Батыс Қазақстан облысы: Қадыр Мырза Әлі атындағы мектепке ақынның барельефі орнатылып, әдеби кеш ұйымдастырылды

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 3 қарашадағы №869 қаулысымен Орал қаласындағы №47 ЖОББМ-не Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлінің есімі берілді. Ақынның туған күніне орай есімін иеленген мектепте барельефі ашылып, әдеби кеш ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Батыс Қазақстан облысының орталығындағы білім бөлімінің баспасөз қызметі.



Білім ұясының кіреберісіне ілінген барельефті Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов пен ақын есімінің мектепке берілуіне зор үлесін қосқан Қазақстан Жазушылар Одағы БҚО филиалының төрағасы, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла ашты. Қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов мектеп ұжымын білім ұясына Қадыр Мырза Әлінің есімінің берілуімен ресми түрде құттықтады.

– Өткен жылы өңірлік ономастикалық комиссияға ұсыныс түсіп, комиссия тарапынан мектепке ақын есімінің беруде жұмыстар жүргізілді. Міне, жаңа жылды мектеп ұжымы жақсы хабармен бастап отыр. Жерлесіміз, қазақ даласын өзінің қара өлеңіне қосып, «Қазақтың Қадыры» деген құрметті атқа ие болған Қадыр Мырза Әлінің есімінің берілуі мектеп үшін үлкен абырой. Туған күніне орай барельефтің орнатылуы ақынға деген зор құрмет. Осы мектептің оқушылары Қадырдың өлеңдерін жатқа оқып, даналық ойларын санаға сіңіре өсуі керек. Бұл мектептің ұжымының алдындағы басты міндеттердің бірі болмақ. Білім ұясының қабырғасынан түлеген әр жас ұлы тұлғаның ізімен ел азаматы болуына тілектеспін, – деді Мирболат Сағынғалиұлы.

Ақын, журналист Бауыржан Халиолла бүгінде Қадыр Мырза Әлінің есімі еліміздегі бесінші мектепке беріліп отырғанын (оның екеуі Астана қаласында, үшеуі БҚО-да), болашақта әр өңірде ақын атындағы көше, оқу орындары, орталықтардың көбейе түсуі «ғұмырының ұзақ жасауына» себепші болатынын жеткізді. Орал қалалық білім бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова халқының қасиетін, жерінің көркемдігін келешек ұрпаққа көркем тілмен жеткізген ұлы ақынның есімінің мектепке берілуінің аса маңыздылығын атады.

Сондай-ақ мектептің педагогикалық ұжымына әр сабақты Қадыр Мырза Әлінің даналық сөздерімен бастауды дәстүрге айналдыруды ұсынды. Қадыр ақын туралы естеліктер, жауһар жырлары арқылы жеткізген адал еңбек, пәк махаббат, биік адамгершілік, Отан, дәуір, халық, қазақ мінезі, елге, жерге сүйіспеншілік туралы ойларын Қадыр Мырза Әлі қорының төрағасы Донеділ Қажымов, журналист Қазыбек Қабжанов, ақын, Жұбантанушы Үзілдік Елубаева айтып берді.

Кеш барысында оқушылар Қадыр Мырза Әлінің өлеңдерін оқып, өлеңіне жазылған әндерді орындады. Сонымен қатар бастауыш сынып оқушылары арасындағы «Қадыр оқулары» байқауының жүлдегерлері марапатталды. Айта кетейік, №47 ЖОББМ 2015 жылы ашылған болатын. Бүгінде 2400 оқушы білім алуда. 200-дей педагог қызмет етеді. Мектеп басшысы Нұрлан Саттықов атап өткендей, ұлы ақынның есімінің берлуі мектепке зор сенім мен жауапкершілік жүктейді. Болашақта білім ұясында ақын атындағы музей ұйымдастыру, кабинет ашу жоспарлануда.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий