Ашық әңгіме: Шәкәрім шаңырағы – Абай елінің рухани қара шаңырағы!

Шәкәрім университеті – жаңадан құрылған Абай облысындағы жаһандық білім беру үрдісі мен ғылыми интеграцияны жүзеге асырып отырған өңірлік көп салалалы ірі оқу орны. Осы орайда университеттің бүгінгі тынысы мен болашақтағы жоспарлары туралы университет басшысы Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВпен сұхбаттасқан едік.

Бауыржан Аманкелдіұлы, Сіз Шәкәрім университетінің түлегі, одан оқытушысы, факультет деканы болдыңыз. Бүгін осы қара шаңырақты басқарып отырсыз. Білім ордасының тарихи дамуы туралы ақпар беріп өтсеңіз. –  Шәкәрім университетінің кешегі студенті мен бүгінгі басшысы ретінде айтарым, ең алдымен бұл – менің маңдайыма жазылған бақ, ал екіншіден – үлкен жауапкершілік. Тоқсан жылдық тарихы бар Шәкәрім шаңырағының даму жолы талай тағдыршешті асулардан өтті. Кезінде аты одаққа танылған Семейдің педагогикалық, зооветеринарлық және технологиялық институттары біріктірілді. Одан университет пен педагогикалық институт бөлініп, түбінде қайта қосылып, бүгінде сіз көріп отырған Шәкәрім шаңырағы болды.

Әрине, осы біріктірулер, бөлінулер қанша жыл қалыптасқан факультеттер мен кафедралардың оның ішінде мамандықтардың өз деңгейінде дамуына кері әсерін тигізді. Аласапыран шақтарда Семейдің облыс мәртебесінен айырылуы да жығылған үстіне жұдырық болды. Білікті мамандар алды шет елге, Ресейге, соңы Алматы мен Астанаға ағылды. 1934 жылы іргетасы қаланған мұғалім мамандығының нағыз шеберханасы Семейдің пединститутын, материалдық-техникалық базасы одаққа үлгі болған «Зоовет»-ті, ет-сүт өнімдерінің технологиясын зерттеуде ғалымдары әлемдік деңгейде бой көрсеткен технологиялық институтты бір демде бір қауызға салғандай біріктіру, одан қайтадан екіге бөлу, қайта біріктіру, несін жасырамыз,

Семейдің жоғары мектебін тұралатып-ақ тастады. Студент шағымнан бастап осы аласапыранды көзбен көрдік, ішінде жүрдік.. «Орнында бар оңалар», – дейді қазақ. Шәкәрім шаңырағы оңалды. Руханияттың дәнін сепкен Абай бабамыздың рухы, сонан кейін ел көшкенде көшпей, туған жерге кіндігі байланған, қара шаңырақтың шырқын сақтап келген ғалым-ұстаздардың, қызметкерлердің Семейдің болашағына деген сенімі Шәкәрім шаңырағын шайқалтпады.

Қайым Мұхамедханов, Жақия Шәйжүнісов, Тілеубай Аманов, Қанипа Бітібаева, Жақсылық Үшкемпіров сияқты талай саңлақ ұшқан ұя ғой. Жиырма бес жылдан кейін Абай облысы болуымыз университетке де үлкен серпіліс әкелді. Шаңырақтың әр-бір қызметкері мен студенті үлкен жауапкершілікті түсінді. Облысты сырттан кеп біреу жасақтап, жайнатып бермейтінін ұқты. Әсіресе, студент жастардың жігерлі серпілісі бізді қуантады.

Демек, серпіліс бар, Шәкәрім шаңырағы өзгерісі көп мына заманға қалай ілесуде? – Уақыт бір орында тұрмайды. Әлем сағат сайын өзгеріп жатыр. Кешегі ғылым мен технологиядағы ең соңғы жаңалық бүгін ескі болып қалатын, ақпараттың аузымыздан шығар-шықпастан жер-жаһанға жария болатын заманда өмір сүріп жатырмыз. Осындай қарқынды өзгеріс сатысын Шәкәрім университеті де басынан кешіруде. Мәселен, кешегі біздің студенттік шағымызда қағаз сөйлейтін кезең болса, қазір ақпараттық жүйе сөйлейтін күндеміз. Заман көшінен кейін қалмай алғашқы университтердің қатарында Цифрлы университет болып бейімделу – Шәкәрім университетінің басты ұстанымдарының бірі.

Қазіргі таңда университет студенті, қызметкері, оқытушысына қатысты әр-бір ақпарат Шәкәрім университетінің ІТ мамандары жасап шыққан виртуалды жүйеде сақталса, білім алушыларды тізімдеу, бағалау, қорытынды бағасын қою жұмыстары да арнайы ақпараттық платформаларда. Қашықтан білім беру мен білімді бағалау да жүйесі де – «Шәкәрімдегі» ақпараттық технологияның жемісі. Кешегі қағазбастылық азайды. Оның орнын «SDO – Шәкәрім құжат алмасу платформасы» алмастырды. Бұл платформада зағип жандар үшін арнайы режимге көшу тетігі де қарастырылған.

Бұнымен қоса, сынаптай зырлаған уақытты үнемдеу үшін білім алушылар, үйлерінен шықпастан, «Smart Shakarim» мобильді қосымшасы арқылы жатақханаға қашықтан тіркелу, түрлі анықтамалар алу, цифрлы кітапхана қызметін қашықтан қолдану, электронды сабақ кестесін жүктеу жұмыстарын оңай әрі жеңіл, ұзын-сонар кезекке тұрмастан жасай алады. Тағы бір айта кететін жайт, Шәкәрім университеті 2022 жылы «Huawei» компаниясының платформасында серіктес ретінде тіркеліп, ІТ мамандарымызға соны ақпараттық технологияларды меңгеруге мүмкіндік тудырды.

ІТ саласын дамытудағы университеттің соңғы жетістіктері оқу орнында ашылып жатқан ІТ зертханалар, соңғы үлгідегі компьютерлік құрал-жабдықтар мен ІТ бағдарламалар, цифрлы кітапхана, сайып келгенде осының бәрі – Шәкәрім шаңырағына келетін студенттер мен ІТ мамандарын қолдау үшін атқарылып жатқан іс-шаралар. Біз ақпараттық жүйеде өз шеберлігін көрсететін студенттерді әрқашан қолдауға әзірміз. Мәселен, былтырғы жылдың өзінде ІТ мамандығының студенттері білім ордасы қаржыландырған стартап жобасы аясында профессорлық-оқытушылар құрамы мен білім алушылар үшін мобильді қосымшасын жасап шықты.

Қазіргі заманның жастары ІТ саласында өте сауатты және оларға еркіндік беріп, материалдық жағынан қолдап жіберсек, университетке, өңірімізге, мемлекетімізге адал қызмет жасайтын білікті маман шығатынына толық сенімдімін.

Сөз барысында сапа жайлы ой қозғадыңыз. Университетте сапалы маман дайындаудың қандай тәжірибелерімен бөлісе аласыз? – Қай білім ордасында қызмет істесем де, ең алдымен, саннан сапаға көшу мәселесіне баса назар аударамын. Университеттердегі білім сапасы бүгінгі қоғамда басты проблемалардың бірі екендігі жасырын емес. Білімді оқушы, сапалы студент, білікті маман, міне осы үшеуін сабақтастықта қарау керек. Мектептің оқушысы мамандықты дұрыс таңдауы қажет. Бұл тарапта Ғылым және жоғары білім министрлігі қазіргі заманның талабына сай, қажетті мамандарды даярлауда сұранысқа ие мамандықтар атласын әзірлеуді мықтап қолға алды.

Сапалы студент шығу үшін мамандықтар, яғни бүгінгі білім бағдарламалары сапалы және жоғары сұранысқа ие болуы аса маңызды. Осы орайда, бакалавриат деңгейі бойынша ғана сексенге жуық білім бағдарламаларының тең жартысын қысқарттық. Іріктеліп қалғанын сапалы кадр, заманауи материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуді қолға алдық. Ең алдымен өңірдегі маманға деген сұраныс, жұмысқа орналасу, оқытушылардың ғылыми әлеуеті ескерілді.

Заман талабына сай кей мамандықтардың құзіреттілік аясы кеңейтілді, аймақтағы шағын жинақталған мектептердің көптігі ескеріліп, қосарланған мамандықтар ашуға екпін түсірілді. Сондай-ақ Minor бағдарламалары да әзірленіп, білім алушыларға ұсынылуда. Сапалы маман даярлаудың басты шарттарының бірі – академиялық адалдық мәдениетін қалыптастыру. Осы орайда дұрыс түсінік қалыптасу қажет. Себебі бүгінгі таңда осы ұғым тек «плагиат» немесе «шпаргалка» ұғымдары төңірегінде қалып қойғандай көрінеді.

Сапа дегенде біліктілік, тәжірибе ұғымдары қатар жүретіні белгілі. Бұл тұрғыдан университет өңірдегі белді өндіріс ұйымдарымен бірлесе жұмыс атқаруда. Атап айтқанда,  «Семей инжиниринг» АҚ, Семей машина жасау зауыты, ҚР Ұлттық ядролық орталығы, Семей қаласындағы Ядролық медицина және онкология орталығы, Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы, «SEMEI» телеарнасы, «Фирма Азия» ЖШС, «СемАЗ» ЖШС, «Шалабай» ЖШС, «Семнан» ЖШС, «KondiZ» ЖШС, НЗМ және тағы да басқа көптеген өңірлік ұйымдар мен мекемелер Шәкәрім университетінің тәжірибе алаңы бойынша серіктестері.

Сондай-ақ, сапалы маман даярлаудың басты тетіктерінің бірі – ғылыми-әдістемелік база. ЖОО-да ғылым бірінші орынға шығуда. Ол – бүгінгі заманның талабы. Тек ғылыми институттарда ғана емес, университеттерде де нәтижелі ғылыми мектептер қалыптастырған елге танымал ғалымдар қызмет етуде. Сол себепті де университеттегі студенттердің ғылыми үйірмелерінен бастап ғылыми орталық, технопарктерге баса назар аударудамыз.

Мәселен, 2022 жылдың қорытынды нәтижесі ретінде «Plasma Science» ЖШС ғылыми серіктесімізбен бірлесе отырып, техникалық физика, химия, биология саласы бойынша темір материал бетін қорғаудың амал-тәсілдерін ұсынатын зерттеу лабораториясының тұсауын кестік. Қазіргі таңда ол жерде студенттер, магистранттар, докторанттар түрлі зертханалық тәжірибелер жасау үстінде. Бұндай жаңа бастамалар білім алушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттырады.

Бауыржан Амангелдіұлы, соңғы уақытта Шәкәрім университеті әлеуметтік желілерде өте белсенді екені байқалады. Ол университетке қандай нәтиже береді және осы жұмыс қалай жолға қойылған? – Жалпы әлеуметтік желі бүгінгі қоғамда екі иінінен дем алып тұр деуге болады. Оның жақсы жағы да бар, кемшін тұстары да жоқ емес. Бағзыда бір ғұлама айтқан екен: «Ақырзаман боларда төрдегі төрт елі темірге, жан қалтадағы екі елі темірге тәуелді боласың»,- деп. Ақырзаманның келер-келмесі бір Аллаға аян, ал енді алдымен теледидарға, кейіннен әлгі екі елі темір – ұялы телефонға мойынсұнғанымыз ақиқат. Осыдан барып әлеуметтік желінің салмағын бағамдай беріңіз.

Біз әлеуметтік желіге сүңгіп кетерден бұрын осы желідегі мәдениет деген мәселеге қатты назар аударуымыз керек-ақ. Анау балабақшадан бастап әлеуметтік желідегі мәдениет мәселесін әр-бір баланың санасына құя берген жөн. Қазір университетте «Әлеуметтік желідегі мәдениет» тақырыбында студенттер арасында түрлі форматта басқосулар ұйымдастырудамыз. Өйткені, желі қазір – үлкен күш, сенің бүкіл тыныс-тіршілігіңнің айнасы. Сол себепті де, университет бұл салада барынша белсенді болу керек.

Белсенділік деген келсін-келмесін тырқ еткенді жаһанға жариялау емес, оқырман санасына ұялай білетін тартымды постар мен ойыңды селт еткізер жағымды жаңалықтар ұсыну. Мен өзім де көпшілікке қызықты емес сала-құлаш ұзақ дүниелер жазуға жоқпын. Пост есеп үшін жазылмауы керек, көңілден шығу керек. Өкінішке орай қазіргі материалдардың дені хабарламалық деңгейден аспайды. Десек те, көш түзелуде. Осы салаға икемі бар студенттер мен оқытушылар әлеуметтік желі арқылы университеттің тыныс-тіршілігімен сауатты бөлісіп отырғанына қуанамыз.

Екі жыл бұрын университетте «Шәкәрім – Медиа» орталығы құрылып, онда қызметкерлермен бірге студенттер, магистранттар қызмет етуде. Тірлігімізді әлеуметтік желісіз елестете алмайтын бұл күнде университет тынысы бұл бағытта дами беретініне сенімім мол. Тек сауатты жазатын блогерлеріміз көп болғай.

Шәкәрім шаңырағы қазақ елінің ғылымына қандай үлес қосуда? Ғалым ретінде айтарыңыз. – Барлық отандық жлғары оқу орындары сияқты Шәкәрім университеті де ғылымға өз үлесін айтарлықтай қосуда. Бүгінгі таңда, университет қабырғасында 18 ғылым докторы, 41 PhD және жүз он бес ғылым кандитаты қызмет жасайды. Сондай-ақ, жыл сайын ұйымдастырылатын «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» республикалық байқауының жеңімпаздарын қосыңыз. Соңғы екі жылда, 2021 жылдың қорытындысы бойыша алты адам, былтыр 4 адам үздік оқытушы атағына ие болды.

Республика көлемінде ұйымдастырылатын конкурсқа кез-келген оқытушының қатыса алмайтыны белгілі. Тек ғылыми әлеуеті жоғары, сапалы білім мен саналы тәрбие беруде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан ұстаздар ғана бұл атаққа ие бола алады. Ғылыми әлеуетімізді арттыруда қара шаңырағымызда А. Еспенбетов, Е. Төлеуов сынды ғалымдарымыз негізін салған филология, тамақ өнеркәсібі мен технологиялық машиналар мен жабдықтар салары бойынша 2 ғылыми мектеп қалыптасқандығын мақтанышпен айта аламыз.

Бұл ғылыми мектептерде жыл сайын жүзден аса магистр, 10-ға жуық PhD докторлары әзірленіп, елімізге қызмет етуде. Мен де Арап Еспенбетовтің ғылыми мектебінен түлеп ұшқан шәкірт екенімді бүгінде мақтанышпен айта аламын. Ғылымның сара жолындағы сапарыма осы қара шаңырақтың қабырғалары куә… Ғылыми әлеуеттің үлесін арттырудың тағы бір тетігі – бұл университеттегі диссертациялық Кеңестер. Ғылыми мектептерде даярланған мамандар университетте ашылған Технологиялық машиналар мен жабдықтар, Техникалық физика, Азық-түлік өнімдерінің технологиясы және Тағам қауіпсіздігі салалары бойынша 4 диссертациялық Кеңесте ғылыми зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісіп, қорғауға мүмкіндіктері бар.

Жыл сайын PhD дәрежесін алу үшін қорғалатын диссертациялар саны да артып келеді. Айталық, 2020 жылы үш, 2021 жылы – 7, 2022 жылы он екі адам докторлық диссертациясын сәтті қорғап, ғалым атанды. Біздің қара шаңырақта жас ғалымдар докторантурадан соң, ғылыми ізденістерін постдокторантурада жалғастыру мүмкіндігіне ие. 2022 жылы университет қабырғасында постдокторантура бағдарламасы ашылған. Қазіргі кезде «Жас ғалым» гранттық қаржыландыру жобасының бес жеңімпазы қатарымызда посдокторлық ғылыми зерттеулерін жасап жатыр. Жобалар университеттің жетекші ғалымдарының басшылығымен орындалуда.

Жобаны іске асыру кезеңінде постдокторанттар жоспарланған міндеттерді орындау үшін қажетті жабдықты сатып алады, жоғары рейтингті журналдарда мақалалар жариялайды және патенттер алады. Осылайша, Қазақстан ғылымының қорына өз үлестерін қосады. Бұл – жас ғалымдарға мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен мүмкіндік. Шығыс өңірі, оның ішінде жаңадан құрылған Абай облысы – негізінен ауыл шаруашылығына бейімделген өлке.

Осы тарапта ғалымдарымыз университет жанынан құрылған «Агротехнопарк» ҒО базасында ветеринария және ауыл-шаруашылық бағытында елеулі зерттеулер жүргізіп, оны жергілікті шаруашылықтарға көмек ретінде ұсынуда. Сондай-ақ, бүгінгі күндегі педагогика саласындағы маңызды сұрақтарға ғылыми жауап беруге де ғалымдарымыз ат салысуда, мысалы, инклюзивті білім беру, STEM сынды бағыттарда. Соңғы жылдары білім ордамыздың белді ғалымдары Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым Комитетінің гранттық қаржыландыру жобалар конкурсына да белсенді қатысуда.

Атап айтар болсақ, 2020 жылы гранттық қаржыландыру жобаларының жалпы мөлшері 29 миллионды құраса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш сегіз жүз миллион теңгеге жетті. Бұл – университеттегі ғылыми әлеуеттің қарыштап дамып келе жатқандығының, ғылыми нәтижеге қол жеткізіп отырғандығымыздың белгісі. Ғылымның дамуында өз қазанымызда қайнап жата бермей, ғылыми коллаборацияны да жүзеге асыру маңызды. Осы орайда отандық және шетелдік ғылыми зерттеу институттарымен ғылыми интеграция оң нәтиже берді.

Атап айтқанда, инженерлік-технология саласының ғалымдары Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп ет өнімдерін өндіруде, ірі қара және құс еті шикізатын өңдеудің технологияларын әзірлеу жобаларын және жапон ғалымдарымен бірлесіп ауа шаңын зерттеу және биогаз кешенін әзірлеу бойынша ғылыми жобаларды жүзеге асырып жатыр. Қазір университетте ғылым мен өндіріс орындары арасында да тығыз байланыс орнап, серіктестеріміз «Plasma Science» ЖШС бірге постдокторлық бағдарлама шеңберінде бірлескен 2 жоба, Акрредиттеуден өткен зертхана «Эко-САД» ЖШС, өлшеу құрылғыларын өндіретін цех «Спектромарт» ЖШС-мен бірге бірлескен жобалар орындалуда.

Бұл жобалардың нәтижелері еліміздің, соның ішінде Абай облысының әлеуметтік-экономиялық, экологиялық дамуына оң нәтиже берері сөзсіз. Университет қабырғасында қызмет атқарып тұрған төрт ғылыми зерттеу орталығының да еліміздегі ғылымның дамуына қосқан үлесі аз емес. Мәселен, Абай және ұлттық руханият ғылыми зерттеу орталығы қазақтың дарасы, Алаштың данасы Абайдың толық адам концептісін түрлі контексте кешенді зерттеп, насихаттауда 2 ғылыми жоба атқарып жатыр.

Жаңадан тұсауы кесілген «Материал бетін модификациялау» ғылыми зерттеу орталығы университеттің математика, информатика, химия, биология, техникалық физика салаларының жас ғалымдарының басын қосып, салааралық интеграцияда жалпы жиыны 315 миллион теңгені құрайтын ғылыми жобаларды жүзеге асыра бастады.

Университет ұжымының халықаралық ынтымақтастық тәжірибесіне тоқталсаңыз? – Әлемдік білім кеңістігінің жаһандануы университетте халықаралық ынтымақтастықтың аясын кеңейту, ғылыми интеграцияны одан әрі нығайтуға итермелеп отыр. Халықаралық интеграцияның бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында Шәкәрім шаңырағы ұзақ жылдардан бері АҚШ, Польша, Венгрия, Түркия, Ресей, Украина, Корей, Қытай және тағы да басқа мемлекеттердің жетекші жоғары оқу орындары және ғылыми орталықтарымен ортақ ғылыми жобалар, академиялық ұтқырлық, ғылыми тағылымдамалар аясында ғылыми коллаборацияны жүзеге асырып келеді.

Халықаралық ғылыми коллаборацияның айқын нышаны – университетіміз жалпы көлемі 100 мың евродан асатын «GeKaVoC (ГФР жоғары білім беру министрлігі қаржыландыратын жоба)», «ERASMUS+», «KazDual» халықаралық жобаларында шетелдік әріптестермен ортақ жұмыстар атқаруы. Аталған халықаралық жобалардың нәтижелері Шәкәрім шаңырағының академиялық дамуына оң әсерін әкелуде.

Университетімізді интернационалдандыру бойынша 2022-2023 оқу жылында жақын және алыс шетелдердегі ТОР 500 QS WUR жоғары оқу орындарына ынтымақтастық жөнінде ұсыныстар жасап, академиялық ұтқырлықты, ортақ білім беру бағдарламалары мен ортақ ғылыми-зерттеу жобаларды дамытатын ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Оның нақты мысалы ретінде күні кеше ғана Франция елінде ынтымақтастық жөнінде меморандума қол қойған Да Винчи университетін айтуымызға болады.

Біздің білім алушыларымызға қазақстандық және француз университетінің дипломын алуға бірегей мүмкіндік туды. Сондай-ақ, Оңтүстік Кореяның Kyungdong University Global білім ордасымен біраз жылдан бері қосдипломды білім беру жобасын іске асырып келеді. 2022 жылы Түркияның Ататүрк университетімен, мал шарушылығы бағытында танымал Кафкас университетімен және Тайып Режеп Ердоған университетімен байланыс күшейіп, академиялық ұтқырлық бойынша студенттер шет елге шығуда.

Сондай-ақ, шетелдік серіктестеріміз Алтай мемлекеттік университеті (РФ), Новосибирск мемлекеттік университеті (РФ, QS WUR TOP 300), Томск политехникалық университеті (РФ, QS WUR TOP 400), Памуккале университеті (Түркия), Мугла Сытки Кочман универсиеті (Түркия), Анкара Хажы Байрам Вели университеті (Түркия), Быдгощи Экономика университеті (Польша), Лешнодағы Я.А.Коменский атындағы қолданбалы ғылымдар университеті (Польша), Я.Кодолани атындағы қолданбалы ғылымдар университеті (Венгрия) және тағы басқа ғылыми-интеграциялық зерттеулерді дамыту мақсатында коллаборациялық іс-шаралар ақтарылуда.

Жоғары да атап айтқанымдай, Шәкәрім университеті Абай облысының ірі және көпсалалы жоғары оқу орны, осы орайда біздің артар жүгіміз де жеңіл емес екені анық. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай облысына келген сапарында жоғары білім саласына үлкен міндет қойды – беделді шетелдік жоғары оқу орнының филиалын ашу. Аталған міндетті орындауда біз бірқатар университеттермен келіссөздер жүргізіп, қазір Түркия елінің университетімен нақты жұмыстар жасаудамыз.

Соңғы жылдары университеттің инфрақұрылымында түбегейлі өзгерістер жасалып жатқандығын байқауға болады. Осы бағытты дамыту әлі де жоспарларыңызда бар ма? – Былтыр университетте бірқатар оқу ғимараттарына, жатақханалар мен спорт кешендеріне ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Семей өңірінен шыққан белгілі тұлғаларды, тарихи орындарды, атаулы оқиғалар мен серпінді бастамаларды насихаттайтын «Семей рухы» кешенді жобасы аясында елуге жуық мамандандырылған аудиториялар, дәрісханалар мен конференц-залдар ашылды… Жасалып жатқан істер әлеуметтік желіде жарияланып отырады, одан хабардарсыз деп ойлаймын.

Шәкәрім университетінің миссиясы ерекше назар аудартады екен. Ұлттық құндылықтар деген мәселеге баса көңіл бөлінген, оның мәнісі неде? – Иә, университеттің миссиясы – ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген білікті маман ғана емес, сонымен қатар Абай аңсаған толық адам, кемел тұлғаны қалыптастыру. Жалпы біз жас мемлекетпіз. Мемлекеттің иесі – қазақ ұлты. Осы мемлекетте тұратын қандай да ұлт өкілдері қазақ елінің рухани құндылықтарын бойына сіңіріп өсуі қажет.

Сонда ғана мемлекетшіл, өз елінің патриоты қалыптасып шығады. Сондықтан да университеттегі тәрбие, ондағы басты назар аударатын дүние – біздің ұлттық құндылықтарымыз. Біз ұлттық құндылық деген ұғымға не үшін басымдылық беріп отырмыз, себебі қазір ұлттық құндылықтар семіп бара жатыр. Білген адамға қазақтың салт-дәстүрі, бесік жырынан бастап жоқтауына дейінгі аралықтағы қанатты сөзі, тілегі мен батасы, ырым-тыйымдары, тамағы мен сусыны тұнып тұрған тәрбие. Біз соны жаңғыртып жастардың санасына құя беруіміз керек. Сонда ғана елдікті сақтаймыз. Тіл, діл, мәдениет, дін мәселелерінің бәрі осы – ұлттық құндылықтармен өрілуі керек.

Ендігі кезекте доғары оқу орнының әлеуметтік жұмыстары бойынша әңгімелесеңіз? – Бұл арада «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы»,- деген Әл-Фарабидің даналық сөзі өзекті. Тәрбиесіз маман, ол ертеңгі сөзінде тұрмайтын екіжүзді, қанағаты жоқ жемқор болып шықса, міне біз осыдан сақтануымыз керек… Студенттер әлеуметтік жағынан толықтай қорғалған деуге болады. Жатақхана жеткілікті, «Білім беру қызметтеріне ақы төлеу бойынша жеңілдіктер беру және Шәкәрім атындағы білім грантын тағайындау», «Білім алушыларға Шәкәрім шәкіртақысын тағайындау және материалдық көмек көрсету туралы» ережелерге сәйкес ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттерден басқа оқуда озат, шығармашылық, спорттық жетістіктерге жеткен студенттерге халықаралық, республикалық пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар, шығармашылық байқау жеңімпаздарына университет тарапынан көмек көрсетіліп келеді. 

«Шәкәрім парасаттылық ордасы» жобасы аясында да кешенді жұмыс төрт бағытта жүргізілуде. Бірінші, академиялық процесті ұйымдастыру мен қаржыландыруда әділ шешім қабылдау мақсатында алқалы органдарға сүйенеді. Екінші, «Бір терезе» қағидасын ұстану. Үшінші, адалдық принциптерін сақтау. Төртінші, студенттер мен қызметкерлер арасында адалдық мәдениетін қалыптастыру. Бұл тұрғыда студенттер тарапынан «Саналы ұрпақ» клубы нәтижелі жұмыс жасауда.

Университетте студенттердің өзін-өзі басқару ұйымы – студенттік парламент жұмысы жолға қойылған. Студенттік парламент қатарында 16 студенттік ұйымдар мен клубтар жұмыс жасайды. Студент – еліміздің белсенді тұлғасы болғандықтан, оқу үрдісінде тек мамандық бойынша ғана білім алу емес, сондай-ақ қоғамның белсенді мүшесі ретінде қалыптасутыруға мүмкіндіктер жасалуда. Түрлі жобалар арқылы студенттерді әлеуметтендіру, қоғамдық жұмыстарға қатысуға ынталандыру және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру.

Осы ретте университетте қолға алынып жатқан әлеуметтік жобалардың біразын атап өтейін. Өңірден шыққан белгілі тұлғаларды, тарихи орындарды, уақиғалар мен серпінді бастамаларды насихаттайтын «Семей рухы», музей қорын толықтыратын «Жәдігер жерде қалмасын», университетке жомарт жандарды тартатын «Шәкәрім шапағаты», университет ғалымдары еңбектерін жарыққа шығаратын «Шәкәрім кітапханасы сериясы», «Қанатты сөз – қазына» тағылымдық тақталары, «Шәкәрім шырайы» – көрікті кампус жобасы, жемқорлыққа қарсы «Шәкәрім – парасаттылық ордасы», студенттердің түрлі саладағы жетістеріне мониторинг жүргізіп, ынталандыратын «Үздік студент», жоғары курс студенттері төменгі курс студенттеріне жәрдемдесетін «Тәлімгер», студенттердің қоғамдық жұмыстарға қатысуын қамтамасыз етіп, әлеуметтенуіне жағдай жасайтын «Әлеуметтік кредит», қайырымдылыққа негізделген еріктілер ұйымы – «Shakarim volunteers club» мен «Қолдау», «Таза жүрек». Осының бәрі қара шаңырақтың әлеуметтік тағылымдық тынысын кеңейте түсіп, өз жемісін беруде.

Сонымен қатар, бағыт-бағдар беру, яғни, профориентациялық жұмысты атына сай дұрыс жолға қоюды ұмытпаған жөн. Біз көбіне профориентацияны жалаң үгіттеумен (агитациямен) шатастырып аламыз. Ауыл-елді аралап, мектепке барып «біздің университетке келіңдер»,- деп бір жапырақ жарнама қағазды таратудың күні келмеске кетті.. Немесе теледидар мен баспасөзге жарнама беріп қарап жатуға болмайды. Мектеппен жан-жақты жүйелі байланыс, сондай-ақ он бір бітіретін түлекпен ғана емес, мамандық таңдауға сегізінші, тоғызыншы кластан бастап тарту керек.

Бұл жерде мамандық таңдайтын жас өспіріммен ғана емес, ата-ана, мектептегі пән мұғалімдері, класс жетекшісі тағы басқа адамдармен кешенді жұмыс жүргізу қажет десек, сол жұмысты біздің университет жасап та жатыр. Қабылдау комиссиясының алдына келіп тұрып, құжат тапсырарда мамандық таңдауға қиналып тұратын түлектің келбеті – біле-білсеңіз бүкіл мемлекеттің болашағынан хабар беретін қорқынышты дүние. Сондықтан да, мамандық таңдауға, оны жас түлекке таңдатуға бей-жай қарамауымыз керек. Адам баласы жар таңдауда, ұстаз таңдауда және мамандық таңдауда қателеспеуі керек деп ойлаймын…

Жалпы алғанда, оқу орынының беделі білікті кадрлары мен білімді студенттерінде. Осы бағытты күшейту мақсатында 2022 жылы «Шәкәрім керуені» жобасы іске қосылды. Бұл мектеп бітіруші түлектердің мамандық таңдауына бағыт-бағдар беру, университетке жас мамандар мен ғалымдарды тарту мақсатында алыс аудандар мен ауылдарға барып үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында жасалған қарымды жұмыс болды. Бұл жоба келешекте де өз жалғасын тауып, дәстүрлі, игілікті іске айналмақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында нақты міндеттер қойып: «Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек деген еді. Абайтанушы ғалым, Шәкәрім шаңырағының басшысы ретінде сіздің түсінігіңіздегі «Толық адам» қандай? – Абайдың «толық адам» концепциясы, шындап келгенде, мемлекетті басқару, білім-ғылым жүйесі, бизнес пен отбасы институттары болсын, өміріміздің кез-келген саласында Абайша айтқанда «Бүкіл адамзатты бауырым» деп сүйе алатын, «хақтың әділет жолын» ұстана алатын тұлға қалыптастыра алғанымызда ғана жұмыс істей бастайды.

Жастарға Абай ілімін бойтұмар қылып, ұлы ақын салып кеткен сара жолмен  талап, еңбек, қанағат, рақымды бойларына сіңіре алсақ, Толық адамды қалыптастыруға біртабан жақындар едік. Ыстық қайрат – физикалық дамуды, нұрлы ақыл – интеллектуалды дамуды, жылы жүрек – рухани дамуды білдіреді. Ал біз, яғни Шәкәрім шаңырағы жастардың санасына осы құндылықтарды құя білуіміз керек.

Сұхбатыңызға көп рахмет!
Нұрлан МЕРАЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий