ALMAU мен НАРХОЗ бірлескен жобасы: WINTER RESEARCH SCHOOL 2023
Қысқы зерттеу мектебі – бұл оқытушылардың дамуын көздейтін қайталанбас бағдарлама. Ұзақ жылдар бойы өткізіліп келе жатқан бұл шара дәстүрге айналып үлгерді. Жыл сайын Алматы Менеджмент Университеті профессор-оқытушылардың сұранысын анықтай отырып, білікті спикерлердің басын қосып арнайы бағдарлама әзірлейді, – деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Биыл зерттеу қабілеттеріне басымдылық берілді. Нәтижесінде AlmaU мен Нархоз бұл миссияны орындамақ ниетте бірікті. Сөйтіп ғылдыми зерттеу жасау, деректерді өңдеу мен ғылыми жобаларды іске асыру бойынша бағдарлама жасақталды. Бағдарлама қазақстандық университет оқытушылары арасында үлкен қызығушылық тудырды. 8-12 қаңтарда қысқы мектепке 12 жоо-дан 90 оқытушы қатысты. Алматы, Қарағанды, Тараз, Шымкенттен келген оқытушылар 5 күн бойы R, Excel мен Stata-дағы деректерді өңдеу, сапалы журналдарды іріктеу, министрліктің гранттық жобаларына өтінім беру бойынша білім алды.
Қысқы мектептің тағы бір ерекшелігі – теориялық білімді іс жүзінде бірден қолдануға мүмкіндіктің берілуі. Қатысушылар соңғы күні ғылыми зерттеу жобасын дайындап, болашақ мақаланың жобасын әзірледі.