі. Семинар спикерлері планшет мәселесіне келгенде, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Батырбекұлы Мусиннің журналистерге берген мәлімдемесін алға ала отырып, тұшымды жауаптар қайтарды. Сонымен қатар, қағаз оқулықтар электронды оқулықтармен қатар қолданыста болатындығын да ескеріп кетті. Екі құралды ұтымды қолдану – ұстаздардан шығармашылық шеберлікті талап ететіндікті еске салды.

Ал цифрландыруға арналған планшеттердің сатып алу мәселесіне келсек, ол уақыт еншісінде. Қазіргі таңда баспаның міндеті – жанды, қызықты, сапалы цифрлық білім беру контентін қалыптастырып, қамтамасыз ету. Ұстаздар шалғай аудандардағы интернет жылдамдығы мен мектептерді техникалық жабдықтау мәселелері оң шешімін тауып жатса, платформаны оқыту процесінде пайдалануға дайын екендіктерін де айтты.

Жиын соңында ұстаздарға, Астана қаласы мектеп мұғалімдерінің планшеттің оқушы сөмкесінің салмағын азайтудағы пайдасы жөнінде түсірілген видеосы көрсетілді. Әріптестерінің 3 минуттық бейне түсірілімі көптеген күмәнді сейілтіп, планшет мәселесіне түйін қойды. Гугл және интернет дәуірінде дүниеге келген балалардың білімді қабылдауы мен қорытуы өзгеше. Қазіргінің жастары тек қағаз тасмалдағыштағы ақпаратпен шектеліп қалғысы келмейді, оларда жан-жақтылық пен цифрлық білімге құштарлық басым. Заманның талабы да сондай тұлғаларды талап етуде.

Семинардың негізі бөлімі аудио және видео сүйемелдеумен, «TopIQ.kz» платформасының тиімділігі мен артықшылығына аса мән беріле отырып, таныстырылым форматында ұсынылды. «Алматыкітап баспасы» ұстаздар қауымына аса қажет семинарларын жылдың соңына дейін барлық өңірде өткізуді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде Батыс Қазақстан облысы,  Алматы облысы,  Жетісу облысы және Шымкент қаласының Білім басқармалары осындай іс-шара өткізуге тапсырыс беруде.

Қашықтан оқыту режімінде өткен 2020–2021 оқу жылдарында «Алматыкітап баспасы» дайындаған  цифрлық контент еліміздің көптеген аймағында оқу үдерісіне енгізіліп, халықтың сынағынан мүдірмей өтті. Тәжірибе көрсеткендей электронды оқулықтар – білім беру процесін оңтайлы ететін замануи өнім.

Гулмарал КАБДОЛАШЕВА

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий