Балалардың дамуы үшін сапалы тамақтанудың маңызы ерекше

Қазақстанда барлық мектептің бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беру жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Астана қаласындағы КАЗГЮУ Университетінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгіновтің қатысуымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2022 жылы атқарылған жұмыс қорытындылары және 2023 жылға жоспарланған міндеттер бойынша Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында баяндама жасаған бейіндік ведомства жетекшісі Ғани Бейсембаев айтты.

– Балалардың дамуы үшін сапалы тамақтанудың маңызы ерекше. Балаларды тамақпен қамтамасыз ету стандарттары қайта қаралады. Оның ішінде барлық бастауыш сынып оқушыларын бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету сондай-ақ асханаларда қолма-қол ақшасыз есеп жүргізу жүйесін енгізу жоспарланып отыр, – деді Ғани Бектайұлы. 

Министр 2022 жылы 136 мың оқушыға арналған 247 жаңа мектеп пайдалануға берілгенін атап өтті. Мектептерді жаңғырту жобасы бойынша шағын қалалар, аудан орталықтары мен ауылдардағы 421 мектепте асханалар мен 814 кітапхана жаңартылды. 475 мектепке 634 пән кабинеті сатып алынды. Тағы 264 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Сала басшысы шағын қалалар мен ауылдардағы мектептерді жаңғыртуды, инфрақұрылымды және жұмыс істеп тұрған мектептердегі қауіпсіздік деңгейін жақсартуды жалғастыруға уәде берді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий