Орал қаласы: Педагогикалық идеялар алмасу форумы

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында «Табысты мектептер акселераторы – Акселератор успешных школ» педагогикалық идеялар алмасу форумы өтті. Басқосуға Орал қаласының әкімі М.Сатқанов, Астана қаласы,  Татарстан Республикасының Арск қаласы және Орал қаласы білім беру саласы өкілдері қатысып, жиналғандарға «Басқарудың жаңа моделі»  курсынан өткен оралдық білім беру ұйымдарының модельге бағытталған жобалары таныстырылды.

Форумды қала әкімі Миржан Сатқанов алғысөзімен ашып, өз сөзінде даму жолында өзгерістерді енгізу, тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап, ілгерілуге бағытталған әр бастамаға қолдау көрсетілетінін жеткізді.  – Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біз қазіргі заманның жаңаша талаптары мен үрдістеріне әрқашан сай болуымыз керек» деп баршаңызға үлкен сенім артып отыр. Форум аясындағы идеялар, тәжірибелер бір-бірімізді  шыңдауға, дамытуға ең бастысы жан жақты жетілген, бәсекеге қабілетті тұлғаның қалыптасуына зор ықпалын тигізеді деп сенемін, – деді Миржан Мұнайдарұлы.

Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова еліміздің білім саласындағы жаңашылдықтар, қабылданған «Педагог мәртебесі» заңының артықшылықтары туралы хабарлама жасады. Орал қаласындағы білім беру ұйымдарының желілік қауымдастық аясындағы бірлескен жұмысының  нәтижелілігі, мектеп модельдерін дамытуда «Ұлттық ұстаз» онлайн академиясының ұсынысымен бастау алған «Басқарудың жаңа моделі» крусының тиімділігі  туралы жеткізді. Татарстан Республикасы Арск муниципальды ауданы қалалық білім беру бөлімінің  басшысы Рамиль Мухаммадияров тәжірибе алмасу форумына шақырту үшін алғысын білдіріп, екіжақты ынтымақтастықты нығайтудағы бастамалардың сәтті жалғасуына тілектес екенін айтты.

Орал қаласы білім беру жүйесінің  «Ұлттық ұстаз»  онлайн академиясымен серіктестік байланысы 2021 жылдан бастау алған болатын. 33 мектеп, 45 мектепке дейінгі ұйым және 7 қосымша білім беру ұйымынан 910  педагог академияның модуль бойынша әзірленген курсынан өтті. Корпоративтік басқарудан бастап, оқу бағдарламаларын зерделеу мен вариативтік бөлімді күшейту, білім ұйымын трансформациялау, білім беру ұйымдарының қажеттіліктері және шетелдік тәжірибе кіріктірілген курс барысында қаламыздағы білім ұйымдарының командалары Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары мен Ресейдің Қазан қаласындағы алдыңғы қатарлы білім беру мекемелерінің тәжірибесімен танысты.

Білім беру тәжірибесін өзгерте алған көшбасшы мектептердегі жаңа инновациялық бағыттарды, озық технологиялардың іс-тәжірибеде қолданылуына көз жеткізді. Курс аясында алған білім мен тәжірибе арқылы әр білім ұйымы командасы өсу мен даму нүктесін белгіледі. Мүмкіндіктері мен қауіп-қатерді ескере отырып, жаңа модельді жүзеге асырудың кешенді жоспары негізінде өздерінің даму модельдерін анықтады.

Алғашқы нәтижелер бойынша мектептер мен мектепке дейінгі  ұйымдар даму модельдерінің  жобаларын дайындап, форум барысында қорғады. Білім ұйымдарының таңдаған модельдері әр түрлі. Оның ішінде  зерттеушілік, steam, экологиялық, art және басқа да бағыттар бар. Ең бастысы шәкірттерді жаңаша ойлауға, өмірлік маңызы бар құзыреттер мен дағдыларды игеруге бағытталған.

«Ұлттық ұстаз» онлайн академиясының директоры Гүлмира Қорғанбаева білім ұйымдарының заманауи сұранысқа орай дамуының бірнеше факторын келтіре отырып, ХIХ ғасырдың ұрпағы үшін art, спорт, технокәсіпкерлік құзыреттіліктерін игеруі маңызды екенін атады. Осы ретте «Ұлттық ұстаз» академиясы әр білім ұйымы командасының стратегиялық көзқарастарын өзгертуге, авторлық модельдерін дайындауға жетекшілік жасап келеді.

Бүгінде республикамыздың бірнеше өңірінде білім ұйымдары модельдік бағытта дамуға бет алған. Соның ішінде Орал қаласында ғана білім беру ұйымдарының барлығы – мектепке дейінгі  ұйымдар, мектеп, қосымша білім беру ұйымдары қатысып отыр. Жүздесуге қатысқан Татарстан Республикасы білім ұйымдарының  өкілдері жергілікті  білім саласының  жұмыстарын, дамуға бағытталған жобалары бойынша оң  тәжірибелерді  өз өңірлерінде  енгізуге ықыласты екендіктерін жеткізді.

Форум соңында «Ұлттық ұстаз» онлайн академиясының жетекшісі Гүлмира Аманжолқызы сенімді  серіктестік үшін қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Мүтиғоллақызына, әдістемелік кабинет меңгерушісі Индира Сапарқызына Алғыс хат, «Басқарудың жаңа моделі» курсын тәмамдаған білім беру ұйымдары басшылары мен педагогтарға сертификаттар табыс етті.

Форумның соңғы күнінде мектептердегі практикалық жұмыстармен танысу бойынша жалғасын тауып, тәжірибе алмасылды. Сонымен қатар Орал қаласы білім беру ұйымдарының басшылары Астана қаласында өтетін «Ұлттық ұстаз: қазақстандық білім беру ұйымдарының трансформациялану кейсі» республикалық форумына қатысып, тәжірибелерін бөліспек.

Орал қалалық білім бөлімінің
баспасөз қызметі, Батыс Қазақстан облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий