Бабалар мұрасы: Ұлттық қолөнер – асыл қазына 

Бұл мақалада жатақханада тәрбиеленушілердің бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында жүргізілетін үйірме жұмыстарына тәрбиеленушілердің қызығушылықтарын арттыру мақсатында жүргізілген зерттеу жұмысы ұсынылған. Қыз балалардың жатақханада «Шебер қолдар» қолөнерге баулу,  тұрмыста қолданатын бұйымдарды өз қолдарымен тігіп үйрену және де  қыз балаларды болашақ  өмірге дайындау болып табылады.

Оқушылардың қолөнерге қызығушылықтарын арттыру мақсатында  сұхбат,  пікір алмасу, бақылау әдістері негізінде алынған ақпараттар сарапталып, нәтиже көрсеткіштері қызығушылықтарының артуымен бірге қолөнер бұйымдарын жасап, тіге алатындықтарын  көрсетілді. Ұлттық құндылықтарымызды қастерлеу, ата-бабамыздан қалған мұраны  жаңғырту мақсатында  қыз балаларды  қолөнер жұмыстарына баулу үйірменің негізгі мақсаттарымен ұштасқан.

Тұрмыста қолданатын ұлттық  бұйымдарды қазіргі заманауи нақышта жасау технологиясын меңгертудің қарапайым тәсілдерімен үйрету жоспарланған. Зерттеу жүргізудегі негізгі мақсат – оқушылардың  қолөнерге қызығушылығын арттыру болды. Зерттеу жұмысының  нәтижелі болу үшін жылдық жоспар жасақталды. Өнер пәні мұғалімдерімен бірлескен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Өнер пәні мұғалімдерімен «Тұмар жасау технологиясы» тақырыбы бойынша сабақ жүргізілді.

Тәрбиеленушілерге тұмар туралы теориялық  мәліметтер бере отырып, тұмардың бірнеше түрлерімен танысып, практикалық сабақтармен толықтырылды. Жасалған жұмыстарын жатақханада өткізілетін дәстүрлі шараларымыздың бірі «Жаныңда жүр жақсы адам» жобасына келген қонақтарымызға, тәрбиеленушілеріміздің өз қолдарынан жасалған туындылар ретінде тарту етілді. Бұл шаралар оқушыларымыз үшін мотивация берді. Жатақханамызда ата-аналармен ынтымақтастықта жүргізілетін «Амал – ізеттілік бастауы» дәстүрлі мерекелік шарамызда  оқушыларымыздың қолөнер үйірмесінде жасалған туындыларына арналған  көрме ұйымдастырылды.

Ата-аналар  оқушылардың жасаған жұмыстарына ризашылығын білдіруі де оқушыларымыздың қызығушылықтарын арттыруға өз ықпалын тигізді. Жатақхана тәрбиеленушілерінің  бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында сенбі, жексенбі күндері қолөнер сабақтары жүргізілді. Оқушылардың қызығушылықтарын арттыру мақсатында «экскурсия сабақтарын» жоспарланды. Тігін сән үйлеріне барып, қазақтың ұлттық киімдерінің сән үлгілерін, оларды тігу жолдарының қыр сырларымен танысты.

Ата-аналармен де бірлікте сабақтар жүргізілді. Серік Зейнеп оқушымыздың әжесі шеберлік сабағын жүргізді. Он саусағынан өнер тамған әжеміз  тігін тігудің қыр-сырларын үйретіп,  қыз балаларымыз күнделікті тұрмыста қолданатын бұйымдарымен таныстырды. Өзінің қолынан тігілген қолөнер туындыларымен де бөлісті. Қыздарымыздың сұранысы бойынша құрақ көрпенің тігу жолдарын, үлгісін таныстырып, шеберлік сабақ жүргізілді. Құрақ тігу өнері туралы да мәліметтер берілді. Құрақтың түрлерімен таныстырылды.

Оқушылар сабаққа қызығушылықпен қатысып, жұмысты жұптаса жасады. Сабақ соңында оқушылардан кері байланыстар алынды. Сабақта барлық оқушылар құрақ тігіп, өз өнімдерін көрсетті. Үйірме жұмыстары тәрбиеленушілердің бос уақыттарында қолөнер бұйымдарын жасауға жоспарлай алатын, өзін-өзі басқаратын тұлға қалыптасуы нәтижеге жетелей түсті. Ұлттық қолөнер бұйымдарын тігіп үйреніп, өздерінің болашақта тұрмыс-тіршілігіне, немесе бірі арнайы мамандығына, не табыс көзіне айналдырып, қажетіне жаратады деген сеніммен бұл үйірменің алда берер нәтижесі өмірмен байланысты әрекетке ұласуы сөзсіз.

Қыздар біздің болашақ аналар, болашақ отанасы, сондықтан өмір сүруге бейімдеп тәрбиелеу басым мақсаттарымыздың бірі. Ұлтты тәрбиелеу – қызды тәрбиелеуден басталады. Ұлттық мәдениетті құрметтеу – өркениеттің бастауы. Өркениетті ел болуда өткенімізді жаңғыртып отырсақ ұтылмаймыз!

Гульнара Джумашевна САРСЕНГАЛИЕВА,
Ақтау қаласындағы ХББ НЗМ-нің мектеп
жатақханасының аға тәрбиешісі

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий