ҚР Оқу-ағарту министрлігі: 2022 жылдың қорытындылары және биылға белгіленген басымдықтар
Өткен аптаның бейсенбі күні елордасындағы Мақсұт Нәрікбаевтың есімін иеленген KAZGUU базасында ҚР Премьер-министрдің орынбасары Алтай КӨЛГІНОВтің қатысуымен Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы ұйымдастырылған болатын. Бұл басқосуға сала ардагерлері, бейіндік ведомстваның қызметкерлері, педагогика мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындарының ректорлары, облыстық білім басқармаларының, министрлікке ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары, майталман мұғалімдер мен кәсіби сарапшылар шақырылған.
Министр Ғани БЕЙСЕМБАЕВ ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2022 жылы атқарылған жұмыс қорытындылары мен биылға жоспарланған міндеттер туралы баяндама жасаса, Алтай Сейдірұлы Мемлекет басшысының жас ұрпаққа озық білім мен өнегелі тәрбие беру бағытындағы нақты тапсырмаларын жүйелі жүзеге асыру үшін Үкімет тарапынан мақсатты он жауапкершілік міндет артылатындығын жариялады.
ҰСТАЗДЫҚ – ЖОҒАРЫ ЖӘНЕ АСА ЖАУАПТЫ МИССИЯ.
– Әр адамның өмірінде, өскелең ұрпақтың тұлға ретінде қалыптасуында мектеп баға жетпес рөл атқаратыны белгілі. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын мектеп қабырғасында берілетін білімнің сапасынан, ұстаздың шәкірт бойында қандай құндылықтарды сіңіргеніне тікелей байланысты. Бүгінгі күні елімізде алты миллионнан астам бала бар. Оның бір миллионнан астамы мектепке дейінгі ұйымдарда, ал 4 миллионға жуығы мектепте оқиды. Оқу-ағарту министрлігінің басты міндеті – сапалы білім мен саналы тәрбиенің негізінде жас ұрпақтың жан-жақты дамуын қамтамасыз ету бойынша біртұтас мемлекеттік саясатты іске асыру, – деді өз сөзінде Алтай Көлгінов.
– Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында берген тапсырмаларын орындауға, Президенттің сайлауалды бағдарламаларын іске асыруға баса назар аударуы қажет. Ұстаздардың кәсібилігін арттыру үшін кешенді шаралар қабылдануы тиіс. Ұстаз – ол тек мамандық ғана емес, ол жоғары және аса жауапты миссия. Ұстаз тұлғасы оның кәсібилігі мен балаларға деген сүйіспеншілігі, оқушыны тұлға ретінде қалыптастыруда ерекше маңызға ие. Сондықтан мектеп мұғалімдері әрқашан уақыт ағымына сай дамуы керек.
ҚР Премьер-министрдің орынбасары мұғалім елімізде және әлемде болып жатқан барлық өзгерісті балаларға жеткізе білуі керектігін еске салды. Ұстаздар жаңатылған білім берудің мазмұны бойынша оқытудың озық технологияларын пайдалануда кәсіби болуы қажет. Бұл үшін қажетті жағдайлар жасалуда. Соңғы жылдары мұғалімдердің жүктемесі азайтылып, еңбекақысы айтарлықтай көтерілді. Президенттің тапсырмасына сәйкес жыл сайын жалақы 25%-ға өсіп отыр. Ұстаздардың мәртебесі жөнінде арнайы заң қабылданды.
Бұрынғыдай артық тапсырма жоқ, сондықтан мұғалім тек оқыту жұмысымен айналысуы керек. Ең бастысы сапаны көтеру. Осыған орай Оқу-ағарту министрлігіне Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірге заманауи білім беру талаптарын атқаруға қабілетті ұстаздар даярлау мәселесіне басты назар аудару жүктелді.
– Мектептердің, педагогикалық колледждердің, педагогикалық университеттердің бірлесіп жұмыс істеуі негізінде жоғары кәсіби құзыреттілігі бар ұстаздарды даярлауды қолға алуымыз қажет. Әрбір ұстаз бен мектеп жұмысының басты басымдығы мен нәтижесі тәрбие жұмысы болуы керек. Мектепте тәрбие беру тек арнайы тақырыптағы іс-шаралар өткізумен шектелмеуі қажет. Ол оқу процесінің барлық кезеңінде қамтылуға тиіс. Ол үшін әрбір сабақтың тәрбиелік әсері болуы маңызды, – деді ел Үкіметінің мүшесі.
– Алдағы уақытта отбасылар, ата-аналар қауымдастығының мектеп қабырғасындағы тәрбие жұмысына тартудың тиімді тәсілдері енгізілуі тиіс. Балаларды жан-жақты дамыту үшін қосымша білім беру, сабақтан тыс жұмыстардың, түрлі үйірмелер мен секциялардың жұмысы маңызды. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында өскелең ұрпақты дамыту үшін қосымша білімнің маңызына ерекше назар аударып, осы мақсаттарға арналған қаражат мемлекет үшін басты инвестиция болуы керегін айрықша атап айтқан болатын.
Алтай Сейдірұлы Оқу-ағарту министрлігіне Мәдениет және спорт министрлігімен бірге балалардың үйірмелер мен секцияларға баруы үшін жағдай жасауға бағытталған қосымга білім беруді дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Жас ұрпақтың салауатты денсаулығын қалыптастыру үшін оқушылардың мектеп қабырғасында дұрыс, толыққанды тамақтануы маңызды. Қазіргі күні елімізде 1 миллионға жуық бала, оның ішінде әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары мектепте толықтай тегін ыстық тамақпен қамтылған.
Мемлекет басшысы әлеуметтік мәртебесіне қарамастан 1-4 сыныптың барлық оқушысын толығымен мектепте тамақпен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл мемлекеттік тұрғыдағы маңызды мәселе қазіргі күні сегіз өңірде ғана нақты шешімін тапқан.
– Басқа өңірлер алдағы жылдары жергілікті бюджеттен тиісті қаражатты қарастырып, мәселені толықтай шешуі керек. Қазіргі кезде бұл бағыттағы жоспар бекітіліп, аймақтарға ұсынылды. Мектептегі тамақтану барлық қауіпсіздік стандарты мен талабына сай болуы керек. Бұл үшін ата-ананың бақылауын, оның ішінде автоматтандырылған мониторингті енгізуге ерекше назар аударуы маңызды. Министрлікке мектептегі тамақтану мәселесін бақылауға алып, оны жетілдірудің жолдарын, оның ішінде «Үздік мектеп асханасы» сайысын ұйымдастыруды қолға алуды тапсырамын, – деді ол.
– Балалардың қауіпсіздігі қоғамда көтеріліп жүрген өткір сұрақтардың бірі. Балалар үшін қауіпсіз орта құру – кезек күттірмейтін маңызды мәселе. Өкінішке қарай, ақпараттық кеңістікте оқушылар арасында қысым көрсету, балаларға қатысты зорлық фактілері туралы, жасөспірімдер арасындағы суицид тақырыбы резонанс тудыратын жағдайлар әлі де кездеседі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөнінде кешенді жоспар жобасы әзірленгенін еске салған ҚР Премьер-министрдің орынбасары Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге кешенді жоспарды сарапшылардың, қоғамның сын-ескертпелерін ескере отырып, қайта пысықтап, Үкіметке ұсынуға тиістілігін жеткізді.
Өңірлік әкімдіктер білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуді биылғы наурыз айының біріне дейінгі уақыт аралығында толық шешуі қажет. Ірі қалалардағы білім ұйымдары мамандандырылған күзетпен қамтылып, бейнебақылау жүйелері ішкі істер органдарының орталық жедел басқармасына қосылуы да күн тәртібінде тұр.
«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ: 401 БІЛІМ ОРДАСЫ САЛЫНАДЫ
ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан КАРИНОВА жиналғандар алдында Президенттің үш ауысымды және апатты мектептер мен оқушы орындарының тапшылығын жою бойынша берілген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасының негізінде жүргізіле бастаған жұмыстарды ортаға салды.
– Тек соңғы 10 жылдың ішінде оқушылар саны бір миллионға өсіп, бүгінгі күні 3,7 млн-ға жетті. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Және ол білім инфраструктурасына белгілі салмақ түсіріп отыр, онымен қоса урбанизация, ішкі-көш-қон, ірі қалаларда тығыз шоғырлану мәселелері де бар. Осы мәселелерді шешу үшін 2023-2025 жылдар аралығында 842 мың оқушы орнына шақталған 401 мектеп салуға республикалық бюджеттен 2,6 триллион теңге қарастырылды. Жобаны әзірлеу барысында осыған дейін мектептерді салу кезінде орын алған проблемалар ескерілді.
Олар – салынған мектептерде пән кабинеттерінің және қажетті оқу-жабдықтарының жеткілікті болмауы, конкурстық рәсімдердің ұзақтығы, және тағы да басқалар, – деді Шолпан Таңатқызы. – Қазіргі салынатын мектептердің ерекшелігі ауылда да, қалада да – барлық жерде бірдей стандарт бойынша салынады. Жайлы мектептердің келесідей ерекшеліктері бар. Бірінші – бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқиды. Сәйкесінше, олардың өз оқу кабинеттері, әжетханалары, спортзалдары болады. Екінші – балалардың қаупсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасалады.
Бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқты қауіпсіздік нысандары орнатылады. Келесі – оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын, ауыстыратын киімдерін сақтайтын жеке шкафтар, кітап оқуына, демалуына, шығармашылық әлеуетін дамытуға тиісті жағдайлар қарастырылған. Төртінші – мектеп заманауи физика, химия, биология, робототехника сияқты кабинеттермен қамтамасыз етіледі. Балалардың шығармашылық қабілеттерін арттыруға, еңбекке баулуға бағытталған жұмыстарға қолайлы орта жасалады.
Баяндамашының мәлімдеуі бойынша бесіншіден – арнайы білімді қажет ететін балар үшін қажетті жағдай жасалады. Алтыншы – спортзал мәселесі. Осыған дейін мектепте көбінесе бір спортзал болған. Ал жайлы мектептерде балалардың жас ерекшелігіне байланысты бірнеше спортзал қарастырылады. Жетінші – жаңа мектептерде мұғалімдерге де барлық жағдай жасалады. Мектептің сәулет-жоспарлауы жайлы, жағымды, әр оқушыға және мұғалімге лайықталып әзірлененетіндегі де айрықша атап айтылды. Құрылыс кезінде ашықтық қамтамасыз етіледі. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы құрылыстың барысымен, мектептің тиісті құжаттарымен таныса алады.
– Салынатын мектептерді педагогтермен қамтамасыз ету – басты мәселелердің бірі. Мектеп өмірінде тиісті деңгейдегі басқару, директордың рөлі де ерекше екені баршаға мәлім. Сондықтан директор менеджмент және көшбасшылық бағыттары бойынша, мұғалімдер өз пәндері бойынша, оқытудың белсенді әдістері бойынша арнайы курстардан өтеді. Бұл шаралар оқушыларға жаңа қолайлы жағдайлармен қатар сапалы білімге қол жеткізуге мүмкіншілік береді, – деді бірінші вице-министр.
– Жайлы мектеп аясында ашылған мектептерге Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық академия тарапынан жүйелі әдістемелік қолдау жасалып, оқушылардың оқу жетістіктерін сырттай бағалау арқылы білім сапасын өлшеу және арттыру жұмыстары қолға алынады. Әрине, өңірлердің басқа мектептерімен де білім сапасын арттыру бойынша басым бағыт ретінде тиісті жұмыстар жүргізіледі. Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде 842 мыңнан астам жаңа, сапалы, жайлы оқушы орны ашылып, білім теңсіздігі қыстартылып, сапаны арттыруға мүкіндік береді.
БАЛА – МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫ
ҚР Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан ОСПАНОВА осы алқа отырысында психологиялық қызметтердің дамуы жайын баяндап, бейіндік ведомства тарапынан педагог-психологтардың біліктілік талаптары және толтыруға міндетті нысандарды қысқарту бойынша бұйрықтардың жобалары әзірленегенін ортаға салды. Көп ұзамай мектептердің психологиялық қызметтерінің автоматтандырылған жүйесі іске қосалатындығын да білдік. Алғаш рет комитеттің қарамағында «Өркен» балалардың әл-ауқатының ұлттық ғылыми-практикалық институты пайда болмақ. Ол балалардың құқықтарын қорғау саласында ғылыми-әдістемелік қолдауды жүзеге асырады. Барлық жоспарланған шара ыңғайлы, қауіпсіз және балаға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
– Балалардың құқықтарын қорғау – мемлекет саясатының басым бағыты. Балалар жылы аяқталды. Оны іске асыру бойынша жоспарлар орындалды. Дегенмен балаларға деген қамқорлық – бұл тұрақты және үздіксіз процесс. Осы жылы зорлық-зомбылықтың, суицидтің алдын алудың, балалардың әл-ауқатын арттырудың және олардың құқықтарын қорғаудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдаймыз. Бұл өткен жылғы атқарған істеріміздің заңды жалғасы болмақ! Біздің алдымызда бес негізгі әлеуметтік маңызды міндет тұр, – деді Насымжан Жамбекқызы.
– Мектебі жоқ елді мекендерден балаларды мектепке жеткізу де әлеуметтік маңызы бар мәселе. Сапалы тасымалдау – біздің балаларымыздың әл-ауқатының қауіпсіздік деңгейінің көрсеткіші болып табылады. Қазіргі кезде 1384 ауылдық мекендерде мектеп жоқ. Онда 34 644 мектеп жасындағы балалар тұрады, тасымалдаумен 31 741 бала қамтылған. Тасымалдау ұйымдастыру үшін 1042 автобус жұмылдырылған. Өткен оқу жылында 515 автобустың 119 жеткізілді (Ақмола – 61, Ақтөбе – 10, БҚО – 25, Қарағанды – 19, Қостанай – 2, Түркістан – 2).
Балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау және ведомстволық бақылауды қамтамасыз етудің маңызы зор. Балаларды тұрғылықты жеріне қарамастан мектепке және үйге қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау (қашықтық кемінде ұш шақырым) жоспарда бар. Қалалық автобустардың маршруттарын, мектеп жанында міндетті түрде аялдама болуы қайта қаралады. Мұқтаж балаларды (мектептен 3 шақырымнан астам тұратын) тасымалдау үшін бірыңғай талаптарды сақтай отырып, мектеп автобусының қажетті санын сатып алу қағидасы қаралуда.
Биыл өңірлер бөлінісінде индекстің нәтижелері көрсетілетін онлайн платформаны әзірлеу; аудандар, шағын және моноқалалар бөлінісінде индекстің есебін жүргізу мақұлданса, келесі жылы ауылдық елді мекендер бөлінісінде индекстің есебін жүргізу келесілген. 2025 жылы балалардың қажеттіліктеріне арналған шығыстарды есептеу үшін ҚР Бюджет кодексіне нормаларды енгізу мақсаты тұр.
– Бала – мемлекеттің басты байлығы. Қай елдің болмасын жарқын болашағы – оның ұрпағы. Сондықтан да еліміздегі әр бір баланың өмірін сақтап қалу, әр қайсына қолайлы өмір сүруі мен дамуына жағдай жасау мақсатында Комитет жүйелі түрде өз жұмысын жалғастырады, – деді сөзінің соңында ҚР Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
АУЫЛ ЖАСТАРЫНЫҢ КӘСІБИ МАМАНДЫҒЫНЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР
Құлан агротехникалық жоғары колледжінің директоры МҰСАҚҰЛОВ Олжас Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов атындағы ауданына қарасты Құлан ауылының тумасы. Жасы отыз үште. Ауылда өсіп, білім алған. Алматыдағы НарХоз университетін Президенттік стипендия, үздік дипломмен бітіріп, ауыл шаруашылығы экономикасы бойынша жоғары оқу орындарында дәріс беріпті. 2019 жылы «Болашақ» бағдарламасы аясында АҚШ-тың Беркли Калифорния Университетін экономика мамандығы бойынша тәмәмдаған. Оқуды бітірген соң көптеген ұсыныстар түссе де ол алған білімімен туған жерінде қызмет жасауды жөн санаған екен.
– Сондықтан да саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған әке жолын жалғастырып, туған ауылымда орналасқан арнайы кәсіби білім беретін оқу орына мамандығыма сәйкес жұмысқа қабылдандым. Бүгінгі таңда осы ұйымшыл ұстаздар ұжымының жетекшісімін. Техникалық және кәсіптік білім бұл өзіндік ерекшелігі бар сала. Еліміздің дамуынының негізгі экономикалық бағыттарының бірі ауылшаруашылық саласы. Бұл сала өзімнің жаныма жақын болғандықтан, ауылды өркендету үшін осы колледж қызмет дамыту қажеттігін түсіндім, – деді жиналғандар алдында сөз алған Олжас Нұрланұлы.
– Ойда жүрген көптеген мәселелердің шешімін табуға министрлік тарапынан қолдау көрсетіліп, бағыт бағдар айқындалды. Қазіргі кезде колледжде академиялық дербестік жұмыс берушілермен етене аралысып оқу бағдарламаларын жасауға жағдай бар. «Жас маман» жобасы аясында ауылшаруашылығы саласындағы шаруашылықтарда жоқ техникалар мен құрал жабдықтарға ие болдық. Нәтижесінде сапалы мамандарды дайындауға жол ашылып, заңнамалық түрде ақылы қызметпен айналысуға құқық берілді. Колледждің игерген өнімдерін сату арқылы өзін-өзі қаржыландыру мүмкіндігіне ие болдық.
Колледж басшысының айтуынша бұл оқу орнының құзырындағы 92 гектарды құрайтын жер теліміне арпа егіліп, одан түскен қаражатқа спорт алаңы салынуда екен. Олар иелігіндегі шаруашылықтарды практикалық сабақтарда пайдалана отырып студенттердің дағыдыларын қалыптасытаруда. Бүгінгі күні жұмыс берушілердің тікелей қатысуынсыз сапалы кадрлар даярлау мүмкін еместігі баршаға белгілі. Сондықтан ауданда орналасқан барлық шаруа қожалықтарымен бірлескен түрде ортақ мүддеге сәйкес жоспарлы жұмыс жүргізіліп, екі жүзден астам студент дуалдық оқыту жүйесімен білім алға көшкен.
– Сонымен қатар бейіндік ведомства тарапынан үстем ақы төлей отырып өндірістен мамандарды тартуға мүмкіндік жасалды. Қазіргі таңда колледждегі арнайы пәндер оқытушыларының қырық пайызы өндірісте жұмыс атқарған білікті кәсіби маман ретінде ұстаздық қызметке ауысты. Меркі ірімшік зауытында 35 жыл еңбек атқарған технолог студенттерге дәріс беруге және тәлімгер ретінде тартылды, – деді Құлан агротехникалық жоғары колледжінің директоры.
– Өндірістен келген тәжірибесі мол мамандар жұмысшы мамандықтарының сапасын арттыруға септігін тигізеді. Жаңа буынды қалыптастыру, жастардың жұмысшы мамандықтарына қызығушылығын арттыру мақсатында колледж аумағында заманауи Кампус немесе студенттер қалашығын құру жоспарлануда. Студенттер қалашығын ашудағы басты мақсат – студент жастарға патриоттық тәрбие беру. Яғни өз жеке ісін жүргізе алатын, өз отбасын, елі мен жерін көзінің қарашығындай қорғай алатын, мемлекеттің ілгері дамуына үлесін қосатын тұлға қалыптастыру.
Олжас Мұсақұловтың мәлімдеуінше елдің ертеңі, қоғамның қозғаушы күші жастар екенін ескеріп, студенттерге болашақтарын жоспарлауда дұрыс бағыт-бағдар беру үшін ұдайы түрде ашық әңгімелер жүргізілуде. Мамандардың бәсекелестігін дамыту бағытында колледж студенттері мен педагогтарына ағылшын тілін үйрету жолға қойылыпты. Себебі олардың тарапынан тіл үйренуге деген қызығушылық жоғары екені байқалған.
Ол сөзінің соңында жаңа Қазақстанның экономикасын көтеретін, ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосатын жастарға қолдау көрсеткен мемлекеттің қолдауы мен көмегіне ризашылығын білдіріп, тағылымды тәжірибесін республиканың барлық аумағындағы ауыл шаруашылығы колледждерінде қызмет атқаратын педагогтер мен басшылық лауазымдағы әріптестеріне бөлісуге дайын екендігін жеткізді.
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ
Загрузка...