Батыс Қазақстан облысы: Алаш арысын ұлықтау парыз

“Еңбек қылмай білім жоқ”, – дейді Ж.Досмұхамедов. Орал қаласында орналасқан 110 жылдан аса тарихы бар республикаға танымал оқу орны – Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжі облыстық білім басқармасының қолдауымен Жаһанша Досмұхамедовтің 135 жылдығына арналған «Жаһанша Досмұхамедов және Алаш ұлттық идеясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны ұйымдастырды.

Өркениетті ұлт, əуелі тарихымен, мəдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, əлемдік мəдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің төл мəдениеті арқылы ғана басқаға танылады. Əлемде беделді мемлекетке айналған тəуелсіз елімізде елінің саяси дербестігін аңсап, халық ағарту ісінде еңбек еткен Алаш ардақтылары шығармашылығына көңіл бөліп, зиялы қауым өкілдеріне қошемет көрсетуді, олардың ерлік істерін ұлықтауды міндет қылдық.
Олар ұлты үшін аянбай қызмет етті, көздегені – халықтың мүддесі, мақсаты – жастарды ұлттық дүниетаным негізінде оқыту, ана тілін дамыту, осы ретте қазақ даласында оқу орындарын ашу болатын. Алаш арыстарының есімдері, олардың еңбектері, шығармалары жабулы күйінде қалып, тарих, әдебиет беттеріне енбей қалды. Бірақ тарих осы тұлғалардың ел мен жұрт алдындағы ерліктерін өз орындарына қойып, оларға лайықты бағасын беріп отыр. Уақыт алға жылжыған сайын Алаш қайраткерлерінің жарқын бейнесі асқақтай беретіні сөзсіз.

Олардың тар жол, тайғақ кешкен талайлы тағдырларын ұмытпай, мол мұрасын қастерлеу – баршамыздың қасиетті парызымыз болып қала бермек. 1877 жылы Оралда əскери реалдық училище – қазіргі педагогикалық колледж орналасқан ғимаратта өз есігін ашты. Орал əскери реалдық училищесінде білім алған 300 баланың 18-і қазақ балалары болған. 1896-1906 жылдары Оралдағы əскери реалдық училищеде халқымыздың көк байрағы көгімізде желбіреуіне ат салысқан, Күнбатыс Алаш-Орда үкіметінің көшбасшылары: Жаһанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов, Сабыр Сарығожин, ҒұбайдоллаБердиев, Уалитхан Танашев, Ғабдолхакім Бөкейханов, Нұрғали Ипмағамбетов сынды қазақ азаматтары білім алды.
Алаш қайраткерлерінің іс-əрекеті Семей мен Орал өлкелерінде барынша көрініс тапқаны белгілі. Солардың ішінде Жаһанша Досмұхамедұлының тұлғасы айрықша көрнекті. Алаш арысы, Күнбатыс Алашорда төрағасы, қазақтан шыққан тұңғыш заңгер Жаһанша Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледж жыл сайын дəстүрлі түрде халыққа өткенді жаңғыртып, туған елдің тарихын зерделеп, келер ұрпаққа насихаттауды назарынан тыс қалдырған емес.

Бір ғана Жаһаншаның атқарған істері мен қалдырған мол мұрасы, елі үшін атқарған игі істері арқылы келер ұрпаққа қаншама тəлім-тəрбие, отансүйгіштік қасиет қалыптастыра аламыз. Колледжде өткізілген əр шарада тарихи құндылықтар, тарихи тұлғалардың қоғамдық-саяси қызметтері, Жаһанша Досмұхамедовтың жəне басқа да Алаш арыстарының ел игілігі үшін атқарған ұшан-теңіз қызметі жан-жақты баяндалады. Конференция колледж жанында орналасқан Жаһанша Досмұхамедов ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды.
Конференцияға Жаһанша Досмұхамедовтың ұрпақтары Қуаншалиев Қуандық Бисенғалиұлы, Даулетова Маржангүл Қыдырқызы, Нұғманов Қуаныш Ғинаятұлы, Бисенғалиұлы Бауыржан, Қуаншалиева Гүлнара Бисенғалиқызы қатысты. Дәстүрлі «Жаһанша оқулары» аясында Жаһанша Досмұхамедовтің 135 жылдығына арналған «Жаһанша Досмұхамедов және Алаш ұлттық идеясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның мақсаты – қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күрестеріне жол бастаған «Алаш» идеясы тарихы мен сол бағытқа өмірін арнаған Алаш қайраткері, Күнбатыс Алашорда үкіметінің төрағасы Жаһанша Досмұхамедовтың өмірі, қоғамдық-саяси қызметі туралы зерттеулермен танысу, пікір алмасу, жастардың ғылыми-зерттеушілік, танымдық қызығушылығын арттыру.

Елдің еркіндігі жолында құрбан болған асыл ерлердің ерен ерлігі мен еңбегін насихаттай отырып, ұлт болып ұйысу жолындағы ұстанымымен жас ұрпақты жақынырақ таныстыру. Конференцияға офлайн және онлайн форматта 120-дан астам адам қатысып, пленарлық отырыста 10 баяндама тыңдалды. Спикерлер Жаһанша Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессоры, Алаштанушы, Сырым ауданының құрметті азаматы Сүлейменова Дәметкен Досмұханқызы, филология ғылымының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің доценті Мектеп Аманқос Құлтанұлы шақырылған болатын.
Шараға Қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тұрсын Хазіретәлі Маханұлы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, шығыстану мамандығының 1-курс магистранты, Гуманитарлық ғылымдар магистрі Шайқығали Талғат Алпысұлы, Ресей, Коломна қаласынан тарих ғылымдарының докторы, тарих, менеджмент және сервис факультетінің патриоттық және жалпы тарих, муниципалды басқару кафедрасының профессоры Ковалев Дмитрий Владимирович, Анкара университеті, Түркия елінен тарих ғылымдарының кандидаты Пириева Севиль Караман келді.

Басқосуға сонымен қатар Татарстан республикасы, Ғ.Тоқай атындағы Арск педагогикалық колледжі директоры Гарипова Гульнара Фидаилевна – БҚАТУ тарих ғылымдарының кандидаты Хайдаров Есқайрат Ерболатұлы, М.Өтемісов атындағы БҚУ-нің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Боранбаева Бақтылы Сансызбайқызы, БҚО, Сырым ауданынан музей меңгерушісі Ойшыбаева Айнагүл Мағауияқызы және қашықтан республикадағы колледж оқытушылары мен Орал қаласының жалпы білім беретін орта мектептерінің мұғалімдері қатысты.
Конференция барысында жарыссөзге тарихшы, өлкетанушы Жайсаң Ақбай, БҚО ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, академик Құрманалина Шалқыма Хайроллақызы, ақын, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, халықаралық «Алаш», «Руми» сыйлықтарының, «Құрмет» орденінің иегері Бақтыгереева Ақұштап Бақтыгерейқызы, тарих ғылымдарының докторы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессоры ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, Парасат орденінің иегері Рысбеков Тұяқбай Зейітұлы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, қалалық мәслихат депутаты Бахишева Светлана Мендыгалиевна қатысып, өз пікірлерін білдірді.

Шара соңында аудан әкімдері мен кәсіпкерлерінің, колледж оқытушылары мен түлектерінің көмегімен «Жаһанша Досмұхамедов атындағы атаулы стипендия» тағайындалып, колледждің оқуда озат, қоғамдық жұмыстарда белсенді жастарына табысталды. Жаһанша Досмұхамедовтың ұрпақтары да атаулы шәкіртақыға демеушілік көрсетті. Конференцияның екінші бөлімі колледжден «Жаһанша Досмұхамедов» атындағы атаулы кабинеттің ашылу салтанатымен жалғасты.
Келген қонақтар мен Жаһанша Досмұхамедовтың ұрпақтары сөз сөйлеп, жастарға патриоттық тәрбие беруде дәрісхананың маңыздылығын атап өтті. Дәрісхананың ішкі мазмұнын колледж түлегі, оқытушы Ж.Хамза таныстырып, студенттер тарих пәнінің оқытушысы А.Б.Журекенова жасақтаған электронды медиатека арқылы Ж.Досмұхамедовтың өмірі мен қызметінен деректерді хабарлады.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияның секция отырыстары онлайн, офлайн форматта болып, Жаһанша Досмұхамедов мұрасы-ұлт қазынасы, II.Саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу мәселесі, III. Ұлттық тарихқа жаңаша көзқарас: рухани білімнің жаңғыруы, IV. Жаңа Қазақстан: Рухани жаңғыру жолындағы жастар тәрбиесі бағыттарында өрбіді. Конференцияның аясында қарастырылған мәселелердің өзектілігін алыс-жақын шет елдерден келген қатысушылар айқындады. Олар ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының көрнекті өкілі, «Алаш» саяси партиясын құруды ұйымдастырушылардың бірі, саналы ғұмырын қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресіне арнаған Жаһанша Досмұхамедовтың қызметін зерттеуге қатысты өзекті теориялық және тәжірибелік мәселелерді қарастырды.
Қатысушылар Жаһанша Досмұхамедов мұрасын зерттеу және зерделеу мәселесін жүзеге асыру тәжірибесімен бөлісіп, жаппай саяси қуғын-сүргін тарихының мәселелерін аша отырып, заманауи шындықтағы руханияттың жаңғыруы туралы өз көзқарастарын ортаға салды. Конференция нәтижесінде облыстың барлық оқу орындарында, жалпы білім беретін мектептерде Жаһанша Досмұхамедов мұрасын зерттеу және кеңінен насихаттап, тарату, Жаһанша Досмұхамедовке арналған сүбелі ескерткішті облыс орталығында орнату, колледжде ашылған «Жаһанша Досмұхамедов дәрісханасы» зерттеу жұмыстарында Батыс Алаш Орда тарихын кеңінен зерттеп, насихаттау, Орал қаласының жаңа ықшам ауданында Алаш қайраткерлеріне арналған демалыс бағын ашу, «Жаһанша жолымен» атты тарихи-танымдық экспедициялық жоба өз жалғасын тауып, зерттеу жұмыстарын жүйелі жүргізу қарарын қабылдады.

Өзінің концептуалдық деңгейі және саяси маңызы бойынша Алаш партиясының қызметі өз заманының рухына жауап беріп қана қоймай, сондай-ақ белгілі бір шамада Қазақстанның дүркіреген Тәуелсіздігінің идеялық көзі болып табылады. Қадамын анық басып, «Мəңгілік Елдің» іргесін қалаған Қазақстанның болашағы баянды болатыны сөзсіз. Еліміз шырқау биікке бет түзеген сайын өткеннен сабақ алып, тарихтың тақсыретті беттерін ешқашан ұмытпайтын боламыз. Тарихи жадымызда жатталған сол замандағы қиын кезеңдердің табы біздің бірлігімізді одан əрі бекемдеп, халықтың жадында мəңгілікке сақталатын болады.

Алтынгүл Жаксыгуловна КАЙРЛИЕВА,
Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық
колледждің директоры, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы