Ақмолалық ұстаздың өнер туындыларына шетелдіктер қызығушылық танытуда

Ұлттық болмысымызды айшықтайтын қолөнеріміздің бір түрі зергерлік өнері. Бүгінде заман талабына сай құнды дүниені кез келген заттан жасауға болады. Бұны Целиноград ауданы Қоянды ауылының орта мектебінің технология пәнінің ұстазы Бахшагүл Байдолдақызы дәлелдеп жүр, – деп хабарлайды Ақмола облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Ол 2015 жылдан бері қалдықтан әшекей бұйымдар жасап келеді. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, зергерлік бұйымдарды, қуыршақ, түрлі мүсіндерді де жасайды. Керемет туындыларымен елді тәнті етіп жүрген ақмолалық шебер ұстаздың өнеріне облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов қолдау көрсетіп, толағай табыстар тілейді.

Бахшагүл Байдолдақызы өнерлі отбасынан шыққан. Жанұясымен бірге шығармашылықпен айналысқанды ұнатады. Ол оқушыларын еңбекке баулып, бір жағынан табиғатты сақтап қалуға өз үлесін қосуда. – Бахшагуль Байдолдақызы көптеген халықаралық, республикалық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген ұстаз. Мектеп оқушыларымен өзінің шеберлігімен бөлісіп, балаларға бар білгенін көрсетіп, үйретіп жатыр, – деп атап өтті мектеп директоры Меруерт Савилханқызы.

Алдағы уақытта талантты ұстаз қайта сұрыптау арқылы қалдық заттардан жаңа дүние ойлап тауып, өз өнерін шәкірттерінің бойына сіңіруді, қазақтың ұлттық өнерін жақсы танитын шығармашыл ізбасарлар тәрбиелеуді мақсат етіп отыр. Бүгінде өнерге қызығушылық танытқан балалар республикалық байқауларда жүлделі орын алып жүр.

«Бахшагүл Байдолдақызының сабағы маған қатты ұнайды. Біз қол жетімді заттардан әдемі дүниелер жасап, оның нәтижесін көргенде көңіліме қуаныш ұялайды. Мен ұстазымның үйретуімен газеттен сәнді бас киімдер мен әшекейлерді жасап, республикалық «Эко сән» конкурсында 1-орынды иелендім»,-дейді шәкірті Саматқызы Зере. Қолөнер шеберінің көз тартар өнер туындыларына қызығушылық көп. Америка мен Түркияға арнайы шақырту алып, жуық арада Америка елшілігінде болып қайтты.

Бахшагүл Байдолдақызы ұлттық құндылықтар мен халықтық дәстүрлерді дәріптеу мақсатында көп балалы аналарға, жастарға тегін шеберлік сыныбын да өткізіп жүр. Қарапайым тұрмыста қолданылатын пластикалық шөлмектерден, газеттерден, маржан-моншақтардан, шегеден жасалған қолөнер шеберінің туындылары ешкімді бей-жай қалдырмайды. Өз ісіне деген сүйіспеншілігінің, атқарып жүрген еңбегінің арқасында шебер қолөнершінің түрлі деңгейде алып жүрген марапаты жетерлік.

Ол алғыс хаттар, құрмет грамоталарымен қатар, «Қазақстан Республикасының үздік мұғалімі» және «Еуразия дизайнерлер одағына 10 жыл» төсбелгілерінің иесі. Бахшагүл Байдолдақызының мақалалары облыстық, республикалық газет-журналдарда жарық көріп, шеберлік сабақтары жарияланып тұрады. Дарынды оқушыларға арналған республикалық ғылыми-танымдық журналда шәкірттері жасаған қол еңбектері, суреттер мен қолөнерлер топтамасы кітапша болып жарияланған.

Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толуына орай, «Бабалар аманаты» энциклопедиясына ең үздік туындылары жарияланып, ең үздік топтама ретінде Америка Құрама Штатына жіберілді. Түркияда өткен халықаралық сурет галереясында көрмеге қойылған туындысы жоғары бағаланды.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий